Саясат • 12 Қаңтар, 2023

Кәсіподақтан шыққан дау: кінәлі кім?

751 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына» қатысты түрлі алыпқашпа әңгіме соңғы уақытта жиі қозғалып жүр. Ұйым 2019 жылы алғаш пайда болғанда кәсіподақ мүшелерін «жеңіл жолмен» жинап алған дейді бұрынғы әріптестері. Қазіргі күні құрамында 5 мың мүшесі бар бірлестіктің төрағасына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-ның облыстық филиалын заңсыз түрде жойды, ондағы қаржы-шаруашылық құжаттарының көзін қасақана құртты деген кінә тағылып отыр.

Кәсіподақтан шыққан дау: кінәлі кім?

 

Салалық филиал неге жойылды?

Жергілікті кәсіподақ 2019 жыл­дың 29 қазанында өңірлік Әділет департаментінде тіркеуден өтіп, оны сол уақытта «Қазақстандық салалық мә­дениет, спорт, туризм және ақпа­рат қызметкерлерінің кәсіптік ода­ғы» қоғамдық бірлестігінің Павло­дар облысындағы төрағасы Алма­гүл Қозбаева өз басқаруына алған. Мемлекеттік тіркеу туралы анық­тамада А.Қозбаевадан бөлек, А.Букаева, М.Бельгибаев, Б.Жуматаева, Ш.Каримо­ва, К.Исаханова, Е.Сорокина, Ж.Сагим­баева, К.Бейсембаева, Э.Абетжанова құрылтайшылар деп көрсетілген. Былай қарасаң, заңды тіркеуден өткен, жарғымен жұмыс істейтін қалыпты ұйым. Дей тұрғанмен, бірлестік өзі­нің алғашқы қадамдарында біраз заңсыздыққа барды деп санайды әріптестері.

Қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының қазіргі төрағасы Ерке­ғали Жанғазының айтуынша, ұйым құрылғанда «үй ішінен үй тігу» қағи­да­сын ұстанған.

Мәселе былай, А.Қозбаева 2016 жылдан 2019 жылдың соңына дейін кәсіптік одағының өңірдегі бөлімшесінің тізгінін ұстап келген. Оның кандидатурасын сол кезде облыс басшылығы мен мәдениет басқармасының жетекшілері ұсынып, сайлатып жіберген көрінеді. Бұл мансапқа дейін ол облыстық ішкі сая­сат басқармасында жауапты қызмет атқарған. 2019 жылдың қазан айында ол екінші кәсіподақ ұйымы – «Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіп­одағы» қоғамдық бірлестігін құрып, салалық кәсіподаққа мүше болып отырған 5 мың адамды бір демде өз ұйымына аударып алады. «Ал салалық кәсіподақты өз қолымен ыдыратып, түгелдей жояды», дейді Е.Жанғазы.

Сөйтіп, барлық үдерісті іске асырып болған соң, 2020 жылдың қаңтар айында салалық кәсіптік одақтың орталық кеңсесіне аймақтағы бөлімше жұмысын тоқтатқаны, оның құрамында бірде-бір мүше қалмағаны туралы хабарлама түсіреді.

– Салалық кәсіподақтың филиа­лын жою туралы шешімді сол фи­лиал­дағы атқарушы комитет мүше­лері қабылдайды. Бұл шешім сол уақытта салалық кәсіподақтың орта­­лық кеңсесіндегілерге төбеден жай түскендей әсер еткені даусыз. Себе­бі қоғамдық бірлестіктің жарғы­сын­дағы 5.2-тармағында құрылымдық бөлімшелерді жою туралы шешім кәсіподақтың съезінде ғана қабылданады делінген. А.Қозбаева ол талапты белше­сінен басып қана қоймай, бір демде барлық 5 мың мүшені өзінің жергілікті кәсіподақ ұйымына көшіре салған. Мәдениет және спорт мекемелерінің көбі ауылдық жерлерде орналасқан ғой. Көңілдерінде еш күдік жоқ, бұрынғы кәсіподақ төрағасының аты-жөні тұрған соң мәселенің байыбына бармай жаңа ұйымға өтіп кете берген. Білуімізше, жергілікті кәсіподаққа облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, сол кездегі мәдениет және спорт басқармаларының басшылары қолдау жасаған. Кейін бұл мәселе бойынша дау туындап, салалық кәсіподақтың республикалық ұйымынан жауапты адамдар келгенде Алмагүл Қозбаева оларды кеңсесінің табалдырығынан аттатпай қуып шығады, – дейді Е.Жанғазы.

