Қоғам • 10 Қаңтар, 2023

McDonald’s Қазақстаннан неге кетті?

359 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы бірнеше күнде McDonald’s-тің Қазақстан нарығынан кетуі қоғамда көп талқыланды. Әлбетте, жейтін ауызға дәмді бургер қашанда табылады ғой. Бірақ McDonald’s секілді әлемдік брендтің біздің нарықтан жылыстауы шетел инвестициясына иек артып отырған еліміздің беделіне нұқсан келтірері анық. Дегенмен аталған жағдайға қатысты құзырлы мекемелердің де айтар уәжі бар екен.

McDonald’s Қазақстаннан неге кетті?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақстанда McDonald’s мейрамханалар желісінің франшизасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі екені белгілі. Алайда аталған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір ол қамауда отыр. Дегенмен әлемдік брендтің біздің елден кетуіне бұл емес, басқа жағдай себеп болыпты. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, McDonald’s корпорациясы котлетке қажетті етті жеткізуде қиындықтарға тап болған. Сол себепті елден кетуді жөн көріпті. 

McDonald’s өткен жылы санкциялар құрсауында қалған Ресейден кеткен еді. Ал Қазақстандағы мейрамханалар желісіне қажетті ет дәл осы Ресейден жеткізіледі екен. Осылайша, корпорация жергілікті франшизаға ресейлік кәсіпорындардан ет алуға тыйым салыпты. Bloomberg-тің жазуынша, Қазақстан бизнесі котлетке арналған етті жергілікті немесе еуропалық жеткізушілерден сатып ала алмайды. Өйткені қазақтың дарқан даласында тауарларды тасымалдауға кететін шығындар мен бағаның жоғарылығы бизнес жүргізуге тиімсіз екен. Бұл ретте McDonald’s өкілдері қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан.

Сөздің шыны керек, McDonald’s-тің тағдырына Қай­рат Боранбаевтың ұсталғаны да кері әсер етіп тұрғаны анық. Өй­т­кені былтыр дәл осы кәсіп­кер­дің иелігіндегі Беларусь фран­шизасы да ет жеткізудегі қиын­дық­тарға байланысты лицензия­сынан айырылған болатын.

McDonald’s мейрамханалар желісі біз­дің елде 2016 жылдан бастап жұмыс істегенін еске сала кетейік. Қазақстан бойынша McDonald’s-тің 24 мейрамханасы болған еді.

Әлемдік брендтің Қазақстаннан кетуі біздің елдің инвестициялық климатына кері әсер ететінін жоға­рыда айттық. Десе де котлетке қажетті етті отандық кәсіп­орын­дардың тауып бере алмауы тағы да ақылға сыймайды. Ағыл-тегіл еттің үстінде отырып алақандай котлетке ет тауып бере алмау ауыл шаруашылығына ден қойған ел үшін үлкен сын.

– McDonald’s – халықаралық компания. Сондықтан бірінші ке­зекте өнімнің сапасы мен қауіп­сіздігіне назар аударады. Оның бургері АҚШ-та да, Азияда да, Қа­зақстанда да бірдей болуы керек. Сол себепті тек мұқият тексеруден өткен кәсіпорындар ғана бургер котлетін жеткізе алады. Ресейде бұл міндетті италиялық компания атқарды. Оның жартылай фабрикаттар цехы Мәскеу облысында, ет комбинаты Орынборда орналасқан. Мұндай кәсіпорындардың құры­лысына жүздеген миллион доллар жұмсалады. Инвесторлар мұндай нысандарды салу туралы шешім қабылдағанда Ресей нарығының көлемін ескергені даусыз. Ресейдегі италиялық Cremonini компаниясы Еуроодақта сиыр етін өндіретін үздік үш компанияның қатарына кіреді. Міне, қандай талап қойылатынын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Бұған Қазақстандағы ет комбинаттары мен цехтардың шамасы келмейді. Ол үшін қажетті жабдықтарға қыруар қаражат салу керек. Сонымен қатар бас компанияның аудиттерінен өту керек, тиісті сертификаттарды алу қажет. Қысқасы, өнім фермадан сауда нүктесіне түскенге дейін қатаң бақылау жүргізіледі. Аудиторлар кез келген уақытта хабарласып, кез келген партия бойын­ша барлық ақпаратты сұратуы мүмкін. Бір қарағанда оңай секілді. Бірақ айтуға ғана оңай, – дейді Қазақстан ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев.

1

Оның айтуынша, Cremonini/Иналка компаниясы Қазақстанда ет комбинатын ашуды жос­пар­лаға­нын еске салды. Бұл 2020 жы­лы Алматы облысында ашылуы керек еді. Құны 100 млн еуро болатын жоба аясындағы жұ­мыс 2015 жылы басталған. Елі­міздің Ауыл шаруашылығы министр­лігі 2016 жылдың басында тиісті меморандумға қол қойған. Алайда кейін министр ауысып кеткендіктен, саладағы мем­лекеттік саясаттың бағыты да өзгеріп сала берген. Соған қара­мастан 2018 жылдың мамыр айына қарай ұйымдастыру мәселелері ойдағыдай шешіліп, Алматы облысында ет комбинатының капсула салу рәсімі өтті. Оның өнімін жедел тамақтану желісіне пайдалану және көрші елдерге экспортқа жөнелту жоспарланған болатын. Бірақ тағы да министр ауысып, саладағы мемлекеттік саясаттың бағыты өзгерген. Сол себепті инвестор да елден кетуді жөн көрген.

