Саясат • 11 Қаңтар, 2023

Жер дауындағы әділ кесім

1059 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі жылдары жер дауы өршіп тұр. Қулықтарына құрық бойламайтын жосықсыз кәсіпкерлердің алаяқтық айла-шарғыларының салдарынан өздеріне тиесілі жер үлестерінен айырылып қалған бірқатар ауыл тұрғыны әділдік іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Әзірге Айыртау ауданындағы бес ауылдың білек біріктіре білген азаматтары ғана ұзаққа созылған жер дауын сотта жеңіспен аяқтады.

Жер дауындағы әділ кесім

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал жеңіліс тапқан тарап – «Жар­қын СҚ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің басшы­лы­ғы (ЖШС). Әділін айту керек, құрыл­ға­нына жиыр­­ма жылға тақаған осы шаруашылық 2017 жылға дейін жемісті жұмыс істеп, аудандағы үздік ауыл шаруашылығы құрылым­да­рының қатарында аталып келді. Дәнді дақылдар алқабын 3 мың гектардан 33 мың гектарға дейін ұлғайтып қана қоймай, егін шығым­ды­лығын гектарына 20 центнерден де асырған жылы бар. Сапасы жоғары астығын Еуропалық одақ елдеріне экспорттаған бірден-бір қа­зақ­стандық компания атанды. 80-нен астам жұ­мыс­керіне – лайықты жалақыны, жер үлестерін сенімді басқаруға берген ауылдар тұр­ғын­дарына ақшалай немесе ас­тықтай дивидендті уақтылы төлеп келді. Егіншілікпен қатар, мал шаруа­шылығымен де айналыса бастады. Жергілікті орта мектепке демеу­шілік жасап, басқа да қайырым­ды­лық іс-шараларына атсалысты.

Өкінішке қарай, бір өзі «Жарқын СҚ», «Рамут корпорациясы», «Рамут Агро Кемикал», «Қызылсая Агро», «АгроИнтерТех» ЖШС-ларына бас директор ретінде басшылық жасаған бизнесмен Бейбіт Молдашевты 2017 жылы «шайтан түртіп», «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ-дан «Агробизнес» бағдарламасы бо­йынша бөлінген мол қаржыны жым­­қы­руды ойлайды. Осы мақсат­пен «Жарқын СҚ» ЖШС-ға өз жер үлестерін сенімді басқаруға берген заңды қатысушылар болып саналатын Айыртау ауданындағы бес елді мекеннің – Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Қарақамыс, Светлое ауыл­дары тұрғындарының жалпы жиналысын өткізіп, олардың рұқ­сатын алмастан, қарамағындағы қызметкерлерге осы жөнінде жалған хаттама жасатады. Сол арқылы се­рік­тестіктің 16 ауылшаруашылық тех­ни­касы мен аталған бес ауылдың 883 тұрғынының жалпы көлемі 42 919 гектар жер үлестерін кепілге қойып, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан (АҚ) 15 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 600 млн теңге несие алады. Осынша қаражат «Жарқын СҚ» ЖШС-ның шотына түскен соң оның 421 млн теңгесін – «Рамут Агро Кемикал» ЖШС-на, 72 млн теңгесін – «Қызылсая Агро» ЖШС-на, 15 млн теңгесін «Рамут корпорациясы» ЖШС-на, 9 млн теңгесін – «АгроИнтерТех» ЖШС-на аударып, жеке басының және өзіне бағынышты серіктестіктердің мұқтаждықтарына жұмсапты. Алай­да Б.Молдашевтың арам ниетін Құдай құп көрмей, сол жылғы жазда қуаңшылық болып, егін шығымдылығы күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан «Жарқын СҚ» ЖШС «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы қарызын уақтылы өтей алмай, берешегі 2018 жылы 756 млн теңгені құраған.

Шынтуайтында, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен жа­сал­­ған қарыз шартына бас директор Бейбіт Молдашевтың талап етуімен қол қойған «Жарқын СҚ» ЖШС-ның сол кездегі директоры Азамат Елмағановтың кейін Петро­павл қалалық сотында куәлік етіп айтқанындай, несие қаржысын ұтым­ды жұмсаған жағдайда серік­тес­тіктің өз берешегін дер кезінде өтеуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ Б.Мол­да­шевтың ойы басқа болғанын арнайы жүргізілген қаржылық тек­серіс нәтижелері анық көрсетіп бер­ді. Мысалы, «Жарқын СҚ» ЖШС «Рамут Агро Кемикал» ЖШС-на берешегін жабу мақсатымен аударған 421 млн теңгенің 157 млн теңгесі не үшін төленгені белгісіз болып шықты. Сондай-ақ «Рамут корпорациясы» ЖШС-на 8 млн теңге еш негізсіз аударылған. Жалпы, жалғыз А.Елмағанов қана емес, Б.Молдашев басшылық жасаған өзге серік­тес­тік­тердің директорлары да өз қыз­меттерін формальді түрде атқа­рып, бас директордың жөнді-жөнсіз нұс­қау­ларын бұлжытпай орындаумен айналысқан екен.

