Президент • 11 Қаңтар, 2023

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Руслан Жақсылықов Президентке – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қорғаныс министрлігінің былтыр атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп берді. Кездесуде осы жылға арналған жоспарлар кешені талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери дайындықтың жай-күйі, Қазақстан армиясының құрамы мен құрылымын жетілдіру, жүргізілген жедел және жауынгерлік әзірлік шаралары жөнінде ақпарат берілді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов былтыр Арнайы операциялар күштері құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскерінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді.

Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты әскердің жауынгерлік әзірлік бағдарламасы қайта қаралды. Мемлекет басшысына армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді.

Қорғаныс министрі Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықтау, аумақтық қорғаныс әскерін дамыту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және бітімгерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде баяндады. Сондай-ақ Президентке пайдаланылмайтын әскери мүлік пен қару-жарақты жою шаралары туралы есеп берілді.

Бұдан бөлек, Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік әзірлікті шыңдау, соның ішінде халықаралық деңгейдегі әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысты биылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ министрлікке еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру, мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.