Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Ескерткішті қорғау – елдік мәселе

507 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ескерткіштер де жылайды екен, тың­дап-түсіне білгенге олардың да айтар­ мұңы бар екен. Олардың үні, әсіресе 590 нысаны тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгі­зілген, оның ішінде 20-сының респуб­ликалық маңызы бар, ежелгі кешенді қорымдардағы есепке алынған құлпытас-қойтастар, сәулет өнерінің көр­некті туындылары саналатын күмбезді тамдар мен сағаналарының саны 9 мың­нан асатын, одан бөлек мәртебесін анық­тауды, арнайы сараптама жүргізуді қажет ететін 800-ден астам тарихи-мә­дени мұра нысаны алдын ала есепке алу тізімінде тұрған Маңғыстау облысында күңірене естіледі.

Ескерткішті қорғау – елдік мәселе

Суретті түсірген Ерболат Шадрахов

Әрине, өлілер мен ескерт­кіш­терге тыныштықтан басқа ештеңе қажет емес, ал бүгінгі әлем-жәлем әлемнің әпер­бақандары мен жұ­мырт­қадан жүн қырық­қан пысықтар сол тыныштықтың шырқын бұзудай-ақ бұзып келеді, өкініштісі ескерткіштерді қор­ғауға заң да дәрменсіз. Мә­дениет қызметкерлері ғана емес, көне мұраға жаны ашитын көптің алдында тарихи-мәдени мұраларды қорғау, оны келешек ұр­паққа сол қалпында жеткізу өзекті мәселе болып тұр.

Тари­хи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы заң­на­маға сәйкес тарих және мә­дениет ескерткіші саналатын ежелгі қорым кешен­дердің қорғау аймағында жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіл­меуге тиіс. Алайда облыста осы мәсе­ленің шешімін таппауы жыл­дар­ға созылды – жұрт қайтыс болған жанды тарихи орындарға қоюға құмар, құзырлы орындар оның ағаттығын тү­сіндіре алмай әлек.

Заңға жүгінсе, заң тыңдамағанға тоқтам беретіндей зілді емес –  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақта­ры шегінде жерді пайдалану режімін бұзушылықтар бо­йынша жеке тұлғаларға – 10 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеумен ғана шектеледі екен. Заң­ның жеңілдігін пайдаланғандар марқұм бол­ған туысын киелі орын саналатын ежел­гі қорымдардың қорғау аймағына жерлейді, сондай-ақ қорымдағы есепке алынған сәулет пішіндеріне зама­науи ескерткіштер тұрғызады, жаңадан са­лынған қабір құрылыстары діни-қабірлеу кешендерінің қалыптасқан тарихи көрінісі мен бастапқы жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғады. Соңғы жылдары ұрпақтары жиналып, ата-бабасы жерленген ежелгі тамдарға, яғни мемлекеттік тізімге алынған күм­бездер мен сағаналарға өз бетімен өз­герту, қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гізу жағдайлары көп кездесіп отыр, бұл ес­керткіштің түпнұсқалы архитектурасына айрықша нұқсан келтіреді. 2021 жылы Маңғыстау өңірінде дәл осы бағытта 6 заң ­бұзушылық жағдай анықталған.

– Ескерткіштердің қорғау аймақ­тары шегінде жерді пайдалану режімін бұзу бойынша жеке тұлғаға 1000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу және ескерткішті немесе оның қорғау айма­ғын қалпына келтiруге, ал бұл мүмкін болмаған кезде келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi деп жазу керек деген ұсынысты айтқымыз келеді. Бұл мәселе жайында осыған дейін де облыстық мәдениет басқармасы тарапынан айтылып жүр, – дейді Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорық ғылыми қызметкері Нұрсәуле Дауымшарова.

Ескерткіштерге келесі қауіп баға­лы металл іздеп көне қорымдарды қо­­­пара талқандап, кездескен бағалы жә­ді­­герлерді қолды ететін «қара ар­хео­­лог­терден» төнуде. 2019 жылы Қа­зақ­­стан Республикасы Қылмыстық ко­дек­сiнің 295-бабына өзгерістер ен­гізіл­­генмен «қара археологтер» әлі де ұзын арқан, кең тұсау күймен еркін шарлап жүр. «Далалық жерлердегі көне қалашық орын­­дары мен қорғандарда, жалпы кез келген жерде «қара археологтер» металл іздегіш құралдарымен алтын іздеп қазып талқандап кету жағ­дайлары көбеймесе азаймай отыр. Олар ескерткіштің мәдени қабатын жо­йып, нұқсан келтіреді, сондай-ақ құн­ды жәдігерлердің қайтарым­сыз жоға­луына әкеліп соғады», дейді маман­дар. Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексiнің 295-бабы бойынша архео­логиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу, яғни металл іздегіштер, радарлар, басқа да техникалық құралдар немесе жер қазатын машиналарды пай­далана отырып жасалған іс-әрекет иесі үш жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан ­айырумен немесе бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi айып­пұл салумен жазаланады. Мамандар заң бұзу­шылық жағдайларының алдын алу мақ­сатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын жасау және жүзеге асырылуын бақылау бағытында жұмыстар жүргізуді ұсынып келеді.