Бір қызығы, салалық кәсіподақ 5 мың мүшесін жергілікті ұйым тартып әкеткеніне қарамастан қайтадан аяққа тұрмаққа әрекеттеніп, республикадан біраз адам келіп филиалды сол жылы қайтадан құра бастайды. Төрағалыққа ішкі істер органының ардагері Нұргүл Қайырденованы шақырып, саладағы шаруаны реттеп беруді өтінеді.

– 2020 жылы ақпанда филиал қайта ашылып, төрағалыққа шақырғанда мен мұндағы жағдайға қайран қалдым. Әуелі байқағаным, салалық кәсіподақ бөлімшесінің соңғы үш жылдағы қаржы-шаруашылық құжаттары түп-түгел жойып жіберілген, түк таппадық. Есепшотта бір теңге де қаражат қалмаған. Бірлестіктің республикалық өкілдері Алматыдан тәуелсіз аудиторлық компанияны шақыртып, 2017 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың қаңтарына дейінгі аралыққа қаржы-шаруашылық мәселелері бойынша тексеріс жасатты. Менің мақсатым – филиалды қай­тадан аяққа тұрғызу еді. Ауыл-аудан­дардың барлығын асықпай аралап, сала қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырдым. Барлығын асықпай түсіндіріп, кезінде білместікпен өзге ұйымға өтіп кеткендерін айттым. Қан­шама еңбек жасалып, тер төгіл­ді. Сол тердің өтеуі болар, менің сөзі­ме тоқтаған 17 еңбек ұйымы біздің кәсіп­одаққа қайтып оралды. Мәселен, Баян­ауылдағы аудандық мәдениет үйі­нің ұжымы түгелдей мүше болды. Сөйтіп, мыңға жуық адамды өз қана­тымызға жинап, филиалды сақтап қал­дық. Одан соң кәсіпорындар мен мекемелердегі қызметкерлердің жылдар бойы қордаланып қалған мәселелеріне зер салдым. Олардың мұң-мұқтажын ешкім тыңдамаған, мәселелерін жоғары жаққа жеткізбеген. Жұрт кәсіподаққа сенуден қалған ғой. Ауқымды шаруалар арқылы біз салалық кәсіподақтың еңбек ұйымдары үшін аса қажет екенін іс жүзінде дәлелдедік, – дейді филиал­ды жылға жуық басқарған Нұргүл Әмен­тайқызы.

 

Аудиторық тексеріс нені көрсетті?

Қолымызға «Abzal Audit» тәуел­сіз аудиторлық компаниясының пав­ло­дарлық салалық кәсіподақтың 2017-2020 жылдардағы қаржы-шаруа­шылық құжаттарына жүргізген аудит­тік тексе­рісінің акті түсті. Оған үңілге­німізде көп­теген кемшілікті көзіміз шалды. 3 жыл ішінде кәсіподақ басшысы мен заңгері ұйым кассасынан көлемді мөлшерде ақша алып отырған. Алайда оларды растайтын құжаттары болмай шыққан.

2020 жылдың 28 шілдесінде жасалған тексеру қорытындысында: «01.04.2017 жылдан 20.01.2020 жылға дейінгі кезеңде төраға А.Қозбаеваның Салалық кәсіп­одақтың Павлодар облыстық филиа­лы алдындағы борышы 6 373 774, 34 тең­гені құрайды. Осы кезеңде заң­гер М.Бель­гибаевтың кәсіподақ алдын­дағы қарызы 101 855 теңге болған. 2020 жыл­дың 20 қаңтарына дейін павло­дарлық филиалдың өңірдегі бастауыш кәсіп­о­дақ ұйымдары алдындағы қарызы 2 165 436 теңгені құрады», деп жазылады.

Облыстық филиалдың қызметкерлері 2017 жылы еңбек демалысына шық­қанда бір айлық жалақысының екі еселенген мөлшерінде материалдық көмек көрсетілген. Мәселен, филиал тө­рағасына – 521 947, бухгалтер А.Бу­каеваға – 282 253, қызметкер К.Ри­бергке 349 999 теңге төленген. Алайда олар бойынша кәсіподақтағы атқару комитетінің немесе кеңестің шешімдері жоқ болып шығады.

