Суретте: Голливуд әртісі Мишель Родригес және Айшолпан мен әкесі Нұрғайып Рысұлы
Біздің айтпағымыз бұл емес. Аталған фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – ұшқыш Труди Чакон рөлін сомдаған Майте Мишель Родригестің (Mayte Michelle Rodriguez) қазақтың өмір-салтына қатыстылығы туралы.
Бұл әртіс 2014 жылы қазан айының ортасында Моңғолияға, соның ішінде қазақтар қоныстанған Бай-Өлке аймағына келіп, бұл өлкеде жыл сайын дәл осы уақытта өтетін «Бүркітшілер фестивалін» тамашалаған екен.
Осы сапарында алған әсері жайында Майте Мишель 2014 жылы 12 қазан күні өзінің твиттер парақшасына пікір жазып, танымал құсбегі Айшолпан мен оның әкесі Нұрғайыппен бірге түскен фотосын жариялапты.
Дәл осы жолғы бүркітшілер сайысында Айшолпан жеңіске жетіп бас бәйгені жеңіп алғанын көрген Голливуд жұлдызы оны өзі келіп құттықтапты. Сондай-ақ 2015 жылы 12 қаңтарда америкалық бір басылымға берген кезекті сұхбатында:
«...Мен үшін бүркітшілер отбасынан шыққан 13 жастағы кішкентай қыздың жеңіске жеткенін көру ғанибет болды. Ол 40-50 жастағы ерлердің бәрін артқа тастап, фестивальдің бас бүркітшісі атанды. Таңданарлық дүние – мұсылман отбасының отағасы өзінің жас қызына құсбегілік өнерді үйретуі» деген екен.
Осы тұста ayan travel (www.toursmongolia.com) атты ағылшын тілді сайт «Мишель Родригес Моңғолияда өткен «Алтын бүркіт» аңшылық фестивалінде» (Michelle Rodriguez in Mongolia for Golden Eagle Hunting Festival) деген тақырыппен оның мөлтек сұхбатын жариялапты. Осы шағын әңгіме барысында Мишель Родригес: «Менің нағыз генетикалық шығу тегім – моңғолойд. Ата-бабаларым осы даладан Америкаға мыңдаған жыл бұрын Аляска арқылы қоныс аударған екен. Мен бұл құпияны National Geographic зерттеу орталығында ДНҚ сынамасынан өткен кезде білдім» депті.
«Аватар» әртісінің назарын аударған Айшолпан қазір Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университеттінің 3-курс студенті.