1

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

– 2017-2018 жылдары «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті нысандардың қатарында діни-ғибадат ету нысандарымен қатар, ерекше бағаланатын тарихи-мәдени және табиғи мұра ескерткіштері де бар. Еліміздің рухани символикалық мұрасына сүйенген ішкі мәдени туризмді дамыту және қол­дау мақсатында бұл «киелі белдеудің» нысандары туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналуға тиіс. Енді осындай киелі орындарымызға келушілердің саны күн санап артып келеді, қазіргі таңда көпшілігінде жолдарын жөндеу, электр жарығымен, ауыз сумен, ұялы байланыс желілерімен қамтамасыз ету, талапқа сай дәретханалар салу, т.б. жұмыстар­ды қажет етеді. Мысалы, Шақпақ ата, Сұлтан үпі, Масат ата, Сисем ата тәрізді маңызды ескерткіштерге жақсы жол салу қажет. Сондықтан осы орайда, олардың қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін инфрақұрылымдарын дамыту, экологиялық аймағын сақтап, қоқыс мәселелерін реттеу, санитарлық талаптарға сай қонақүйлер салу, зия­ратшылар мен туристерге арналған визит орталықтарын ашу, мобильді интернетпен қамтамасыз ету тәрізді жоба­ларды қарқынды жүзеге асыру үшін республикалық деңгейде арнайы бағдарлама жасақталуы қажет. «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы бойынша сакралды орындарға келу­ші­лерге жағдай жасау мақсатында қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін шаралар, абаттандыру-көркейту жұмыстарын, ландшафтық дизайнмен жүргіншілерге арналған шағын жолдар мен демалатын орындар жасау, киелі орында жүру тәртібі жазылған тақтайшалар орнату, дәретханалар салу, қоқыс салатын контейнерлер орнату, т.б. жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қарастырылса дейді мамандар.

Ескерткіштер заңмен қорғаусыз, қа­раусыз қалған «иесіз ауыл» емес. Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қор­ғау және пайдалану туралы заңнама­сын, оның ішінде аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектіле­рін анықтау бойынша археологиялық жұмыстарды жүргізбеу, монументті өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бұзушылықтар, тарих және мәдениет ескерткішінің заңсыз орнын ауыстыру және оны өзгерту,тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары шегінде жерді пайдалану режімін бұзушылықтар, ғылыми-реставрациялық және археология­лық жұмыстарды жүргізу шарттарын бұзу­шылықтар Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша заң бұзушылық деп танылып, айыппұл салу шарасы қолданылады. Бірақ заңды білмей ме, білсе де заңды жазаға мойымай ма білгенін жасайтындар жоқ емес. Мысалы, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының 2021 жылы жүргізген мониторинг бо­йынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу бойынша 4 жағдай анықтаған. Тарихи орындарда жүргізілген бұл заң­сыз істер нәтижесінде көне мазардың іргетасы қозғалып аршылған, қабырға тастарына маркировка және фикса­ция жасалмай, ескерткіштің маңызды тарихи архитектуралық құрылысының бө­ліктері толықтай жойылған, тарихи-мәдени ескерткіштің келбетін, көлем­дік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын өзгерт­кен, күмбезтамның ашылып қозғалған сырт­қы плиталарының орнын жаңа тас­тар­мен қалап, қабырға беттерін тегістеген, іргетас бөлігіне соқыраймақ жасаған, ішкі бөлігінде темір тұрбалармен айналды­рып қабырғаларына бекітіп тіреуіш орнат­қан, қабырғаны тесіп, күмбездің сырты­нан төменгі бөлігін жиектеп цементті сылақ жүргізу сынды өзгертулерге ұшырады.

Қолданыстағы заңға сай кінәлілер жауапқа тартылғанмен, оғаш мәселе біржола тоқтамай тұр. Болашақта қай ескерткішті кімнің өз қалауына сай өз­гертіп, тарихи келбетін бүлдіруі бей­мәлім. Бұл мәселе сала мамандарының сана­сына кәдімгідей жүк түсіріп, амалын іздеген алаңдаушылыққа тап қылды.

Ескерткіштерді қорғау үшін заң қа­таюы керек, әйтпесе құлқынның қамын күйттегендер мен құныққандардан тарихи құндылықтарды арашалап қалу қиынның қиыны болып тұр.

 

Маңғыстау облысы