Монополист компания тұрғындардың электр жарығы бойынша шығынын жабуға 240 млн теңге бөлген. Бұл қаражат тұтынушылар арасында теңдей бөлініп, есепшоттарына жақын уақытта аударылады. «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал өтемақының кешіктірілуіне электр энергиясы қызметін көрсететін компанияның бөлек кәсіпорын екені себеп болғанын жеткізді. Олармен келісімге келіп, барлық шығындарды есептеу үшін біраз уақыт жұмсалған. Соңында өтемақыны 48 мың тұтынушы алуы керек деген шешімге келіпті. Бұл – қаланың барлық отбасылары ескеріледі деген сөз.
– Алгортимді түзу үшін біраз уақыт қажет болды. Қала жұрты қалыпты жағдайда бір ай ішінде 220 млн теңгенің электр жарығын тұтынады екен. Осы мәліметтерді қорыта келіп, біз «Екібастұзэнерго» компаниясына 240 млн теңге аударамыз деп шешім қабылдадық. Бұл жуық арада барлық тұтынушының абоненттік шоттарына таратылады. Өтемақыны төлеу кезінде апат орын алған күндерді емес, тұтас бір айлық есепті ескердік, – деді ол.
Сондай-ақ басқарма төрағасы төтенше жағдай кезінде пәтердегі төмен температураның кесірінен істен шыққан тұрмыстық техникалар үшін де өтемақы төленетінін жеткізді. Барлық келіп түскен өтініш қаралып, апаттың шын мәнінде техникаларға зияны тигені дәлелденсе, бұйымдардың құны өтеледі. Егер азаматтар техниканы өз қаражаты есебінен жөндетіп қойса, чектерін сақтауы керек. Жұмыс істемей қалған электр құралдарын арнайы мамандар тексеріп, қорытынды шығарады. Бүгінге дейін кейбір тұрғындар бұрыннан істемей тұрған тұрмыстық техникаларын апатта бұзылды деген желеумен өтемақы талап етпекші болған. Сондықтан арнайы комиссия барлығын тексеріп өтпек.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қазіргі уақытта шаһар бойынша 30 көпқабатты үйде жылу нормалары талапқа сай болмай отырғанын айтады. Бұл мәселені жылу-энерго орталығында қосымша тағы екі қазандықты іске қосу арқылы шешу көзделуде.
– Барлық көпқабатты баспаналар жылумен толық қамтылған. Дей тұрғанмен 30 мекенжайда температуралық және гидравликалық параметрлер бойынша мәселелер туындап тұр. Бұған негізгі себептің бірі – жылу беру стансасындағы кейбір қазандық агрегаттарында проблемалар жиі орын алады. Кейбірі істен шықса, енді бірі қатарға қайта қосылып жатыр. Соның салдарынан жылу жүйесінде теңгерімсіздіктер туындайды. Станса жұмысын тұрақтандыру міндетімен мамандар шұғылданып жатыр, – деп баяндады әкім.
Төтенше жағдай кезінде 424 пәтер бүлінген. Оның 52-сінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 338 пәтерге ағымдағы жөндеу қажет. Барлық шығынды «ОАЭК» компаниясы көтереді. 13 пәтер «Asar Ume» қоғамдық қорының есебінен бүтінделуде.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы