Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев елдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, туған жердің мерейін өсірген азаматтардың жарқын бейнесі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков теріскейден түлеп ұшқан қос тұлғаның өмір жолына тоқталып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған өнегелі істері кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Қайрат Беркінбаевтың жары Ләйлә Сұлтанқызы, туған-туыстары естеліктерімен бөлісті. Қос азаматтың адамгершілік болмысы мен елге сіңірген еңбектерін тебірене әңгімеледі.
Елімізде курорт ісінің дамуына зор үлес қосқан, ірі сауықтыру мекемелерінде басшылық етіп, өзін дарынды ұйымдастырушы ретінде танытқан Қайрат Шерәліұлы 1965 жылы Созақ ауданында дүниеге келген. 2007 жылдан 2011 жылға дейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болды. 2011 жылдан бастап Президенттің Іс басқармасы жүйесінде қызмет етті. Қоғам қайраткері Қайрат Беркінбаев көптеген әлеуметтік жобаның бастамашысы болды.
Еске алу іс-шарасында Созақ ауданы тұрғындары Қайрат Шерәліұлын туған жеріне еңбегі көп сіңген азамат ретінде де жақсы танитындарын айтып, ізгі істерін, өнеге етер асыл қасиеттерін еске алды. Қызылкөл елді мекенінде сегізінші сыныпты бітірген Шерәлінің ұлы Қайрат спортты ұнатқан. Сегізінші сыныптан кейін отбасы Алматыға көшеді. Спортқа бейімдеу болғандықтан, денешынықтыру пәнін жақсы көретін Қайрат институтта оқып жүргенде күреспен айналысты. Бертініректе республикалық Фристайл федерациясының президенті болды. Сондай-ақ ауылдастары Қайрат Шерәліұлының депутат болмай тұрып-ақ меценаттық шараларды жасағанын, мектеп, балабақша, жол салғанын еске алды.
Туған жеріне, ағайын-туыс ортасына 2000 жылдары оралған ол қалталы азаматтардың ауылға мешіт салып бергеніне қызыға қараған. Мешіт салғысы келген. Бірақ ақсақалдармен, әкімдермен әңгімелесіп, ауылдың жағдайына қаныққаннан кейін, шешілмей жатқан басқа да әлеуметтік мәселелерге қолғабыс ету қажет деп есептейді. Сөйтіп, мектеп құрылысын қолға алады.
Ауылға мектеп салып жатқанынан хабардар болған Қайрат Шерәліұлының жолдастары алғашқыда таңғалыпты. «Ол қандай табыс әкеледі, одан да оны ақылы түрде жұмыс істетуге болатын Алматыдан неге салмайсыз?» дегендер де табылыпты. Мектепті ауылға тегін салып беріп, одан ешқандай пайда көруді мақсат тұтып отырмағанын айтқанда көпшілігі таңдана қараған. Ауылға осындай жақсылық жасағаннан кейін де депутаттыққа түсу ойы болмаған Қайрат Шерәліұлына ауыл ақсақалдары кеңес береді. Егер депутат болса, қолы ұзарып, яғни бюджеттен тағы осындай екі-үш мектеп салуға қаражат сұрай алатынын айтушылар да болған. Ақсақалдардың кеңесінен соң, облыстық мәслихат депутаттығына бақ сынайды. Жерлестерінің қолдауының нәтижесінде сайлауда жеңіске жетеді.
Ауыл тұрғындары Қайрат Шерәліұлының депутат ретінде бірқатар өзекті мәселенің шешімін табуына ықпал еткен. Мысалы, Қызылкөлге су құбырын тартуға 170 млн теңге қаржы бөлінді. «Ащысай – Шолаққорған – Кентау» тас жолы салынды. Осы тас жолмен созақтықтардың Түркістанға аз уақытта жетіп баруына мүмкіндік жасалды. Ол жолдың салынуына, яғни қаржы бөлуге ықпал етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындары Қайраттың көмекке мұқтаж қарияларға, асыраушысы жоқ отбасыларға, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балдырғандарға жәрдемдескенін ұмытқан емес. Қызылкөл елді мекенінде М.Әуезов атындағы мектептің жаңа ғимаратын салдырып, «Қайрат» бөбекжай-балабақшасын салуға демеушілік жасады. Жалпы, аудан тұрғындары бұл күні азаматтың ауылға жасаған игі істерін еске алып, елге сіңірген еңбегі де ерен екендігін айтып, жастарға үлгі тұтты.
Сонымен қатар еске алу іс-шарасында Тайыр Шерәлиевтің еңбек жолы, ерлігі әңгімеленді. МКҚБ-да взвод командирі болып бастаған ол 2007 жылдың қыркүйегінен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі болып қызмет еткен. 2009 жылдың шілде айында ауыр қылмыс жасап, іздеуде жүрген қылмыскерді құрықтауға жедел уәкіл топтың жасағымен Алматы қаласына қызметтік іссапарға аттанады. Дәл осы жолы, қылмыскерді ұстау барысында, полиция аға лейтенанты ерлікпен қаза тапты. Қылмыскерді ұстау кезінде Тайыр Шерәлиев ауыр жарақат алып, есін жимаған күйі Алматыдағы ауруханада көз жұмды.
Осындай асыл азаматтарды еске алуға арналған «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнирге әр өңірден келген 9 команда қатысып, спортшылар саламатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетті. Турнир аясында Қайрат Беркінбаевтың туған жерге тартуы болған «Қайрат» бөбекжай-балабақшасында танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, қонақтар Қызылкөл ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының жұмысымен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қос асылдың ізі» турнирі – тек спорттық бәсеке емес, ерлік пен азаматтықтың мәнін ұғындыратын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды іс-шара болды.
Түркістан облысы