Бокс • 11 Қаңтар, 2023

Оңтүстік Кореяда жұдырықтасады

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жапонияның «Treasure Boxing Promotions» деп аталатын промоутерлік компаниясы сәуір айында Оңтүстік Кореяда өтетін жарыста Қазақстанның екі кәсіпқой боксшысы күш сынасатынын жария етті.

Оңтүстік Кореяда жұдырықтасады

Олар – Мейірім Нұрсұлтанов пен Нұрсұлтан Аманжолов. Бұл екі боксшының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мейірім – әлем чемпионы Мерей Ақшаловтың туған інісі. Әуесқойлар арасында 75 кило салмақта жұдырықтасқан ол еліміздің екінші нөмірлі боксшысы болды. Жәнібек Әлімханұлынан «өте алмағаннан» кейін кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Әзірге аяқалысы өте жақсы. Нұрсұлтанов осы күнге дейін 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты.

Аса ауыр салмақта айқасып жүрген Нұрсұлтан да Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп, бірқатар халықаралық турнирде топ жарды. Десек те ұлттық құрама бапкерлерінің таңдауы Қамшыбек Қоңқабаевқа түскендіктен, ол да кәсіпқой боксқа ауысты. Әзірге Аманжолов төрт жекпе-жектің барлығын жеңіспен аяқтап, үш қарсыласын есінен тандырды.