2018 жылы кәсіподақ филиалы атқару комитеті мен кеңестің шеші­мінсіз кәсіподақтың бірқатар мүше­сіне санаторийге жолдама беру үшін жалпы сомасы 719 000 теңге бөл­ген. Бұл тізімде 5 адамның аты-жөні көрсетілгенімен, сол кездегі Г.По­та­­­нин атындағы тарихи-өлкетану му­зейі­­нің басшысы Г.Нұрахметованың ен­шісіне бақандай 572 000 теңге қара­жат тигенін көреміз. Музей директоры бұл ақшаға «Мойылды» және «Көк­тем» санаторийлеріне барып, демалып қайтқан. Кәсіподақ төрағасының Г.Нұрахметоваға ықыласы не себепті ерекше ауғаны беймәлім. Алайда музей басшысының аталған санаторийлерде болған-болмағаны құжат жүзінде дәлелденбеген, сондықтан ол қаражат кә­сіп­одақ кассасына қайтарылуы керек делінеді актіде.

Ал 2019 жылы филиал тағы сол тиіс­ті шешімсіз 10 адамға 269 652 тең­ге бөлгені айтылады. Мұнда да әр қыз­меткерге түрлі сомада көмек көрсе­тіл­ген.

Атап өтерлігі, кәсіподақтың жарғы­сына кереғар келетін бұл қаржы­лық шығындар, яғни құжат немесе шешім тұрғысынан расталмаған төлемдер тек банктерден алынған анықтамалар мен көшірмелер негізінде тексеріліпті. Филиалдағы соңғы үш жылдың бухгал­терлік қағаздары жойылып кетуі себепті тексерісті толыққанды жүргізу мүмкін болмаған.

 

Кәсіподақ басшысының айтары бар

Мәселенің ізімен екінші тарапты да сөйлетуге тырыстық. А.Қозбаевамен телефон арқылы тілдесіп, даулы жайтқа қатысты айтар уәжіне құлақ түрдік.

– Мені көбі жергілікті кәсіподақты заңсыз құрды деп айыптайды. Заңда мұндай ұйым құруға рұқсат беретінін айтқым келеді. Жергілікті ұйым тек бізде емес, Алматыда, Шығыс Қазақстанда, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бар. Біле білсеңіз, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы С.Иманқұлова бұл салаға монополия жасап алған. Әрі жергілікті еңбек ұйымдарынан жи­налатын жарнаның 10 пайызы бұ­ған дейін республикалық кеңсеге төле­ніп келді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, салалық кәсіподаққа мүше мекемелер мен кәсіпорындарға жарнаның 60 пайызы ғана қайтады. Қалған 40 пайыздың 30 пайызын жергілікті филиал иеленеді. Ал негізгі жұмысты жүргізетін өңірлердегі филиалдар емес пе? Бұрын С.Иманқұловаға бір біздің филиал жыл сайын 4 млн теңгедей аударатын. Филиалға адамдар көмек сұрап жиі келетін, ал біздің қолымызда ақша жоқ. Ойлана келе, республикаға кететін қаражат өзіміздің өңірде қалып, қарапайым еңбеккерлердің игілігіне жұмсалуы керек деген шешімге кел­дік. Сөйтіп, осы ұйымды құрдық. Біз­дің жергілікті ұйымға мүше еңбек ұжым­дарына жарнаның 64 пайызы қайтарып беріледі. Оның үстіне біз кәсіподақ мүшелері тәрбиелеп отырған мүгедек балаларға 18 жасқа толғанша ай сайын 20 мың теңгеден жәрдемақы төлейміз. Бүгінде мұндай көмекті шамамен 22-24 бала алып отыр. Пандемия кезінде өкпесі зақымданған азаматтарға 20-50 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілді. 2020 жылы – 48, 2021 жылы 54 азамат біздің көмегімізге ие болды, – дейді ол.

Алмагүл Зейноллақызы, бұған қоса, кәсіптік одағы «Еңбек даңқы» төс белгісін жасату үшін 10 мың теңгеден ақша алып келгенін, шын мәнінде, Шығыс Қазақстандағы «Монетный двор» компаниясында оны жасату не­бәрі 6 мың теңге тұратынын айтады. Осындай негізсіз шығындар пав­лодарлық филиалды әбден зәрезап қыл­ған сыңайлы. Тіпті қоғамдық бірлес­тіктің төрағасы Павлодарға келгенде оның жолсапар шығынын да филиал көтеріп отырғанын айтады.

2016 жылға дейін павлодарлық салалық кәсіподақ төрағасы болып тұрған В.Истомина да филиалға аз шығын алып келмеген тәрізді. А.Қозбаева алғаш жетекші болып тағайындалғанда өзі жасатқан аудиторлық есепте 1,7 млн теңгенің жетіспейтіні анықталды дейді. Бұған қоса, ол 5 мың адамды салалық кәсіподақтан тартып алды деген қауесет шындыққа жанаспайды, әр ұжыммен жеке сөйлесіп, көндірдік дейді. Қазіргі күні жергілікті кәсіподақ өңірдегі еңбек ұйымдарымен ұжымдық шарт негізінде жұмыс істейтінін де атап өтті. Бұған дейін бірлестік «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-ға хабарласып: «Аймақтардың сіздерге беретін жарна пайызын төмендетіңіздер, біз сіздерге филиал болып тіркелейік» деген ұсыныс айтыпты. Бірақ орталық кеңсе бұл ұсыныстан бас тартты», дейді Алмагүл Зейноллақызы.

