Қоғам • 11 Қаңтар, 2023

Мұқтаж жандарға қолұшын созады

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белсенді жастар жаңа жылды игі іспен бастады. Қаңтардың қалың қары мен ақтүтек бораны елді мекендердегі қатынасты қиындатып, біраз әбігерге салғаны баршаға белгілі. Осыны ескерген жастар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуды жөн санаған.

Мұқтаж жандарға қолұшын созады

«Жастар рухы» Жастар қа­на­тының орталық және ай­мақ­тық белсенділері күн сайын қарт­тардың ауласын қалың қардан тазартуға көмек көрсетіп жүр. Олар мұны міндетіміз деп санайды. Бұл үрдіс жыл сайын дәстүрлі түрде қайталанып отырады. Мәселен, Ақтөбе облысының жастары екі-үш күнде 300-ге жуық қарттың аула­сын қардан тазалап берген. Сонымен қатар өңірлердегі жастар қала көшелерін қардан тазартуға үлестерін қосып келеді.

Ал Қарағанды жастары осы күндері «Кел, шай ішейік» іс-шарасын қолға алып, аязды, боранды күндері далада жұмыс істеп жүрген коммуналдық қыз­меткерлерге ыстық шай мен тәт­­тілер ұсынып жүр. Қайы­рым­ды іске барлығы 500-ден астам белсенді қатысқан. «Суық күн­дері бір-бірімізге жылу сый­лайық, достар!», деп «Жастар ру­хы» ЖҚ Қарағанды облыстық филиа­лының өкілдері барлық жас буын­ды игі іске қатысуға шақырды.

Осындай қайырымдылық іс-шарасы шеңберінде жастар тіл саясатын жүргізуге де үлес қосуды жөн көріп, «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында «Сөйле» тілдесу үйірмесін іске қосты. «Жобаның мақсаты – жастарды қазақ тілін үйренуге дәріптеу және оның әлеуетін арттыруды насихаттау арқылы қоғам арасында тілдің қолданыс аясын кеңейту», дейді ұйымдастырушылар.

Еліміздің 12 аймағынан (Ас­тана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары) жоба аясында қазақ тілін оқу­ға құлшынысы бар кез келген азамат «Сөйле» тілдесу үйір­мелеріне қосыла алады. Ап­таның демалыс күндері үйір­мелер аймақтардағы коворкинг орталықтарда жұмыс іс­тейді. Тілдесу үйірмесі бары­сында сондай-ақ домбыра үйір­мелері және әдеби-рухани кеш­тер, түрлі челлендждер ұйым­дастырылмақ.