– McDonald’s бетпе-бет келген мәселені шешу үшін басқа фабрикалардан котлет жеткізілімдерін қолға алуға болатын еді. Сонымен қатар шикізаттың өзіндік құнын төмендету үшін барлық оқыту және аудит, сертификаттау рәсімдерінен өткен, жабдықты жаңартуға (шамамен 2 млн доллар) тиісті сертификаты бар жергілікті ең мықты деген ет комбинаттарының бірін қаржыландыруға болады. Бұл көп дегенде 6 айға созылатын еді және ресейлік шикізатпен салыс­тырғанда бағаны үнемдеу есебінен Қазақстандағы McDonald’s франшизасы 6 айдағы шығындарын және жабдыққа салынған инвес­тицияларды шығарып алатын еді. Бұдан шығатын қорытынды – ин­весторлар тек тұрақтылықты қалай­ды. Менің ақпаратым бойын­ша, Cremonini мен Иналка Қазақстанда ет комбинатының құрылысын қа­растыруға дайын. Бірақ ең жо­ғары деңгейдегі шарттар бойынша кепілдік алғысы келеді. Жеті жыл­дық цикл оларға мүмкіндік бере­ді деп үміттенемін, – дейді М.Бақ­тыбаев.

Көп кешікпей Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Қазақстан аумағындағы McDonald’s мейрамханалар желісінің жабылуына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның жазуынша, McDonald’s мейрамханалар желісі ресейлік ет өнімдері және жартылай фабрикаттармен қамтамасыз етілді, онда компанияның ірі тарату орталықтары болды. Бірақ McDonald’s-тің Ресейден кетуіне байланысты шикізатты жеткізуде мәселе туындаған.

«Шетелдік компанияның өкіл­дері келешекте қазақстандық өнімге көшуге дайын болған. Алай­да отандық өндірушілердің ком­панияның жоғары стандарттарын енгізуі белгілі бір уақытты алды. McDonald’s өкілдерінің өті­ніші бойынша, жергілікті шикі­затқа көшкенге дейін Ауыл шаруа­шылығы министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар ел аума­ғындағы мейрамханалар желісінің жабылуына жол бермеу үшін үшінші елдерден өнім жеткізу рәсімдерін жеделдетуге және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын болды, сондай-ақ қазір де дайын. Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald’s талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады және 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда McDonald’s-тің жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ», делінген министр­ліктің хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттау­дан өту керек. Бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді: мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ.

«Сондай-ақ Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отырғанын хабарлаймыз. Соңғы деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлық түрі бойынша 1,06 млн тонна ет өндірілді, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 0,4 пайызға өсті. Жылқы етінің өндірісі ең үлкен өсімді көрсетті – 4,3 пайыз, сонымен қатар құс еті 3,1 пайыз болды. Агроөнеркәсіпке инвестициялар тарту – елдің басым міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 3,6 млрд доллар болатын 38 жоба іске асырылып, кейбірі пысықталып жатыр. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында ет өндіру және өңдеу, өсімдік шаруашылығында қарқынды бақтар, модульдік жылыжай кешендері, томат пастасын өндіру және тағы басқа жобалар бар», деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл ретте ведомство Қазақ­станда Kazbeef компаниясы сияқты табысты инвестициялық кейстер барын еске салды. Ол жемшөп өндіруден және өнімділігі жоғары ірі қара малды өсіруден бастап ет өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклды жолға қойды.

«Beef Export Group» ЖШС 2021 жылы Қостанай облысында ре­сейлік капитал салымдарының қатысуымен қуаты тәулігіне 1 500 бас ірі қара малдың етін өңдей­тін комбинат салу жобасын іске асырды. Түркістан облысында «Қарқын-2030» ЖШС қуаттылығы 9,1 мың тонна шұжық өнімдерін өндіру бойынша жобаны іске асырды. Алматы облысында «Прима Құс» ЖШС бройлер етін өндіру кешені бар. Жамбыл облысында құны 25,6 млрд теңге болатын «Алель Агро» АҚ құс фабрикасының қуаты 10 мың тоннаға кеңейтілді. Сонымен қатар мал шаруашылығы саласында Шығыс Қазақстан облысында құны 12 млн долларды құрайтын Cedar Meats компаниясымен бірлесіп ет өңдеу зауытын салу, Жетісу облысында жоба құны 29 млн доллар болатын немістің Bauman компаниясының капитал салымдарының қатысуымен ет өңдеу зауыты құрылысының жобасы пысықталып жатыр. Қарағанды облысында құны 53 млн долларды құрайтын қой шаруашылығын дамыту бойынша мегаферма пайда болады. Алматы облысында экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы кешені құрылады», делінген министрліктің хабарламасында.