Аймақтар • 10 Қаңтар, 2023

Жабыққан Жаңатас, қамыққан Қаратау

452 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоңыржай белдеуде мамыражай тіршілікке еті үйренген жамбылдықтарды қаһарлы қыс қатты қыса бермейді. Әйтсе де, жыл айналып соғатын бұрқасын боран арагідік жергілікті халықты әбігерге салатыны бар. Бүгінге дейін де Қаратау мен Жаңатас қалаларында сан рет боран ұйытқып, талдар сынған, бораннан электр бағаналары құлап, халық жарықсыз қалған сәттер жиі ұшырасқан.

Жабыққан Жаңатас, қамыққан Қаратау

Моноқалалардан бөлек облыс орталығы Тараз қаласында да «қартайған» талдар морт сынған еді қайбір жылы. Бізде боран соқса, жұрт көкке қарап: «Ұшты, ұшты, шатыр ұшты» деп жатады. Құрылыстың сапа­сының нашарлығы ма, әлде бас­қа бір себебі бар ма, кім білсін?! Бірер жыл бұрын 15 шағын аудан­да жел тұрғанда қайсыбір үйдің шатыры ұшып, маңайдағы көліктерді қиратып еді. Сонда ел: «Ғасыр бұрын салынған нысандардың қасында біздің үйлер мүгедек сияқты» деп кү­йінген... Сол көрініс тағы да қайталанып отыр.

Иә, Қаратау халқы қамы­ғып, Жаңатас жұрты жабығып отыр. Ресми деректерге көз жүгіртсек, Талас ауданындағы 7-8 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры әуеде қалықтаған. Бір қайырлысы, табиғи апаттан кісі баласы зардап шекпеген. Алайда жергілікті тұрғындар дауылды түнде XVIII ғасыр тұрғындарының күйін кешіп, майшамға телміруге мәжбүр болған. Табиғаттың тосын мінезі жергілікті атқарушы биліктің төзімін бір тексеріп алған сынды. Қаншалықты дайын болғанына уақыт төреші ғой...

Әйтеуір қоян жылы әулие­аталық әлеумет үшін әбігермен басталды. Алдымен облыс ор­та­лығы Тараз қаласына қарас­ты Шөлдала шағын ауданында­ғы «Елочная» және «Победа» алабының тұрғындары бас кө­терді. 10.00 мен 16.00 аралы­ғында жарықтан тарығып кел­ген жұрттың жүйкесі сыр бер­­ді. Жергілікті биліктен мәселе­нің жедел шешілуін талап етті. Абырой болғанда, Тараз қала­сының әкімі Бақытжан Орын­беков тұрғындар талабын тың­дап, мәселенің оңынан шеші­летінін айтты.

Жедел жұмысымен жолға шыққан жұрт қар құрсауында қалды. Иә, ресми деректерге көз жүгіртсек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­жолы бойында қалың қар қор­шауында қалған халықты құт­қаруға 4 арнайы техника мен 10 адам жұмылдырылыпты. Қыз­меткерлердің дер кезінде іске кірісуінің арқасында 60-қа жетеқабыл көлік қардан шы­ғарылған. Бауыржан Момыш­ұлы ауылы мен Шымкент қаласы бағытында тұрған 300-ге жуық адам аудан орталығындағы №29 мектепке орналастырылған. 21 азамат Шымкент шаһары­на полиция қызметкерлерінің қадағалауымен көлікпен, 108 азамат отарбамен жөнелтілген. Ал 95 адам Тараз қаласына по­йызбен жеткізілген.

Қазіргі таңда өңір басшы­сы Нұржан Нұржігітовтің қада­ғалауымен жедел штаб құры­лып, тиісті жұмыс атқарылып жа­тыр. Зардап шеккен нысандар­ды қалпына келтіру, шығындар­дың көлемін анықтау мәселесі­мен де аталған штаб өкілдері айналыспақ.

Жергілікті атқарушы би­лік жедел іске кірісті. Әйт­се де, әлеуметтік желіде тара­ған бейне­жазбалардағы көрі­ніс­­тер жүрек ауыртады. Жол үс­тіне дейін ұшқан заттар, аула­дағы автокөліктің тас-тал­қаны шыққаны, шатырдың әуеде қа­лықтап барып жерге құлаға­нын көргенде жаныңызды шүберек­ке түйесіз. Шығын көлемі есеп­теледі. Жергілікті халықтың қан­шалықты зардап шеккені де нақтыланар. Сарысу ауданында аудан әкімінің өкімімен төтенше жағдай жарияланды. Қысқасы, жағдай мәз емес.

Өңір басшысы Сарысу ауда­нының орталығы Жаңатас қа­ласына арнайы ат басын бұр­ды. Ресми дерек бүй дейді: «Об­лыс әкімі алдымен «Жаңатас жы­лу» мекемесін қалпына кел­ті­ру жұмыстарын зерделеді. Дауылдан құлаған электр баға­наларын көріп, оларды жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Д.Қонаев атындағы орта мектебінде болған облыс әкімі қаладағы екі-үш оқу ордасын жылытуға барынша көңіл бөлу керектігін баса айтты. Ол үшін арнайы генераторлар пайдаланылады. Бұл мектептер жылыту пунктері ретінде дайын тұруы керек. «Шахан» қосалқы стансасына барған Н.Нұржігітов қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керектігін жеткізді. Қазіргі кезде электр желілерін реттеу жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылған».

Ресми деректерге көз жү­гірт­сек, бұған дейін Жаңатас қаласындағы «ЖаңатасСу­Жылу» мекемесінің меншікті генераторларының қуаты айналым сорғыларының жұмысына жеткіліксіз болғаны анықталған еді. Бағаналардың құлауына байланысты «ЖЭС» АҚ электр желілеріне кернеу бере алмайтыны туралы да мәлімет тараған. Шахан қосалқы стансасындағы жабдықтарға мұз қатқаны белгілі болған. Жаңатас қаласындағы жылу жүйесінен су ағызу туралы шешім қабылданған.

Ертеректе ауа райының қо­лай­сыздығына байланысты Та­раз қаласында қауіпсіздік шара­лары жүргізілген болатын. Апат­тық жағдайлар орын алған жерлерде авариялық бригадалар жұмысқа кіріскен.

«Құмшағал мен Көлтоған­ға шығатын қала маңындағы ­фидер апаттық жағдайда өш­кен. «ТГЭС» ЖШС авариялық қалпына келтіру бригадасы ақау­ды анықтап, тексеру жүр­гізуде. Қазіргі уақытта анық­тал­ған кемшіліктер қалыпқа кел­тірілуде», делінген жергілікті атқарушы биліктің ресми жа­уабында.

Жалпы алғанда өңірдің бір­қатар аудандарын қамтыған дауылдан зардап шеккен халық аз емес. Кісі шығыны орын алмады демесек, ұшқан шатыр мен бүлінген көлік кім-кімнің болсын көңіл-күйін түсіреді. Қазіргі кезде қар тазалау жұмыстары барлық жақта қолға алынған. Әйткенмен, жыл айналып соға­тын мұндай табиғи апатқа қай кезде де сақадай сай дайын болған абзал.

Қамыққан қаратаулықтар мен жабыққан жаңатастықтардың бар арманы – өркениет көшіне қайта ілесу. Олар жарықтан тарық­қысы келмейді. Елдің аман­дығын телефонға телміру арқылы біліп отырған жұрттың тілегі: үй жылы болса, электр жа­рығы сөнбесе, су тұрақты түрде ағып тұрса дегенге саяды.

 

Жамбыл облысы