11 Маусым, 2014

Қызыл кілем

1170 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Килем-2 Алағай да бұлағай заман еді. «Тұрым­тай тұсына, балапан басына» деген сипаттама сол дәуірге тура келетін шығар. Себебі, Қазақ елі Тәуелсіздігінің тізгінін енді қолына алған. «Азаттық беріп Жасаған, Тас бұғаудан босаған» кез-тін. Жаппай жұмыссыздық жайлап, дүкен сөрелері қаңырап, ақша құнсызданып, қара қазан, сары баланы асырау қиындап тұрған шақ қой ол. Тіпті, Қазақстанның өз алдына жеке-дара мемлекет болып кететініне сенімсіздікпен қарағандардың қарасының аз болмағанын қазір біліп жатырмыз. Өзгені қойып, өз балаң Қазақстанның қаз-қаз басқан қадамына күдікпен қараса, не дерсің?! Қып-қызыл партиялық билетін күресінге тастамай, талайға дейін сандықтың түбінде сақтаған адамдар да болған деседі. Осының өзі кей адамдардың қандай көзқараста болғанын көрсетпей ме? Ал сол кезде Қазақстанға әлемнің әр түкпірінен инвесторлар келіп жатты. Өз ішіңде өз күшіңе сенбейтіндер болғанда, сырттан біреудің келіп саған ақша салғаны таңғалатындай құбылыс қой. Оның бәрі, енді, Елбасының жер-жаһанды шарлап жүріп инвестор шақырып, біздің жұртта зор болашақ барына оларды сендіргенінің арқасы екені адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайтыны ақиқат. ...1993 жыл еді. Жаз кезі болатын. Біздің әкей үлкен шаңырақтан әлі енші­сін алып шықпаған. Бір қораның ішін­де салынған үш үйдің шеткісінде тұратын­быз. Үш бөлменің кіреберісін асүй ретінде пайдаланып, ортаңғысына қонақ жайлап, түкпіргі тұсын жатын бөлме ретінде пайдаланар едік. Сондай шуақты сәттердің бірінде абыр-сабырға түстік те қалдық. Ортаңғы бөлменің екі шетіне үлкен екі бөрене қойылды. Қосымша тақтайлар тасталды. Өрмекшінің өрімін­дей қылып оған түрлі жіп байланды. Жүн әкелінді. Жіп есілді. Олар түрлі түске­ боялды. Қыз-қырқыны бар бес-алты адам әлгі тартылған жіптің қос тұсына түсіп алып, қолдарындағы басы тарақ сияқтанған ағашпен тоқпақтап соғып, артық жіпті қайшымен, я болмаса пышақ­пен қырқып бірдеңе жасай бастады. Үлкен­дерден не істеп жатқанын сұрау қиын. Саған қарайтын мұршалары жоқ. Жақын­дап кетсең, жұмсап жібереді. «Ана ағашты түзей қой, су әкеле сал, қазанның асты­на­ отын таста, самаурынға су құйып, шай­ қайнат, жіптің бір басын ұстап отыр» деген сықылды тапсырмалары таусылмайды. Күнмен таласа басталатын жұмыстары түннің бір уағына дейін жалғасады. Бәрі көңілді. Арасында ән айтады. Кейде көрші-көлемді сөз қылып жатады. Әйтеуір, ауыздары мен қолдары қатар жұмыс істейтін. Бірер аптадан кейін жасап жатқан жұмыстарының сұлбасы айқындалғандай. Қып-қызыл жіп кілем болып тоқылып жатыр еді. Екі шетіне қазақтың түрлі ою-өрнектері түсті. Бұрын үйдегілер киіз басатын. Оның жұмысы оңай тәрізді көрінген. Үлкен бір жайманың үстіне жүнді кеңінен жайып тастайтын. Бетіне өрнектерін салатын. Сосын ыстық суды құйып, әлгіні орап, әрі-бері илейтін. Соқталдай жігіттер қолмен итеріп, аяқпен тепкілеп, арқанмен тартып әуре-сарсаңға түсетін. Қызық көрген біз секілді баланы жақтырмайтын еді. Желке тұстан шапалақпен тартып жіберіп алайып бір қарағанда, ана жерде құр сандалып жүргеніңе өзің біртүрлі ұялатынсың. Ақыр соңы әлгі жайманы ашқан кезде киіз де дайын болатын. Оны кептіріп, қалған кем-кетігін реттеп, бір аптадан кейін астыңа төсеп, әжеңнің етегіне оралып жататынсың. Кілем тоқыған дегеніңіздің шаруасы шаш-етектен екен. Үйдің іші ыбырсып кеткені былай тұрсын, кілемшілердің қалай қателесіп, шатасып кетпейтініне таң боласың. Себебі, екі шеті біп-бірдей. Айырмасы жоқ. Содан күндер өте берді. Қыз-қырқынның жұмысы тоқтамады. Бір айдан кейін қызыл кілемнің жоғары жағына әріптер түсе бастады. Ал өкпе тұсына дақ сияқты бірдеңелер пайда болды. «Бұл не»-леп қоймаймыз. Жұмыстан шаршап отырса да, іштей зерігетін кілемшілер не екенін айтпайды. Шешемізге сауал тастаймыз. Кілемшілердің басшысы ғой енді. «Көре­сің», дейді де қояды. Кілемнің сол жағынан «В» деген әріп түсті. Оң жағын­дағысында «С» әрпі анық көрініп тұр. Партизандар секілді іштеріне бүккенін айтпайтындарын қайтерсің? Сұрай-сұрай біз де жалыққанбыз. Әйтеуір әкеміз кілем тоқып жатқан әйелдердің жұмысын үнемі бақылап жүреді. Әншейінде үй шаруасына араласпайтын. Бірақ бұ жолы базардан керек-жарақ әкеледі. Тіпті, азық-түлікке дейін өзі таситынды шығарды. Қайбір жетіскен азық-түлік дейсіз, барлығы қат заман ғой. Тоқылып жатқан кілемнің кем-кетігін бірден байқап, ұнамаған жерін сөктіріп, қайта жасатып отырады. Шалдың баласы болып «аға» дегенімізбен, әкеміз екенін іштей анық сезетінбіз. Сондықтан оған да артық сұрақ қоя алмайсың. Дегенмен, ол кісінің дәл осылай бәйек болғанын бірінші рет көріп отырмыз. Бала ойымыз оның неліктен бұлай екеніне бәрібір жетпейді. Артығы жоқ, кемі жоқ, қызыл кілем тура екі айда тоқылып бітті. Өкпе тұсындағы дақ деп жүргеніміз жапырақ екен. Қып-қызыл кілемнің бетіне аппақ болып жапырақтың бейнесі түсіпті. Ал жоғарыдағы сөздің шешуі толық табылды. Басын құрай алмай жүргеніміз «Вернер Венсель мырзаға – 60 жас» деген сөйлем екен. Енді «Вернер Венсель» деген кім? Қазақ емес екені айқын. Орысқа да ұқсамайды. Сөйтсек, канадалық азамат болып шықты. «Хариккейн» деген канадалық компания бар екен. Осы мекеме Қазақстанға, оның ішінде Қызылорда облысына жұмыс істеуге келіпті. Нақты айтсақ, «Құмкөл» мұнай кенішін игеріп жатыр екен. Сөйтіп, «Хариккейн Құмкөл Мұнай» дейтін кәсіпорын қара алтынның өндірісімен айналысыпты. Мына Вернер сол кәсіпорынның бастығы көрінеді. Шетелдік инвестор 60 жасқа толып жатқанға ұқсайды. Осыған орай, біздің қазақтар канадалық әріптесіне қазақы кілем сыйламақ болыпты. Ол Қызылордадан әлдеқайда алыс жатқан Шиелі ауданының Еңбекші ауылындағы менің әкеме тапсырылыпты. Қызыл кілемнің екі шеті қазақы ою-өрнекпен әспеттеліп, төбесіне мерейтой иесінің аты-жөні жазылып, ортасына Канаданың туында бедерленген үйеңкі жапырағы салынуының сыры осы екен. Кейін есейіп, ат жалын тартып мінген шақта баяғы әкемізден сұрай алмай кеткен дүниенің мәніне бойлау үшін қайта ораламыз ғой. Оның да еш құпиялылығы жоқ болып шықты. Біздің әкей заманның кең шағында курортқа көп баратын. Сондай бір демалыс «Сарыағаш» санаторийінде өтіпті. Осы кезде Роберт Бердіғожин деген азаматпен танысады. Ал Бердіғожин жаңағы Қазақстан мен Канаданың екі жақтап ашқан «Хариккейн Құмкөл Мұнай» компаниясында басшылық қызметтің бірінде болады. Кілем тоқу керек болғанда санаторийдегі танысы есіне түсіп, бұйымтай айтқан. Килем току Айтпақшы, кілем дайын болған кезде әкей үйде жоқ болатын. Біздің ауылға тұрқы бөлек машина келді. Есік пен төрдей. Ағам айдайтын «УАЗ» автөлігіне ұқсағанымен, одан әлдеқайда келбетті, тартымды. Есігінде ағылшынша «Jeep» деген жазуы бар. Біз бүгінде екінің бірі тақымдайтын джипті ең алғаш сол кезде көрген едік. Әдемі киінген, өзін өте сабырлы ұстайтын кісі жүргізушісіне қызыл кілемді көлікке салуды тапсырды. Солайша, біздің анамыз бастаған қыз-қырқынға екі ай жұмыс болған кілемді алып кетті. Әкем келіп, кілемнің жоқтығын көргенде шешеміздің біраз қапа болғаны есте. Сөйтсек, кілемнің ақысы төленбеген екен. Бірақ мұнай компаниясының басшылығы адал адамдар ғой. Кілемнің ақысын толық өтепті кейіннен. Дегенмен, әлі күнге дейін қызыл кілемнің қаншаға бағаланғанын білмейміз. Әкемізден сұрасақ, күледі де қояды. Бірақ кілемшілер үйден күлімдеп шыққан. Ал біздің со жылы жыртық киіміміз бүтінделіп, қантпен шай ішіп, жырғап қалғанымыз жадымызда. Осы күні қарап отырсақ, біздің әкей интеграциялық құбылыстың бел ортасында жүрмесе де, маңында болыпты. Шетелдік инвесторлардың қандай екенін, жұмыс тәсілін, ақы төлеу амалдарын көзі­мен көріпті. Әлдебіреулер секілді сырттан келген адамды тыңшы не жансыз деп емес, әріптес ретінде қабылдап, олармен бірлесіп шаруа атқаруға болатынына көз жеткізіпті. Осы бір кішкентай мысалдың өзінен қазақ халқының өзге жұрттармен қоян-қолтық араласып, тіл табысып жұмыс істей алатынын көретін секілдіміз. Ұмытып барады екенбіз. Қызылордаға жұмысқа келгеннен кейін баяғыда аты өзімізге таңсық болып естілген Венсель туралы, оған қазақтар сыйлаған қызыл кілем жайында сұрастырып жүрдік. Сөйтсек, біздің ауылдың әйелдері тоқыған қызыл кілем Вернер Венсельдің Канададағы үйінде ілулі тұр екен. Куәгерлер осылай дейді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.