Қоғам • 10 Қаңтар, 2023

Әр тұтынушыға – бес мың теңге

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ОАЭК» АҚ апат күндері орталық жылу жүйесінен ажырап, қақаған аязда электр жылытқыштармен жан сақтаған пәтер иелеріне электр қуаты үшін өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Қаладағы әр абоненттің есепшотына шамамен 5 мың теңгеден жіберіледі. Дей тұрғанмен, шаһардағы 30 үйде жылу параметрлері қалыпты норманы әлі де бағындыра алмай отыр.

Әр тұтынушыға – бес мың теңге

Монополист компания тұрғындардың электр жарығы бойынша шығынын жабуға 240 млн теңге бөлген. Бұл қаражат тұтынушылар арасында теңдей бөлініп, есепшоттарына жақын уақытта аударылады. «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал өтемақының кешіктірілуіне электр энергиясы қызметін көрсететін компанияның бөлек кәсіпорын екені себеп болғанын жеткізді. Олармен келісімге келіп, барлық шығындарды есептеу үшін біраз уақыт жұмсалған. Соңында өтемақыны 48 мың тұтынушы алуы керек деген шешімге келіпті. Бұл – қаланың барлық отбасылары ескеріледі деген сөз.

– Алгортимді түзу үшін біраз уақыт қажет болды. Қала жұрты қалыпты жағдайда бір ай ішінде 220 млн теңгенің электр жарығын тұтынады екен. Осы мәліметтерді қорыта келіп, біз «Екібастұзэнерго» компаниясына 240 млн теңге аударамыз деп шешім қабылдадық. Бұл жуық арада барлық тұтынушының абоненттік шоттарына таратылады. Өтемақыны төлеу кезінде апат орын алған күндерді емес, тұтас бір айлық есепті ескердік, – деді ол.

Сондай-ақ басқарма төрағасы төтенше жағдай кезінде пәтердегі төмен температураның кесірінен істен шыққан тұрмыстық техникалар үшін де өтемақы төленетінін жеткізді. Барлық келіп түскен өтініш қаралып, апаттың шын мәнінде техникаларға зияны тигені дәлелденсе, бұйымдардың құны өтеледі. Егер азаматтар техниканы өз қаражаты есебінен жөндетіп қой­са, чектерін сақтауы керек. Жұмыс істемей қал­ған электр құралдарын арнайы мамандар тек­серіп, қорытынды шығарады. Бүгінге дейін кей­бір тұрғындар бұрыннан істемей тұрған тұрмыст­ық техникаларын апатта бұзылды деген же­леумен өтемақы талап етпекші болған. Сон­дық­тан арнайы комиссия барлығын тексеріп өтпек.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қазіргі уақытта шаһар бойынша 30 көпқабатты үйде жылу нормалары талапқа сай болмай отырғанын айтады. Бұл мәселені жылу-энерго орталығында қосымша тағы екі қазандықты іске қосу арқылы шешу көзделуде.

– Барлық көпқабатты баспаналар жылумен толық қамтылған. Дей тұрғанмен 30 мекенжайда температуралық және гидравликалық параметрлер бойынша мәселелер туындап тұр. Бұған негізгі себептің бірі – жылу беру стансасындағы кейбір қазандық агрегат­тарында проблемалар жиі орын алады. Кейбірі істен шықса, енді бірі қатарға қайта қосылып жатыр. Соның салдарынан жылу жүйесінде теңгерімсіздіктер туын­дайды. Станса жұмысын тұрақтандыру міндетімен мамандар шұғылданып жатыр, – деп баяндады әкім.

Төтенше жағдай кезінде 424 пәтер бүлінген. Оның 52-сінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 338 пәтерге ағымдағы жөндеу қажет. Барлық шығынды «ОАЭК» компаниясы көтереді. 13 пәтер «Asar Ume» қоғамдық қоры­ның есебінен бүтінделуде.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы