Саясат • 12 Қаңтар, 2023

Сұйытылған газ бағасы реттеле ме?

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Пала­таның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында сұйытылған газ айналымын реттеуге қатысты құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар бірқатар заң жобасын жұмысқа алды.

Сұйытылған газ бағасы реттеле ме?

Жалпы отырыста қаралған негізгі заң жобасының бірі – «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу үдеріс­терінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат. Заң жобасы сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеуге бағытталған. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізу кезінде бағаларды мемлекеттік реттеу тәртібін өзгертуді көздейді. Сұйытылған газ бағаларын белгілеу, толық автоматтандыру және Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізу үшін нарықты реттеу қарастырылған.

«Нарық субъектілерінің фискалдық деректер операторына ақпарат беру жөнін­дегі міндеттемелері кеңейтіледі. Бұл бөлшек сауданың көлемі, бағасы, нақты уақыты мен орны туралы ақпаратты қамтиды. Сонымен қатар сұйытылған газ нарығы­ның инфрақұрылым нысандарының анық­тамалары мен функционалдық мүмкіндіктері нақтыланды. Бұл өнеркәсіптік кешендерге, жанармай құю стансаларына, газ құю стансаларына, газ тарату қондырғыларына және басқа да нысандарға қатысты», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Екатерина Смышляева.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, сұйытылған газды өндіруден тұтынушыға өткізуге дейінгі тізбектегі ұйымдарды есепке алу тәртібі ұсынылып отыр. Сонымен қатар заң жобасы энер­гетика саласындағы уәкілетті органға сұйытылған газға баға белгілеу әдістемесін анықтау, оны өндіру сатысында да, бөлшек сауда да, өткізу сатысында да реттеу құқығын беруді көздейді.

«Енгізіліп жатқан өзгерістер нарықты реттеу үдерісін қайта қараумен қатар, оны толық автоматтандыруға және Энергетика министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізуге дайындауға мүмкіндік береді», деді Е.Смышляева.

Бұдан кейін «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе бойынша Премьер-министр­дің орынбасары – Сауда және интеграция ми­нистрі Серік Жұманғарин баяндама жасады.

«Аталған келісімді жасасу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабында тікелей көзделген. Келісім мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара сау­дасындағы Одақтың техникалық регламент­тері қолданылатын өнімге қатысты техни­калық кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды. Бүгінде одақтың 52 техникалық регламенті қабылданды. Оның 45-і күшіне енді», деді С.Жұманғарин.

Оған қоса министр келісімді қабылдау одақта және үшінші елдің аумағында белгіленген міндет, талаптардың салыс­тыр­ма­лылығын айқындау негізінде, сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Келісімде мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етуге тиіс екендігі көзделген. Ұсынылған тәсіл отан­дық өнімді ілгерілетуге бағытталған, келісім­де бастапқыда қолданыстағы заңнама­ның барлық талаптары ескерілген. Осыған бай­ланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге алып келмейді», деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынты­мақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

«Келісімді ратификациялау бойынша заң жобасын қабылдау мыналарды қамтамасыз етеді. Карантинге жатқызылған өнімнің орнын ауыстыру кезінде елдеріміздің саламатты фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында одан әрі ынтымақтастықты дамытады. Өсімдіктер карантині саласындағы жаңа нормативтік актілер және карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбелері туралы ақпаратпен алмасады. Екі ел аумағының фитосанитарлық жай-күйі туралы өзара хабардар етіледі. Зерттеу және диагностикалау тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастық жүзеге асырылады», деді баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сала басшысының айтуынша, өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемі шамамен 200,0 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде негізгі көлем дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы) болса, экспортқа шығарылатын өнімнің көп бөлігі күріш пен бұршақ дақылдарынан тұрады.

«Әзербайжан Республикасынан Қазақ­стан аумағына жылына шамамен 14,5 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері келеді. Әзербайжаннан келетін импорт негізінен алма, алмұрт, анар, жүзім, жаңғақтар және цитрус жемістерінің түрлерінен тұрады. Сонымен қатар елдер арасында орны ауыстырылатын карантинге жатқызылған өнімнің үлкен көлемін ескере отырып, Тараптардың аумағына карантиндік объектілердің ену қаупі бар, олардың таралуы екі ел аумағының фитосанитарлық жай-күйіне теріс әсер етеді. Өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметтердің бірлескен іс-шаралары мен өзара іс-қимылы орны ауыстырылатын өнімге қажетті фитосанитарлық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Қазақстанның экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізеді», деді Е.Қарашөкеев.

Мәжіліс депутаттары екі заң жобасын ратификациялап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжіліс депутаттарын сайлау мәселесі қаралды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасына парламентарийлердің ұсыныстарын қарау үшін Берік Бекжанов, Серік Ерубаев және Ерлан Смайыловты сайлады. Қосымша баяндамашы болып Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов тағайындалды.

Жиын барысында Мәжіліс комитеттері 13 заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Үкімет сағатында талқыланған Әлеуметтік кодекс жобасы да бар. Сондай-ақ жылу энергетикасы туралы, Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару және соған байланысты өзгерістер мен толықтырулар туралы, кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру және жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары.

Сонымен қатар мәжілісмендер Әкім­ші­лік және Салық кодекстеріне, кейбір консти­ту­циялық заңдарға өзгерістер мен толықты­ру­ларды, сондай-ақ бірқатар ратификациялық заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс де­путаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігі мер­зімінен бұрын тоқтатылды. Палата спикері Ерлан Қошанов оған еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Елнұр Бейсенбаев 4 қаңтарда «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалған-ды.

Жиын соңында депутаттар тиісті мем­лекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.