Аймақтар • 11 Қаңтар, 2023

Бестөбе шахтасынан заңсыз алтын өндірген адамның мәйіті табылды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бестөбе кенішінің жұмыс істемейтін шахтасының аумағында заңсыз алтын іздеушінің мәйіті табылды. Бұл туралы шахтаның кезекші қызметкері полицияға хабарлаған. Оның қасында бірге заңсыз алтын іздеген адамдар мәйітті сыртқа көтерген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бестөбе шахтасынан заңсыз алтын өндірген адамның мәйіті табылды

2022 жылы осы кеніштен 940-тан астам заңсыз алтын іздеуші ұсталып полицияға тапсырылған болатын. 

Марқұмның 1982 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды.

Сондай-ақ оқиға куәгері ретінде Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының тұрғыны, 1991 жылы туған ер адам анықталды, ол шахтада екі апта болғанын мәлімдеді. Ол «кондейка» (кеншілердің демалыс бөлмесі) маңынан қимылсыз жатқан ер адамның мәйітін тапқан. Мәйіттің жанында тастар жатқан. Оның айтуынша, қайтыс болған адам 18 күн бойы шахтада болған. 

Кейін жақын маңдағы Бестөбе ауылының тұрғыны, 1994 жылы туған сыбайласымен бірге ол мәйітті қапқа салып, «Центральная» шахтасының 475-ші деңгейінен жер бетіне шығарады, ақырында мәйіт сол жерден табылды. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осыған дейін де «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы Бестөбе кенішінің шахтасында құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру оқиғалары бар екендігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын.  

Бүгінгі таңда шахтадағы жұмыстар тоқтатылған: электрондық және телефон байланысы ажыратылды, шахталардың оқпандары жабылды, жолдардың люктері бітелді, есіктер мөрленіп күзетке тапсырылды, желдету жұмыс істемейді, көтергіш қондырғылары жұмыс істемейді, көтергіш қондырғыларды шұғыл іске қосу мүмкін емес. Сонымен қатар кенішті жер асты сулары басып жатыр.

Қауіпті жағдайларға, бірнеше рет ескертулерге, тұрақты суық ауа райына қарамастан заңсыз алтын іздеушілер өмірлерін қатерге тігіп, шахтаға түсулерін қоймай отыр. Компания шахтаға заңсыз түсуден бас тартуға, ал шахтадағы алтын іздеушілерді шұғыл түрде оны тастап кетуге шақырады.