11 Маусым, 2014

Ұшты, ұшты, шатыр ұшты!..

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтерінше, сәуір-мамыр айларында соққан дауыл ауыл-қалалардағы 50-ге жуық ғимараттың шатырын жұлып әкетіпті. Жұлынған шатырлармен бірге қыруар қаржы далаға кеткенімен қоймай, бұл жағдай тұрғындардың өміріне де қауіп төндіруде. крышаСөйтіп, облыстағы былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен ғимараттардың бірде-бірінің шатыры дауыл екпініне шыдай алмады. Мысалы, сәуірдің соңында болған дауылдан облыс аумағында 8 мектеп, Ертіс ауданында колледж жатақханасы, мәдениет үйінің төбесі, Қашыр ауданында мәдениет үйінің төбесі, Ақтоғай ауылындағы аудандық агротехникалық колледж ғимаратының шатырлары ұшып кеткен. Ал 24 мамырда болған дауылдан Екібастұз, Ақсу қалалары, Лебяжі, Май аудандарында жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді алатын 20 ғимараттың шатырлары жұлынған. Облыс орталығындағы М.Ғабдуллин көшесі 102/2-де орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің төбесіндегі 800 шаршы метр аумақты алатын шатыр түгелімен жерге құлаған. Екібастұзда ғимараттың шатырымен бірге, оның қасында тұрған 200 ағаш түбімен опырылып түсіпті. Тіпті, аялдама құлап баласын бауырына ала жығыла қорғап қалған бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген көрінеді. Ал Лебяжі ауданындағы аграрлық-техникалық колледждің төбесінен түк қалмаған. Шатыр шатыр-шұтыр етіп қай жаққа ұшып кеткені белгісіз. Аудан әкімі Айзада Құрманованың айтуынша, бұл құрылыста кемшілік дегеніңіз жетеді, сондықтан, аталмыш ғимараттың мемлекеттік қабылдау актісіне әлі қол қойылмапты да. Облыстық білім беру басқармасы «ұшатын» шатырлар жасап кеткен мердігермен соттасуда. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Егер де ғимараттың шатыры жөнделді деп қабылдап алатын жұмыс комиссиясы актіге қол қойған болса, онда бұған жауапты шенеуніктер қызметтен босатылсын», деп осы мәселені бақылауына алған әкімдік қызметкерлеріне тапсырма берді. Құқық қорғау органдарының көмегімен істі жеделдетуді жүктеді. Ауылдықтар «бала-шағаны жазым етер деп қорқамыз, мердігерлер шатырлары ұшқан төбелер қалпына келтірілсін, қайта жасамаса заң алдында жауап берсін» деп талап етіп отыр. Бұдан бір жыл бұрын Ақтоғай ауылында төбеден ұшқан шатыр тиіп, сәби күтіп жүрген жас ана қайтыс болды. Жаңа ғана қосылған жас отбасының өмірі үзілді. Заң орындары кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек еді. Жабулы қазан жабулы күйде қалған. Сонымен бірге, Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылындағы мектеп жанындағы қосымша ғимаратымен бірге шатырсыз қалыпты. Мердігер компанияның берген кепілдік мерзімі 8 жыл, яғни кепілдік уақыт әлі аяқталған жоқ. Кәсіпкер «шатыр ұшса, табиғи апат кінәлі» дегендей, сапасыз жәй сипай салған жұмысын қайта жөндегісі келмей отырған көрінеді. Енді бұл «ұшқыш шатыр да» сотқа жіберілетін болды. Сот шешімі шыққанға дейін шатыр жергілікті билік есебінен қалыпқа келтіріледі. Қанат Бозымбаев Ақсу қаласы басшылығына мектептің шатырын жөндеген мердігердің қабылдау актісіне қол қойған шенеуніктер тізімін анықтап, мемлекеттік қызметшілерді жауапқа тартуды тапсырды. Дауылдан кейін тексеру жүргізген мамандар сапасыз жасалған жөндеу жұмыстары шатырлардың ұшып кетуіне себеп болды деп отыр. Ал әкімдердің жыл басында тұрғындармен кездесуінде 655 ұсыныс түскен екен. Мәселен, Ертіс ауданы әкімінің тұрғындармен өткен бес кездесуінде, Ақтоғай ауданы әкімінің бір есептік жиынында ауылдықтар тарапынан бірде-бір тілек-өтініш айтылмай, керісінше, алдын-ала дайындалған адамдар билікке алғыс жаудырған көрінеді. Ауылдықтар қай күні дауыл соғып, шатырлар тағы ұшып, басымызға құлай ма деп алаңдап отыр. – Бұған енді қанша төзуге болады?! Жел соққан сайын шатырлар ұша бере ме?! Халыққа не айтасыңдар?! Талап пен тәртіп қайда!? – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев ауыл, қала әкімдеріне осы мәселеге орай өткен жиында. Айтпақшы, кеше ғана Май және Ақтоғай аудандарын бар-жоғы бір-бір жылдан басқарған әкімдер Асхат Жармағанбетов пен Мұрат Сейітахметовтер «ұшып кеткен» шатырлардың соңын ала өздері де қызметтерінен кетіп үлгерді... Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.