11 Маусым, 2014

Мажарстаннан хат

352 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Будапешт Сонау Мажар еліндегі Айша апамызбен таныстығымызға қызылордалық Ғалым Байманов ағамыз себепкер болды. Кезінде Сыр мұнайына түрен салған Саламатов сарбаздарының бірінен саналатын Ғалекең руханиятқа да бір табан жақын жүретін азамат. Ол қазақ пен мажардың тамырлас, тағдырлас ел екендігін дәлелдеген Иштван Қоңырдың жұбайы Айша апайдың қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова жайлы жазған естелігін тапсырып, автордың электронды поштасын қоса берді. Алыстағы Мажар елімен хат-хабар алысу үшін, ғаламторға шарладық та кеттік... Ғаламтордағы мекенжайын қиналмай тапқанымызбен апайдың өзін «ұстау» қиын болды. Иштван Қоңырмен бас қосып, 30 жылдан астам Мажар жерін мекен етіп келе жатқан Оңайша Мақсымқызы кезінде ЕLТЕ университетінің Ішкі Азия бөлімінде студенттерге дәріс оқыпты. Қазір зейнетке шықса да сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен депутаттар үйінде қазақ тілінен сабақ беріп жүр екен. Венгриядағы саяси жұмыстардың бел ортасынан табылатын апаймен ғаламтор арқылы қолы қалт еткенде сұхбат құрып үлгердік. Иштван Мандоки– Армысыз, Ай-апа! Биыл қазақ пен мажардың арасындағы алтын көпір болған Қоңыр ағаның туғанына 70 жыл толып отыр. Жалпы, Дунай мен Ұлы дала арасындағы байланыс қалай орнап еді? – Айналайыным-ау, ең алдымен мені іздеп, хабарласып жатқандарыңа рахмет. Неше жыл сыртта жүрсем де елден хабар үзген емеспін. Төркін жұртыма жыл аралатып болса да барып тұруға тырысамын. Елімнің жақсылығына сырттай марқайып отырамын. Биыл Қоңыр ағаларың тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Бірақ амал не... Қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында түркітану саласында терең із қалдырған оның еңбегін Елбасы мен қалың қазағы ұмытпай, есімін ұлықтап келеді. Көңілге сол медет. Кішкентайынан-ақ әке-шешесі Қоңыр­ға: «Сен – қыпшақсың, атамекенің – қып­шақ даласы» дегенді жиі айтып отырады екен. Он екі жасынан өзі тұратын Қарсақ қаласына Кеңес әскерінің құрамында кел­ген қазақ жігіттерінен тіл үйренген Қоңыр есейе келе түркі тілдерін зерттеуге ден қойып­ты. Кейіннен байырғы бабалар топы­ра­ғына бет бұруына атажұртқа жете алмай кеткен әкесінің арманы себеп болса керек. Жалпы сонау VIII ғасырда Қотан хан салған ізді зерттеушілер Қоңырға дейін де болған ғой. Екі ел арасындағы туыстық байланыс жайлы ең алғаш ХІХ ғасырдың ортасында жазыла бастаған. Қоңырға қазақ елі азаматтарының көмегі көп болды. Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков, Асан­әлі Әшімовтер Қоңырды туған бауырын­дай құшақ жая қарсы алды. Әбдуәлі Қай­дар, Рәбиға Сыздық, Болат Көмеков, Байзақ Қожабеков, Көбей Құсайынов бастаған тілші-ғалым­дар ағаңның тілекшілері болды десем артық емес. Марқұм Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз да Мажарстанға келсе, біздің үйге тоқтайтын. Екеуінің қазақтың мәдение­ті, түркі жұртының келешегі туралы әңгі­ме­ле­рі таңға таусылмай жалғасып жататын еді. Қоңырды қазаққа етене еткен тағы бір жан – өзімнің Фариза апам. Батыс өңірінде туғанына орай апам дегенім болмаса, Фариза қазаққа ортақ тұлға еді ғой. Фариза апам дүниеден өтті деген қаралы хабарды естіп, жүрегім сыздап, дел-сал күйге түстім. Амалсыздан екі көзге ерік бердім. Қоңырым қайтыс болып, қайғы жұтып отырғанымда Фариза апам қасымнан табылған еді. Қазақтың ескі дәстүріне салып, өлеңмен