Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Еліміздегі көппартиялық жүйенің белгілері 90-жылдардың аяғында байқалды. 1991 жылы 27 маусымда «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң қабылданғанда осы саланың құқықтық негізін салуда маңызды қадам жасалды. Бұл кеңес одағы күйреп, Конституцияда бекітілген бірпартиялық жүйе жойылған кезеңнің тұсы еді. Дәл сол кезде көппартиялық жүйе заңды тұрғыда бекітіліп, демократиялық принциптерді басшылыққа алған жаңа саяси ұйымдар құрылды. Осылайша, қоғам өмірі жылдам қарқынмен саясаттандырылды. Алайда сол ұйымдардың бәрінде дерлік саяси-идеялық тұғыры әлсіз болғандықтан, олар нақты бір жетекшінің ықпалынан шыға алмай, көпшіліктің қолдауына ие болған жоқ. Оның үстіне, Абайдың «Болды да партия, ел іші бүлінді» деген заманынан кейін қазақ қоғамында көппартиялық жүйенің тәжірибесі мүлде болмағаны рас.
Бүгінде елімізде көппартиялық жүйенің аса күрделі, қарама-қайшылыққа толы қалыптасу процесі жүріп жатыр. Тәуелсіздіктен кейін қабылданған «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996 жылы) және «Саяси партиялар туралы» (2002 жылы) заңдар партиялардың іс-әрекетін құқықтық жағынан реттеуді қамтамасыз етіп келеді. Қоғамның даму деңгейінің ерекшеліктеріне сәйкес бұл заңдар, тиісті түзетулер енгізілу арқылы жетілдіріліп отырды. Осы уақыт ішінде елдегі партиялық құрылысты дамытуда бірқатар тәжірибе де жинақталды. Саяси партиялар азаматтық қоғамды, әлеуметтік әділдікті, құқықтық мемлекетті орнықтыру мен одан әрі дамытуда бірқатар ауқымды қызмет атқарып келеді.
Әйтсе де партиялардың өзара бәсекеге қабілетінің төмен болуына байланысты бір ғана партия басымдыққа ие болып отырған жағдайда, олардың билікке қол жеткізудегі сылбыр әрекетінен шынайы саяси күрес байқалмай отыр. Шындап келгенде, Президент ұсынған саяси бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асыру үшін салмақты әлеуметтік топтарды ұйыстырып, олардың қолдауына ие бола алатын және бәсекеге қауқарлы партиялардың қажеттілігі айқын сезілуде.
Еліміздегі партиялық құрылыстың даму нәтижелері көпшілік тарапынан оң көзқарасқа ие болмағаны жасырын емес. Түрлі деңгейдегі саясаткерлер мен саяси сарапшылар көппартиялы жүйенің қалыптасуындағы объективті қиындықтардың себептерінің қатарына: азаматтық қоғамның саяси белсенділігінің төмендігін, саяси қайраткерлердің тапшылығын, партиялардың көпшілік жаппай қолдайтын жалпыұлттық идея ретінде танылатын ұстанымдарының әлсіздігін, бағдарламалардағы құндылықтар жүйесінің бір-бірінен айнымайтындығын, аймақтардағы рөлінің қанағаттанғысыз жағдайын жатқызады. Саяси партиялардың қызметіне қалың көпшіліктің көңілі толмай отырғанының басты себебі ретінде, билікте орын алған суперпрезиденттік сипат пен партия құрылысындағы мемлекеттің үстемдігі, сондай-ақ ірі меншік иелерінің жоғарғы билік пен үлкен саясаттағы шешуші ықпалға ие болғаны басты назарға алынған.
Мұндай жағдайда партия құрылысына байланысты қоғамдық қатынастарды құқықтық жағынан реттейтін заңнаманы демократиялық және құқықтық стандарттарға сәйкес жан-жақты жетілдіру қажеттігі анық. Ал бұл процесс демократиялық, идеологиялық, саяси әралуандық, көппартиялық сияқты конституциялық принциптерге негізделіп, мемлекет пен саяси партиялар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының саяси құқықтарын қамтамасыз етудегі билік пен партиялардың тиімді ынтымақтастыққа негізделген жұмысына тікелей байланысты. Түптеп келгенде, бұл – жұмыс мемлекеттегі әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаның басты мақсатына қол жеткізудің маңызды бағыты.
Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында Жаңа Қазақстан құру ісін адал әрі еркін саяси бәсекені қамтамасыз етуден бастау алатынымен байланыстырып, партиялық жүйені дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл ұсыныс көпшіліктің мүддесін барынша қамтуды, демократияны тереңдету мен халық өкілеттігінің сапасын арттыруды және азаматтардың билікке деген сенімін нығайту мақсатынан туындағаны анық.
Осы мақсатта «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген түзетулерді елдегі көппартиялы жүйені жетілдірудің келесі кезеңінің құқықтық негізін қалыптастырудағы алғашқы қадам ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені Қ.Тоқаев 2019 жылғы сайлаудан кейін халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып, жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз», деп өзінің пайымды ұстанымын білдірді.
Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу ресімдерінің айтарлықтай жеңілдетілуі партиялық құрылыстың дамуын едәуір жандандырып, жаңа партиялардың пайда болуына мол мүмкіндіктер ашады. Партиялар халықты саясатқа жұмылдырудың тиімді құралы екенін және халықтық сипат алған сайын билікті демократияландыруда саясаттың ықпалы күшейе түсетінін ескеретін болсақ, жаңадан құрылған партиялар әр алуан саяси көзқарастардың ашық пікірталасын камтамасыз етуге, сонымен қатар оппозициялық көзқарастағы жекелеген тұлғалардың басын біріктіріп, қоғам мүшелерінің саясаттағы ықпалын арттыруға және өзара бәсекелестікті нығайтуға тың серпін береді.
Дегенмен саяси партиялардың мемлекеттік тіркеуге қажетті мүшелері санының айтарлықтай қысқартылуы «ергежейлі» партиялардың пайда болуына ыңғайлы ахуал тудыруы мүмкін екені де назардан тыс қалмауы керек. Ал мұндай партиялардың көлеңкелі жақтары да жоқ емес. Олар саяси күштерді бытыратып сайлаушылардың екіұдай күйге түсуіне, аты бар, заты жоқ саяси ұйымдардың пайда болуына, тіпті бұқараның ымыраға келмейтін жіктерге бөлініп, жалпыұлттық мүдде көлеңкеде қалуына әкеп соғуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдай алыс-жақын шет елдердің партиялық жүйесінің тәжірибесінде, ал оның кейбір белгілері еліміздегі партия құрылысы тәжірибесінде де орын алғаны белгілі.
Әлбетте, билікке қол жеткізу үшін күресетін партиялар мүшелерінің саны жағынан да айтарлықтай салмақты болуы маңызды. Өйткені олар – әлеуметтік базасы. Халықтың басым көпшілігінің мақсат-мүддесін көздейтін іргелі саяси партиялардың қалыптасуы қоғам мүшелерінің оларды жаппай қолдауының басты көрсеткіші екенінде сөз жоқ. Азшылықтың көпшіліктің еркіне бағынуы – демократиялық қоғамның ең әділ принципі.
Жоғары биліктің ауысуы және қаңтар оқиғасы елдегі саяси белсенділіктің дүмпуіне ықпал еткені рас. Әлі де болса саяси күштер анық айқындалмай, бәсекеге қабілетті партиялар толық қалыптасып, кемеліне келе алмай жатқан дәл қазіргі тұста партияларды мемлекеттік тіркеудің жеңілдету көппартиялы жүйені ілгерілетудің ең тиімді тетігі болып саналады.
Әлемнің түрлі мемлекеттерінде саяси партияларды тіркеуге қажетті мүшелерінің саны әрбір кезеңде 10 мыңнан 65 мыңға дейін болған. Оның ішінде, жуық араға дейін еліміздегі 20 мың адамды құраған партияларды тіркеуге қажетті мүшелерінің саны санаулы мемлекеттердің ішіндегі жоғарғы көрсеткіштердің қатарында болды. Бұл біздің елдегі енді қалыптасып келе жатқан көппартиялық жүйе үшін 200 жылдан астам тарихы бар партиялық жүйе орныққан мемлекеттермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш.
Әрине, көппартиялық жүйені дамыту бойынша қолайлы жағдай туғызудағы заңнаманы жетілдірудің ең басты мәселесі саяси партиялар мүшелерінің мемлекеттік тіркеуге қажетті санын қысқартумен ғана шектеледі десек қателесеміз. Болашақта олардың құқықтық жағдайының, мұндай жасанды шектеулерге қарағанда, қоғамда алатын орнына, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен бұқараны ұйымтырудағы белсенді әрекетіне және билікке қол жеткізудегі еркін бәсекелестік қабілетіне сәйкес анықталуы қажет.
Жалпы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, партиялық құрылыстың барлық мемлекеттерге бірдей әмбебап жүйесі жоқ. Әлемнің көптеген мемлекетінде олардың тарихи дамуы мен ұлттық ерекшеліктеріне, қазіргі заманғы саяси әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес, бірпартиялы, екіпартиялы және көппартиялы жүйелер нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жүйелердің қайсысының болса да өзінің басым жақтары мен кемшін тұстары бар. Тіпті кейбір мемлекеттерде саяси партиялардың іс-әрекетін реттеуге арналған заңдар да жоқ, олардың іс-әрекеті азаматтық және сайлау заңнамаларының шеңберінде реттеле береді. Ал саяси партияларды мемлекеттік тіркеу ресімі құқықтық жүйелердің бәрінде бірдей қарастырылмаған.
Құқықтық мемлекеттегі қоғамдық қатынастарды реттеудің негізгі құралы болып табылатын заңның ең басты ерекшелігі, қоғам дамуының тиісті кезеңіндегі қалыптасқан саяси, экономикалық және әлеуметтік ахуалдың тынысын дөп басып, қалың бұқараның талабына сәйкес оларды реттеудің құқықтық тетіктерін дер кезінде жетілдіріп отыру. Ең бастысы – заман ағымына сай азаматтардың құқықтарының сақталуының мемлекеттік кепілдігі толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Еліміздің партиялық жүйесінде міндетті түрде шын мәніндегі билеуші және оппозициялық немесе сондай көзқарастағы партиялардың қалыптасуы аса маңызды. Сайлауда жеңіске қол жеткізіп билеуші атанған партия сайлауалды уәделерін орындау мақсатында ел басқарудағы жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал жеңіліске ұшырағаны немесе билікте шешуші дауысқа ие бола алмағандары оппозициялық партияға айналып азаматтық қоғам атынан билеуші партияның мемлекеттік саясатты жүзеге асыруына бақылау жүргізетін болады. Осылайша партиялар арасындағы шынайы саяси бәсекелестіктің қалыптасуы парламенттің ықпалын арттырудың бірден-бір кепілі екені айқын. Ал ықпалды Парламент біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимылын тежемелік әрі тепе-теңдік принципіне сәйкес жүзеге асыруды толық қамтамасыз етеді. Ал мақсаты айқын, саясаты сындарлы, ең бастысы саяси бәсекеге мықты оппозициялық партия қалыптасуы азаматтық қоғамның тұғырын күшейтіп демократиялық процесті ілгерілетуге септігін тигізетіні сөзсіз.
Шын мәніндегі халықтық саяси партия азаматтардың бір мақсат-мүдденің төңірегінде топтасуы арқылы, төменнен, яғни тікелей халықтың таңдауымен қалыптасады. Мұндай партия өзінің әлеуметтік тұғыры, қоғамның белгілі бір тобының мүддесін көздейді. Ал жасанды түрде биліктің ықпалымен жоғарыдан құрылған саяси партияның мақсаты көпшіліктің мүддесіне толықтай сай келуі екіталай.
Серік СЫДЫҚОВ,
заңгер