Өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 101,4 пайызға жетті. Бұл өсім өңдеу (4,2 пайыз), металлургия (3,9 пайыз), машина жасау (8,9 пайыз) жеңіл өнеркәсіп (6,9 пайыз), сондай-ақ түсті металл кендерін өндіру саласындағы (5,9 пайыз) өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен байқалып отыр. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіш 0,9 пайызға төмендеген.
Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптегі цифрлы технологияларды енгізуге байланысты ынталандырудың тың тетіктерін енгізіп, бұл өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізуге тиіс.
Өнеркәсіпке мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына сәйкес шығындарды өтеу Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге және автоматтандырылған басқару жүйелерін әзірлеуге немесе қолданысқа енгізуге (оның ішінде лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға) беріледі. Қазір 6 өнеркәсіптік кәсіпорын IT-шешімдерге жұмсалған шығындардың орнын толтыра алды.
Сонымен қатар министрлік сатып алынатын жабдық құнының 50 пайызы (750 млн теңгеден аспайтын) мөлшеріне дейін технологиялық жабдықты жаңғыртуға арналған өнеркәсіптік грантты ұсыну арқылы өндіріс орындарын қолдауды жалғастырып келеді. Биыл республикалық бюджеттен аталған грантты ұсынуға 1,6 млрд теңге қарастырылған.
Бұған қоса Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіпті қолдаудың қосымша шаралары ретінде 2023 жылда бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде Халықаралық тау-кен металлургия конгресі форумы мен шетелдік делегаттардың қатысуымен Қазақстанның машина жасаушыларының XI форумын өткізу бар.
Astana Mining & Metallurgy тау-кен индустриясындағы ауқымды іс-шаралардың бірі саналады. Оның диалог алаңында B2B және G2B форматында жер қойнауын игерумен айналысатын ірі компаниялар мен Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының өкілдері кездесіп, салалық көрме, нетуоркинг және «Алтын Гефест» салалық байқауы өткізіледі. Жыл сайын ұйымдастырылатын Astana Mining & Metallurgy конгресі салааралық инвестициялық байланысты кеңейтуге, жаңа келісімшарттар жасауға және заманауи сын-қатерлерге бірлескен шешімдерді әзірлеуге әсерін тигізіп отыр.
Ал Қазақстан машина жасаушылар форумының маңыздылығы сол, мұнда автокөлік өндірісінен бөлек, еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы қалыптастырылып, салалық кәсіпорындарды арзан бағадағы шикізатпен қамтамасыз етудің және жергілікті қамтуды дамытудың жаңа тетіктері қарастырылып келеді. Бұдан басқа биыл қазақстандық кәсіпорындардың еліміздің аумағы мен Ресей Федерациясы және Өзбекстанда өткізілетін «ИННОПРОМ» көрмесі аясындағы түрлі ауқымды іс-шараларға қатысуы жоспарланған.