көңіл айтып, жұрттың бәрін жылатқан сол жолы. Сол екі парақ қағазды соңғы кездесуде өзіне көрсеткенімде: «Бұл өлеңді сақтағаның жақсы болған екен», – деп қуанып қалды. Қоңырдың Кеңсайға, батыр Бауыржан Момышұлының жанына жерленуі де Фаризаның арқасы еді. – Жалпы Венгрияда Иштван Қо­ңырды ұлықтайтын қандай шаралар атқа­рылып жатыр? Төркін жұртыңыз Қа­зақстанда атақты түрколог есімін жаң­ғыртатын қандай жаңалықтар бар? – Ел азаматтары Қоңыр салған жолды жалғастырып келеді. Қазір Қазақстанмен байланыс орнату Мажарстан (Венгрия) үшін мәдени, саяси және әлеуметтік-эконо­микалық жағынан ең маңызды іске айналып отыр. Төркін жұртымда да түбі бiр түркінің түгелдігін аңсап өткен Қоңырға деген құрмет ерекше. Ғалым есімін иеленген Алматыдағы №154 мектепте балалар жыл сайын танымдық конференциялар ұйымдастырып, жыл сайын шаралар өткізіп тұрады. Оқу орнының бұрынғы директоры Ернар Мәсәлім, қазіргі басшысы Қаламқас Алмасбаевалар осындай шаралар арқылы екі ел арасындағы мәдени байланысты тереңдетуге күш салып жүр. Жақында ғана Мажар парламентінің спикері Ласло Көвер бастаған ресми топ Қоңырдың басына тағзым етіп, осы мектепте болып қайтыпты. Олардың білім ошағындағы музейдің жұмысы жайлы жақсы пікірлерін естіп, азаматын ардақтай білетін елім үшін марқайып қалдым. Бұлардан бөлек Атырау қаласында Қоңыр атында Руслан iнiмiз бастаған «Қазақ тілі» қоғамы бар. Олар да жыл сайын ғалым ісін жаңғыртатын жақсы шаралар өткізіп келеді. Құрылғанына 18 жыл толған қоғам жақында Қоңырдың 70 жылдығын атап өттi. Бұл елдe қазақ-мажар байланысына қатысты өтетін шараларда Қоңыр аты аталмай қалған емес. Биыл да 70 жылдыққа байланысты Мажарстан (Венгрия) сыртқы істер министрлігі, Қазақстан елшілігінің азаматтары, өзіміз тұратын 11 аудан әкімшілігі өкілдері бірлесіп, мазмұнды шара өткізді. – Қоңыр ағаның жолын жалғаған кімдерді айрықша атар едіңіз? – Шүкір, Қоңыр салған жол жалғасып келеді. Әсіресе, тынбай ізденіп жүрген жас ғалым Дәуіт Қара Шомфаиды атап өткім келеді. Бақсылық, ауызекі әдебиет тақырыбында бірталай мақала жазған ол қазақ тілін толық меңгеріп алып, Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, мәдени байланысты нығайту бағытындағы жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр. Осыдан оншақты жыл бұрын Бенко Михайдың «Торғай мадьярлары» деп аталатын монографиясы жарық көрді. Ол осы бағытта талмай ізденіп келе жатқан зерттеушінің бірі. Сонымен қатар, антрополог Биро Андраштың да еңбегін атай кеткен жөн. Ол қазақ ғалымдарымен бірлесіп, Торғай өңіріндегі мадияр руынан тарағандардан генетикалық сараптама алу арқылы антропологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осының негізінде, қазақ пен мажардың бір туған ұл екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Мұның бәрі Қоңырдың өзі кеткенмен ісінің мәңгі өлмейтіндігін дәлелдеп тұр. – Ұлдарыңыздың әке жолын қуар ойы жоқ па? – Алла тағала Қоңыр екеумізге Атлан есімді ұл берді. Қазір ол Оксфорд универ­ситетінің Будапешттегі филиалында халық­аралық байланыс және бизнес бағыты бойынша білім алып жатыр. Есімін «Аттан!» деп жауға шапқан баба ұранының негізінде әкесі қойған. Кейінірек болмаса қазірше түркологиямен айналыса қоятын ойы жоқ. – Әңгімеңізге рахмет, Ай-апа. Бауыр­лас елдің байланысын нығайту­дағы еңбегіңіз жемісті болсын. – Саған да рахмет, айналайын. Елге сәлем айт! Әңгімелескен Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА.