Қаржы • 11 Қаңтар, 2023

Несие портфелінің көлемі

369 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2022 жыл банктер үшін аса жайлы бола қойған жоқ. Олар тегеурінді сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Үш ресейлік еншілес банктің шаруасы шатқаяқтап қалды. «Сбербанк Қазақстанды» қазақстандық «Бәйтерек» холдингі сатып алып, «Береке банк» деген жаңа атау берді. «Банк ЦентрКредит» ресейлік еншілес «Альфа-Банкті» санкция тұзағынан алып шығып, Eco Center Bank деп ребрендинг жасап, кейінірек біржола жұтып алды. Ал «ВТБ Қазақстан» жұмыс істеп тұр. Ресейдегі негізгі банк қазақстандық ВТБ-ны қосымша капиталдандырды.

Несие портфелінің көлемі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Банк белсенділігі күшейді

2022 жылдың қорытын­дысы бойынша елде 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Банк секторының активтері 2022 жылғы қарашада 1,6%-ға немесе 0,7 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 43,1 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 14,4% немесе 5,4 трлн теңге). 2022 жылғы қарашада активтердің өсуі несие портфелінің 3,3%-ға немесе 759 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.

Өтімділігі жоғары активтер 13,1 трлн теңгені немесе актив­тер­дің 30,5%-ын құрады. Бұл банк­­терге клиенттер алдын­дағы өз мін­деттемелеріне толық көлем­де қыз­мет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,4%-ға өсіп, 22,2 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 20,1% немесе 3,7 трлн теңге). Ұлттық валютадағы кредиттер 3,5%-ға 20,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,7%-ға ұлғайып, 8,3 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2022 жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 7,3%-ды құрап отыр (2021 жылғы осындай кезеңде – 5,6%-ға өсті).

 

Бизнеске несие мол беріле бастады

Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,9%-ға 9,3 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 9,5%-ға өсті).

  • ШОБ субъектілеріне қарыз­дар 3,7%-ға, 5,9 трлн теңгеге дейін (2022 жылдың басынан бастап 12,1%-ға өсті);
  • Ірі бизнеске қарыздар 1,6%-ға, 3,4 трлн теңге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 5,4%-ға өсті).
  • Жыл басынан бері қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің саны 77%-ға, 293 мың қарыз алу­шыға дейін өсті.
  • 2022 жылғы қарашада бизнес субъектілеріне 1,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді.
  • 2022 жылдың басынан бері бизнеске 11,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 7,4%-ға артық (10,5 трлн теңге).
  • Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,7%), саудаға (21,5%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (6,2%) тиесілі.

«Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,8%-ға ұлғайып, 13,9 трлн теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері 29,4%-ға өсті). Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипо­текалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесін­де ипо­текалық кредиттеудің 2,1%-ға 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 4,4%-ға 7,6 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,6%-ын немесе 850 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда – 3,3% немесе 669 млрд теңге). ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ деңгейі 3,3%-ды немесе 344 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,9%-ды немесе 506 млрд теңгені құ­рады. Жұмыс істемейтін қа­рыз­дарды провизиялармен өтеу жоғары болып қалуда және 76,1%-ды құрайды», делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Банктердің меншікті капиталы 2022 жылғы қарашада 3,4%-ға, 5,2 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,3%-ды, меншікті капиталдікі (к2) – 21,5%-ды құрады. Бұл заң­нама­да белгіленген нормативтер­ден едәуір асып түседі және банк сек­торындағы ықтимал тәуе­кел­дерді жабуды қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндет­теме­лері 2022 жылғы қараша­да жеке тұлғалардың салымдарының 3,7%-ға, 15,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 1,4%-ға, 37,8 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі – 41,5%). 2022 жылдың басы­нан бері банктердің міндет­те­мелері 14,3%-ға көбейген.

 

Жеке тұлға депозиттері көбейді

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қарашада 1,6%-ға, 29,5 трлн теңгеге дейін азайды (жыл­дың басынан бері 8,9%-ға өсті).

– Заңды тұлғалардың депо­зит­тері 5,9%-ға, 14,9 трлн теңгеге дейін азайды, жеке тұлғалар­дың депозиттері 3,1%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

– Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қарашада 0,1%-ға,  19,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды;

– Шетел валютасындағы депозиттер 4,8%-ға, 10,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

– Нәтижесінде, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бо­йынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 34,2%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалар­дың ұлттық валютадағы мерзімді депо­зиттері бойынша орташа алын­ған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қарашада 13,8%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,1%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.

 

Бөлшек займ портфелі өсіп жатыр

Тағы бір атап өтерлік дерек, бөлшек займ портфелінің жоғары қарқынмен өсіп жатқандығы. Ұлттық банк мәліметі бойынша, халықтың жиынтық несиесі 13,4 трлн теңгеге жетті. 2022 жылдың басынан бергі өсім көрсеткіші – 2,6 трлн теңге немесе 25 пайыз.

Jusan Analytics сарапшылары­ның хабарлауынша, тұтынушы­лық займдар ішіндегі ең таны­малы – бөліп төлеу. 2022 жыл­дың үшінші тоқсанында тұтыну­шы­лық кепілсіз займдар 10 пайызға өсіп, көлемі 12 млн теңгені құраған. Бұл – тарихи максимум. Сарапшылар бұл өсімді халықтың тұтынушылық шығындарының көбеюімен және несие тетігі есебінен қаржыландырудың артуымен түсіндіреді.

«Өтінімдер санының көбей­геніне қарамастан мақұлдау көрсет­кіші 38 пайыз деңгейінде қалды. Былай айтқанда, банктер келіп түскен 10 өтінімнің 3-4-еуін ғана мақұлдайды. Тұтынушылық кепілсіз займдардың орташа сомасы 17 пайызға өсіп, 669 мың теңгені құрады», делінген Jusan Analytics зерттеуінде.

Соңғы екі жыл көлемінде ипотекалық займдар портфелі 2 есе өскен, тиісінше мұндай займдарға деген сұраныс та 2 есе артқан. Бұл сегменттегі мақұлдаудың орташа көрсеткіші 43 пайыз болса, 2021 жылы 76 пайызды құраған екен. Тұрғын үй бағасының өсіп жатқанына және халықтың нақты табысының азайып жатқанына байланысты мақұлдау деңгейі де құлдырау бермек деп топшылайды сарапшылар.

2022 жылдың үшінші тоқса­нында автонесиеге деген қызығу­шылық та қатты артты. Бірақ ипо­тека және тұтынушылық займ се­кілді мұнда да мақұлдау деңгейі төмен, шамамен 11 пайыз деңгейінде.

«Қорытындысында бөлшек несие өсімінің басты драйвері тұтынушылық займдар болып қала бермек. Халықтың инфляцияны одан әрі өсе түседі деген болжамы және банктердің жар­намалық кампаниясы тұты­ну­шылық несиенің одан әрі ұлғаюына алып келеді. Нәти­жесін­де, бөлшек займ портфелі өсуін жалғастырады», деп қоры­тады банк сарапшылары.