Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков
Аталған салтанатты жиынның тізгінін облыстық «Jetisy» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміре ұстады.
«Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде орны бөлек кешегі Мағжан, Ілияс, Мұхтар бастаған ұлы көштің бәрі де газет арқылы танылып, есімі тарихта қалды. Одан кейінгі сан буынды тәрбиелеуде де басылымдардың орны ерекше, беделі биік болды. Міне, бүгінде сол дәстүрді Андас әулеті жалғастырып, облыстың аудан, қаласынан 8-10-сынып аралығында оқитын 30 оқушыны «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында газетке жаздырып, демеушілік танытып отыр. Әрине, білімге, ғылымға, руханиятқа жасалған демеушіліктің бағасы үстем болатыны анық», деді Ж.Әміре.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен Ұлттық кеңесте берген тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Арсыланов аталған жоба аясында өңірімізде қандай шаралардың атқарылып, нендей жетістіктерге жеткені туралы баяндаса, «Казпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі Айбол Таңжарбек оқушыларға поштаға жазылған түбіртегін табыс етті.
Келесі кезекте Андас әулетінің отанасы, «Парасат» орденінің иегері, «Алтын алқалы» ана Әуесхан Мажайқызы балалардың болашағына сәттілік тілесе, осы әулеттің ұлы, әріптесіміз Қажет Андас әулет құндылығы туралы айта келіп, тарихшы, айтыс және жазба ақын Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты 3 томдық еңбегін таныстырып, оқушыларға сыйға берді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен Андас әулеті бірлесе отырып, алдағы жарты жылда «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде жүргізілетін «Андас Омарақын оқуларының» ережесімен таныстырды.
«Жаңа бастама бүгінгі шараға қатысқан 30 оқушының арасында, алғашқы жарты жылдықта сынақ ретінде өтеді. Ол «Тарих талғарында» жас өлкета нушылардың ғылыми жұмыстары байқауы, «Дода» атты жас ақындар айтысы және «Жылдар ізі» атты жас шайырлар мүшәйрасы сияқты үш бағытта жүргізіледі. Әр аталымға дайындалған оқушылар еңбегінде Андас Омарақын шығармашылығын үлгі етуі керек. I, II, III дәрежелі орын алған үміткерге облыстық білім басқармасының Алғысхаты мен Андас отбасы атынан қомақты ақшалай жүлде тағайындалады. Үш аталым бойынша І орын алған оқушылар оқитын мектепке облыстық білім басқармасының «Оқуға құштар мектеп» атты көшпелі туы тапсырылады», деді Қ.Андас.
Келесі кезекте әр өңірден келген оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, өлең оқып, айтысып, шараның шырайы ашыла түсті.
Жетісу облысы