Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өтемақы алу рәсімін банктің депозит ашылған бөлімшесінде және ресми мобильді қосымша арқылы онлайн жасауға болады. Сонымен қатар құжатта өтемақының мөлшері бойынша шарттар, салымшының мұрагерлері тарапынан өтініш беру және өтемақы алу тәртібі қарастырылған. Өтемақыны есептеу рәсіміне байланысты сұрақтарға қатысты жағдайларда депозит ашылған банкке тікелей жүгіну қажет.
«Салымшыға 10 пайыздық сыйлықақыны оның депозиті ашылған банк есептейді. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүргізіледі. Өтемақылар соңғы күнін қоса есептегенде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған теңгелік депозиттер бойынша төленеді. ҚДКБҚ салымшыларға осы мүмкіндікті өткізіп алмауға және мемлекеттен сыйлықақы алу үшін өтініш беру мерзімінің ұзартылғанын осындайда барынша пайдаланып қалуға кеңес береді», делінген Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қорының хабарламасында.
Қазірге дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 303,9 млрд теңге болатын өтініштер қабылдаған. Бұл өтемақының әлеуетті жалпы сомасының 90,5 пайызын құрайды. Қор төрағасының орынбасары Алмаз Құдайбергеновтің айтуынша, бір банкте 10 пайыз өтемақы алуға болатын ең жоғары сома 20 млн теңгені құрайды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, сыйақы алуға үмітті шоттардың 71 пайызы – 100 мың теңгеден аспайтын депозиттер.
Қор мәлімдемесінен ұққанымыз, отандық депозит нарығы бірінші тоқсанда байқалған белгілі бір тұрақсыздыққа қарамастан, оң нәтиже көрсетіп, тәуекелдерге төтеп берді.
«Қордың бағыты ойыннан шыққан банк салымшысына кепілді өтемді төлеумен шектелмейді. Бұған халықпен, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктермен, реттеуші органдармен және нарықтың басқа өкілдерімен өзара іс-әрекетті қоса алғанда, шаралардың, саясаттардың және рәсімдердің тұтас кешені кіреді. Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта банктер пассивтер құрылымындағы халық депозиттерінің абсолютті позициялары мен салмағын дәйекті түрде арттырып келеді. Бүгінде депозиттер банкті қаржыландырудың іс жүзінде басым көзіне айналды. Қаржы нарығының осы сегментінің «әл-ауқатын» бақылаудың маңыздылығы да осыдан туындайды. «Қауіпсіз» аймақ шеңберінен шықпағанымыздың ең маңызды дәлелі – өткен жылдардағы оң динамиканың сақталуы. Бірінші тоқсанда геосаяси тәуекелдердің жүзеге асуына және еншілес ресейлік банктерге қатысты санкциялық шектеулерге реакцияға байланысты аздаған құлдырауға қарамастан, кейінгі тоқсандарда көрсеткіш тұрақты өсті. Нәтижесінде, халықтың депозиттері бір жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 2022 жылдың 11 айында 15,7 трлн теңгені құрады», деп ақпарат ұсынады.
Қор сарапшыларының айтуынша, салымшылар ашқан шоттар саны және олардың жыл бойында тұрақты өсуі – салымшылардың банкке деген сенімінің жоғары екенін дәлелдейтін факт. 2022 жылдың басынан бері шот саны 20,4 млн-ға көбейген.
Қуанарлық тағы бір жайт – доллар бойынша депозит көлемінің әжептәуір қысқарғаны. Оның үлесі бір кездері 70-80 пайызға дейін жеткен. Бұл ахуал нарықта тепе-теңдікті бұзады, онсыз да әлсіз төл валютаның еңсесін басушы еді. Қазір долларлану үлесі 34-36 пайыз деңгейінде.
2022 жылдың басында жинақ салымдары бойынша кепілдікті 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін арттыруды көздейтін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Қазір Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру мөлшері ТМД елдері арасындағы ең жоғарылардың бірі.
Депозиттерге кепілдік беру қорында арнайы сақтық қоры бар. Ол клиенттер алдында өз міндеттемелерін орындай алмаған банктердің атынан төлем жасайды. Ондағы қаржы көлемі қазір трлн теңгеге жақындап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артқан. Сақтық қорының айрықша ерекшелігі, оны құру әдісі әлемдік стандарттарға жақын екендігінде – түсімдердің 49 пайызы қатысушы банктердің жарналары есебінен алынған. Нәтижесінде, қазіргі уақытта сақтық қорында – 799,5 млрд теңге, ал жарғылық капиталдың 70 пайызын есепке алғанда 964,6 млрд теңге жинақталып тұр екен.