11 Маусым, 2014

Жабайы жуа жинаушы зейнеткерге 1 млн. теңге айыппұл салынды

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Таудың бөктерінде өсіп тұрған жабайы жуаны жинағаны үшін Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Черемшанка ауылының зейнет жасын­дағы тұрғыны Светлана Колесникова мемлекетке 1 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Сөйтсек, жабайы өскіннің бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген екен. Одан бейхабар әжей далада өсіп тұрған өсімдікті талғажау етпек болған ғой. Сол үшін аудандық сот осындай жазаға тартты. Айына 32 мың теңге зейнетақы алатын 60 жастағы әйел енді 5 жыл бойы осы берешекті өтейтін болады. С.Колесникова өмір бойы  Черемшанка ауылындағы құс фабрикасында құсшы болып еңбек  етіпті. Кәсіпорын банкротқа ұшырағаннан бері орманнан жеміс-жидек терумен күн көріп келеді екен. Енді ол осы әрекеті үшін жазықты болып, мемлекетке қомақты айыппұл төлемекші. Оны табиғат қорғау полициясы жуа теріп жүрген жерінен ұстап алған. Жалпы, Черемшанка ауылында үстіміздегі жылы тап осындай факт бойынша 3 тұрғын жауапқа тартылыпты.  Олардың барлығына табиғатқа аса үлкен мөлшерде залал келтіргені үшін айыппұл салынған көрінеді. Құрыш НҰРЫМБЕТ.