Руханият • 12 Қаңтар, 2023

Минскіде өнер көрсетеді

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел астанасының мәдениет ошағына айналған «Астана Опера» театры ұжымынан шығармашылық жаңалықтарды жиі естиміз. Мәселен, театр солисі Анастасия Заклинская мен театрдың балет труппасының әртісі Диас Құрманғазы 29 қаңтарда Беларусь Үлкен театрының сахнасында А.Аданның «Жизель» балетінде басты партияларда өнер көрсетеді. Дирижер тұғырында – маэстро Юрий Караваев (Беларусь).

Минскіде өнер көрсетеді

Елес қыздар жайлы көне мистикалық аңыз желісімен жазылған «Жизель» – көп­ші­лікке танымал балет. Ең ал­ғаш 1841 жылы 28 маусымда Париждегі Grand Opera сах­насында қойылып еді. Осы күннен соң композитор А.Адан­ның есімі жаңаша та­ныла бастады. Махаббат, кінә, шынайы кешірім мен өзін-өзі құрбан ету секілді мәң­­гілік тақырыптарға құ­рыл­ған шығарма беймәлім қиял-ғажайып әлеммен астасып жатыр.

– Шын махаббат қана бәрін жеңе алады. Сахнаға Жизель партиясын орындауға әр кез зор толғаныспен шығамын. Бұл балет өзіме қатты ұнайды, бас­тан кешіретін эмоцияла­рым да әртүрлі. Жеңіл пар­тия деп айта алмаймын, тех­никалық тұрғыда күрделі әрі бұл драмалық балетте бейненің эмоционалдық қа­нықтығын түгел жеткізу ма­ңызды. Сондай-ақ мұның Диас үшін де, мен үшін де балеттегі жетекші партияларды басқа труппамен орындауда алғаш­қы тәжірибе болатыны бізге ай­рықша жа­уапкершілік жүк­тейді, – дейді Анастасия Заклинская.

Ал Диас Құрманғазы шы­ғар­маны жеткізудегі әсе­рін айтты. «Маған Жи­зель мен Альберттің дуэтін­­дегі терең уа­йым, нә­зіктік пен ке­шірімді жет­кізу маңызды болды. Пар­тия­лар­­дың жеңілі болмайды, бар­лығының өзіндік техни­ка­лық, актерлік тұрғыда қиын­дықтары бар. Алайда біздің басты мақсатымыз – беларусь қауымына зор эмоция сыйлау», деді ол.

Қазақстан әртістері «Жи­зель» балетінің жаңа редакциясында өнер көрсетеді, оның премьерасы Беларусьте былтыр 28 қыркүйекте өткен болатын.