Қарызын қайтара алмаған «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ 2018 жылы «Жарқын СҚ» ЖШС-ны Астана қаласының маман­дан­ды­рыл­ған ауданаралық эконо­ми­калық сотына беруге мәжбүр болған. Бұл дау бітімгершілік келісім жасаумен аяқталып, борышкер несиені 2019 жыл бойы өтеуге міндеттеледі. Егер бұл шарт орындалмаса, онда талап етуші тарапқа кепілге қойыл­ған мүлік пен жерді өндіріп алу құқы­ғы беріледі. Әйткенмен, «Жарқын СҚ» ЖШС «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ алдындағы міндет­те­месін орындай алмай, қаржы ұйы­мының жеке сот орындаушы­сына жүгінуіне тура келген. Ол 2020 жылдың 22 қаң­тарында серік­тес­тіктің кепілге қойылған барлық мүлкі мен жерін аукционға шығару туралы шешім қабылдаған. Осыны есті­ген жер үлестерінің иелері «Жар­­қын СҚ» ЖШС басшылары өз­дерін алдағанын біліп, қатты наза­ланған. Олардың 300-ге жуығы журналист Ернұр Нұрғали, Орынбай Атығаев, Тобылбай Шораев сынды белсенді азаматтардың ұйым­дас­тыруымен ақпан айының басында аудандық әкімдіктің алдына жиналып, аудан әкімі мен жергілікті құқық қорғау органдарынан жол берілген заңсыздықты тоқтатып, әділдік орнатуды талап еткен. Іле Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған Парламент Мә­жілісі депутаттарының атына арыз жолдаған. Олар өз ке­зегінде Бас прокуратураға жүгініп, жер­лес­тері көтерген жер дауын әділ шешуді сұраған. Сөйтіп, мәселе елі­міздің жоғары қадағалаушы орга­нының бақылауына алынып, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешу Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның прокуратурасына тап­сы­рылған. Облыс прокуроры Бағбан Таймбетовтің тікелей араласуымен жеке сот орындаушысы белгілеген аукцион дереу тоқтатылып, бес ауыл тұрғындарының ортақ өтіні­шінің негізінде олардың жер үлес­терін заңсыз кепілге қойған «Жар­қын СҚ» ЖШС-ға қатысты Қыл­­мыстық кодекстің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оны қарау барысында прокуратура Б.Мол­­дашевқа көпе-көрінеу бүйрегі бұ­рып тұрған судьяны шеттету шарасын да қолданып, принциптілік танытты. Ал ауылдықтардың адвокат жалдау сияқты сот шығындарына қажетті қыруар қаржыны Қарақамыс ауылының тумасы, белгілі журналист, кәсіпкер Арман Шораев беріп, жерлестеріне шынайы жанашырлық көрсетті.

Ақыры үш жылға жуық созылған қыл­мыстық істі тергеу аяқталып, Пет­ропавл қалалық соты былтырғы 29 желтоқсанда Бейбіт Молдашевтың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес алдын ала келі­сіп әрі топтасып алдау жолымен жасал­ған басқаның мүлкін аса ірі мөлшерде жымқыру, яғни алаяқтық қылмыс деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтету туралы үкім шығарды. Бұған қоса, Б.Молдашевтың «Жарқын СҚ» ЖШС-дағы үлесін 2019 жылы сатып алып, осы серіктестіктің дирек­торы болған Мәжит Сабиров та алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қар­жылық мүмкіндігі бола тұра соттың «Жарқын СҚ» ЖШС-ны өз жұмыскерлері үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 6 347 мың теңге мөлшеріндегі зейнет­ақы төлемдерін жасауға міндеттеген шешімін алты айдан астам уақыт бойы орындамағаны және 2020 жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы наурызға дейінгі кезеңде жұмыскерлерге жалақы төлемей, түскен кірісті басқа мақсаттарға жұм­сағаны, сондай-ақ «Солтүстік» әлеу­меттік-кәсіп­кер­лік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 250 млн теңге қаражатын жым­қырғаны үшін кінәлі болып та­нылды. Екі бірдей алаяқ басшыға тап болып, қиянаттан көз ашпаған «Жарқын СҚ» ЖШС жұмыскерлері мен осы серіктестікке қатысушы ауыл тұрғындары қазір өздерінің жер үлестерін сенімдерін ақтамаған серіктестіктен қайтарып алып, басқа инвестор іздеу қамына кірісіп жатыр.

Қызылжар өңіріндегі бір кезде алаяқ кәсіпкерлердің кесірінен жер үлестерінен айырылып қалған өзге елді мекендер тұрғындарына Айыртау ауданындағы бес ауыл азаматтарының ортақ жеңісі ой салып, олар да өздерінің аяққа ба­сылған құқықтарын қалпына келтіру шараларын бірлесе қолға алыпты. Әділетті мемлекетті, міне, осылайша, көп болып жұмыла орнатарымыз хақ.