Қазақ тарихындағы алғашқы календарь туралы әр кезде, әр жерде қадау-қадау айтылғаны болмаса жүлгелеп, жүйелеп жазылған зерттеу жоққа тән. Десек те Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, педагогика ғылымдарының кандидаты, математик-жаратылыстанушы Мыңбай Исқақовтың пайымына қарағанда, 1923 жылы журнал стилінде жарық көрген аталған календарь зор тарихи рөл атқарған екен. Яғни бұл календарь танымдық мақалалар жиынтығынан құралған. Басты ерекшелігі – демалыс күнін жұма болдырған. Сонымен қатар жыл басын 22 марттан (наурыз) бастауды ұйғарған. Оған дәлел – календарьдың ішкі бетінің бірінші жолында: «Биыл ит жылы бітіп, доңыз жылы 22 марттан басталады» деп жазылған. Сондай-ақ күнтізбеде ай атаулары орысша һәм қазақша: январь – дәлу, февраль – хұт, март – хамал, апрель – сәуір, май – зауза, июнь – саратан, июль – әсет, августь – сүмбіле, сентябрь – мизан, октябрь – ғақырап, ноябрь – қауыс, декабрь – жидді деп жазылыпты. Күн атаулары: сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма деген ретпен беріліп, жыл бойы атап өтелуге тиіс даталар көрсетіліпті:
22 январь – қанды жексенбі күні;
12 март – патша тақтан түскен күн;
18 март – Париж коммунасының күні;
22 март – қазақша жыл басы;
1 май – Интернационал күні;
9 сентябрь – Жастар күні;
4 октябрь – Қазақстан кеңестерінің
І съезі ашылған күн;
7 ноябрь – Октябрь мейрамы.
Бұлардан басқа ораза және Құрбан айт мейрамының мерзімдері көрсетіліп, «Оян қарғыс таңба басылған», деп басталатын дүние жүзі пролетариаттарының гимні «Интернационал» жыры тұңғыш рет қазақша аударылып беріліпті.
«Бұл шын мәнінде тұңғыш толық қазақ календары. Бір жыл бұрын Қазақстанның мемлекеттік баспасөз бөлімі араб әріптерімен дайындап, 1923 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы Орынбор қаласында басып шығарды. 146 бет, 6 бөлімнен тұрады. Календарьға республикамыздың географиялық сипаттамасы, әкімшілік бөліктері, шаруашылығы жайлы 34 мақала енгізілген», деп жазыпты қазақ күнтізбесінің білгірі М.Исқақов 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты көлемді еңбегінің 292-бетінде.
* * *
Алғашқы қазақ календарын құрастырушылар ең әуелі ағартушылық һәм танымдық бағыт ұстанғаны байқалады. Сол заманда Орынборда шығып тұрған Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің органы – «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 14 қаңтар күнгі санынан бастап, бірнеше нөміріне «Қазақ календары» жайлы жаршы (жарнама) беріліпті (2-сурет).
Осы жаршыда календарьдың 6 бөліміне бөліп-бөліп енгізілген мақалалар тізімі беріліп, кейбір жазбалардың авторы көрсетіліпті. Мысалы:
Бірінші бөлім мақалалары:
- Сөз басы.
- Календарь тарихынан қысқаша мағлұмат (авторы Ерғали Алдоңғаров)
- 1923 жылдың календары.
- Әр айда болған зор оқиғалар.
Екінші бөлім мақалалары:
- Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер! (авторы Ғ.Асылбеков).
- Таптар күресі деген не нәрсе?
- Күнбатыс һәм күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы (авторы Смағұл Сәдуақасов).
- Русияда 1917 жылға дейін бостандық жолындағы күрестер тарихы.
- Русияда 1917 жылы болған зор төңкеріс.
- Тап һәм партия (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Майлин)
- Кәмөнес партия тарихы (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Майлин)
- Ортақшыл жастар ұйымы (авторы Әбдірахман Байділдин).
- Қазақ әйелдері арасындағы жұмыс.
- Жұмыскерлер табының атақты көсемдері.
- Қазақстанда автономияның түзелуі (авторы А.Кенжин).
- Қазақстан үкіметінің бастықтары.
- Интернационал өлеңі.
Үшінші бөлім мақалалары:
- Оқу.
- Қазақ тарихынан (авторы Елдес Омаров).
- Кеңес үкіметінің заңы.
Төртінші бөлім мақалалары:
- Тәні саудың – жаны сау (авторы А.Байтұрсынов).
- Ананың һәм баланың саулықтарын сақтау (авторы Айнуз Исметова).
- Ауырудан сақтану жолдары (авторы Айнуз Исметова).
Бесінші бөлім мақалалары:
- Қазақстан Республикасында мал өсіру жайы.
- Жұқпалы мал аурулары (авторы Сейдалин).
- Егіндікті сұрыптау (агроном кеңесі).
- Жұт (авторы Сейітқали Меңде-
шов). - Жұт һәм онан сақтану шаралары (авторы Мадияр – Міржақып Дулатов)
Алтыншы бөлім мақалалары:
- Қазақстан Республикасының түзілісі (авторы Ә.Әйтиев).
- Үшінші жалпы Қазақ кеңестер жиылысының қаулылары.
- Метр өлшемдері.
* * *
Қазақтың алғашқы календарын құрастырған кімдер дегенге келсек, жоғарыда тізімі берілген мақала авторларының бәрінің үлесі бары анық. Бұлардың арасында халқымыздың бетке ұстар тұлғалары да жүр. Оның сыртында шығарушылар календарь жарық көргеннен кейін оны сатуға шығарған көрінеді. Бұл сөзімізге дәлел газеттің бірнеше санына жарық көрген жарнамада: «Календарь Орынбордағы һәм басқа үлкен қалалардағы мемлекет баспасының «Знание – Білім» кітап дүкендерінде сатылады», деген сілтеме беріліп, яғни календарь қайта сатылып жатқаны айтылыпты.