 

Заң не дейді?

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызмет­керлерінің кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Иман­қ­ұлова әу бастан-ақ А.Қозбаеваның әре­кеті заң шеңберіне сыймағанын айтады.

– Павлодарлық филиал сонау 90-жыл­­­­дардан бергі жұмыс істеп тұр­ған, мықты кәсіподақтардың бірі еді. Ал­ма­гүл Қозбаева оны үш жыл ішін­де тоз-тозын шығарып, жойып жі­бер­ді. Ұйымның жарғысында кез келген филиалдың қайта құрылуы немесе жабылуы туралы шешімді кеңес қа­на қабылдайды деп тайға таңба бас­қан­дай көрсетілген. Бұл талапты ол өрес­кел бұзды. 2020 жылы Астанадан өз ұйы­мы­мыз комиссия құрып, Павлодарға бар­ғанда Алмагүл Зейноллақызы біз­ді филиалдың кеңсесіне кіргізбеді. Бөл­­мені өзінің бірлестігіне тіркеп алға­нын айтып, долданып, есік көзінен әрі өткізбеді. Бұл жағдай арқамызға аяз­дай батып, жергілікті басшыларға кіріп, мәселемен шұғылдануды өтініп едік. Сол тұста облыс әкімінің орынбасары болған, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жергілікті кәсіподақтың әрекетін қолдап, қор­ғаш­тады. Облыстық ақпарат және қоғам­дық даму басқармасының басшысы Бауыржан Қапеновке қанша мәрте ха­барлассақ та, барлық өтінішімізді аяқ­ас­ты етті. Осының барлығы сайып келгенде олардың заңсыздықпен әрекет еткен Алмагүл ханымды қолдайтынын байқатса керек. Кейін аудиттік тексеріс барлық былықты әшкереледі, – дейді Светлана Кеңесқызы.

Ал Еркеғали Жанғазының сөзіне сүйен­сек, кез келген кәсіподақ белгілі бір салаға арналғандықтан жергілікті филиалдардың сол ұйымдар бағынатын министрліктермен әлеуметтік серіктес­тік туралы шарттары болуы керек. Ең­бек даулары бола қалған жағдайда ең­бек­керлердің мүддесі мен құқығы соған сүйеніп шешіледі. Ал Павлодар облы­сының жергілікті кәсіподағында мұндай құжат мүлде жоқ көрінеді. Екіншіден, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңында жергілікті кәсіподақтар республикалық ұйымдарға мүше бола алады деп көрсетілген. Бірлестік бұл талап үдесінен де шыға алмайды дейді ол.

«Кәсіподақтар туралы» Заңның 14-бабында: «Жергілікті кәсіподақтың са­лалық кәсіподақтың және (немесе) аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жарғысын сақтау шарттарымен мүшелік ұйым ретінде олардың құрамына кіру­ге құқығы бар» деп жазылған. Пав­ло­­дар облысының аумақтық кәсіп­одақ­тар бірлестігінің төрағасы Д.Айт­жанованың сөзінше, заңның бұл тар­ма­ғы жергілікті кәсіподақтың өзге бір­лестіктерге кіру-кірмеу құқығын өз таңдауына қалдырады. Ал жергілікті кәсіподақтардың жұмысын бағалау ешбір бірлестіктің құзыретіне кірмейді.

Заңда жазылғандай, кәсіподақ бір­лес­тіктерін құзырлы органдар тексе­ре алмайды. Оларды тек ұйымның съезін­де сайланған тексеру комиссиялары тексеруі мүмкін. Мұндай комиссия­ға кәсіп­одақ мүшелері және тәуелсіз ау­ди­­­тор­лық ұйымдардың өкілдері мү­ше бола алады. Соған қарағанда, бір Пав­лодарда ғана емес, өзге де аймақ­тардағы кәсіподақ ұйымдарында жоға­рыдағыдай өрескел әрекеттер, қаржылық кемшіліктер орын алып жатуы ғажап емес. Есептілік болмаған соң олардың ақ-қарасын ажырату мүмкін емес. Бүгінде елдегі барлық кәсіподақ ұйымының қаржысы бақылаусыз күй кешуде.

 

Павлодар облысы