11 Маусым, 2014

Суреткердің парасат биігі

1137 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
төлен 001 - копияТөлен Әбдіков – әдебиет көгінде жарқ етіп көрінген аса үлкен талант. Осыдан жарты ғасыр бұрын алғашқы туындылары жариялана бастаған қаламгер атына айтылған жоғары құрмет күні бүгінге дейін өз биігінен еш аласарған емес. Керісінше, дүниеге келген әр шығармасы қазақ прозасында құбылыс саналған жазушының жұлдызы тым асқақтап, одан бетер жарқырай түскен. Ғажайып әсерге бөленген күйде «Таңғы шық» жинағындағы Төкеңнің «Райханын» зерделей оқи бастадым. Мойындаған жөн, бая-ғы-да бұл сезімге толы дүниені терең түсінбей, желе-жорыта сыдыртып шыққан сияқтымын. Он жеті-он сегіз жастағы бозымның қалам сілтесі мүлдем ерек. Әдеттегі сүйіспеншілік, адамгершілік тақырыбына жазылған махаббат әңгімелерінде кібіртіктеп жататын селкеуліктер ұшыраспайды. Жалаң баяндауға құрылған трафареттен аулақ. «Сүйдім», «күйдім» деген жаттандылық жоқ. Кейіпкердің жан әлеміне жіті үңіліп, адамгершілік асыл қасиеттерін мейлінше ашып көрсетуге ұмтылған автордың соны ізденісі көзге ұрып-ақ тұр. Шып-шымыр психологиялық шығарманың композициялық арқауы бекем тартылғандықтан, сюжет желісі шашырамай, оқиға динамизмі сәл сәтке босаңсымай, жинақы да, ширақ өрбиді. Сезім қылын қозғап, бірден баурап алар қызуы бәсеңсімей өрши түсер әңгіменің ішкі иіріміне қалай батқаныңды да білмей қаласың-ау. Жүрекке алабөтен шуақ үйірген шығарманы бүге-шігесін жаңғақша шағып, бұтарлап талдамай-ақ жазушы жаңалығына, қалам құдіретіне назар аударғымыз келді. Теңіз дәмі – тамшыдан. Осы орайда әңгіменің әлқиссасындағы сырашар кілтке жанар жүгіртейікші. «– Менің өмірімде ешкімге де жарияламай өзім ғана білетін және сол үшін бүкіл тағдырыма риза болып, сол үшін өзімді өзгелерден олжалы, бақытты санаған құпия сырым бар еді. Әртүрлі сәтсіздіктерден көңілім қалып, жабырқап жүргенімде тірлігімнің осы жұбанышын есіме түсіріп, соған өзім тып-тыныш мәз болып, тоңған денемді ыстық пешке жылытып тұрғандай бір сезімге келетінмін. – Адам болашағын жұртқа ұқсап ойлайды да, ал өткен өмірін ойлағанда ешкімге де ұқсамайды. Және ол ойы әдетте мұңды келеді. Өйткені, өткен өмір не өкінішті болады, не қуанышты болып, ол қуаныш өтіп кеткен уақыт сықылды қайтып оралмайтын қуаныш болады. Менің ол күндерге куә қылар қазір түгім де жоқ. Бірақ мен оған ашуландым ба? Тәкаппарлығым ұстап ойға алмауға тырыстым ба? О, жоқ! Өмір мені ұмытса, мен оны ұмытпаймын. Тыңда ендеше, басынан айтайын...» Ой тұнықтығы, ой тереңдігі, ой көкжиегі анық аңғарылар жас дарынның сөз саптауы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің пікірін еріксіз еске түсірген. Замандас әріптесінің жетпіс жылдық мерейтойы тұсында ол «Егемен Қазақстан» газетінде бүкпесіз былай дегені бар. «Қазақ прозасына алпысыншы жылдардың бел ортасында шоғыр-шоғыр боп талантты жастар келе бастады. Өртеңге өскен құрақ қамыстай олар бірінен соң бірі дүрмек-дүрмек боп кеп, бір-бірімен жарыса жазып, қазақ оқырмандарының кітапханасын жаңа шығармалармен байыта түсті. Ол шығармалар алдыңғы аға буынның шығармаларынан бөлекше тыныстағы, көп сөзділік пен шашыраңқы оқиғалардан арылған, жаңа ой мен жаңа идеяны образ табиғатына сіңіре білген, керексіз, жанама детальдардан тазарған, қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін жаңа биікке көтерген шын мәніндегі жаңа шығармалар болды... Жанталаса іздеудің жаңа жолын таңдаған шоғыр-шоғыр таланттардың ішінде жазушы Төлен Әбдіков те бар еді. Ол басқа замандастары секілді бұрқыратып көп те жазбады, қалың-қалың романдарға да бара қоймады. Өзіне қатал талап қоя білетін, артық-ауыс бір деталь, тіпті, орнын таппаған бір сөз үшін өзін-өзі кешіре алмайтын шын суреткер ретінде ол аз болса да саз жазуға, шығармашылық толғақ әбден меңдеп, жазбауға мүмкіндік қалмаған жағдайда ғана қолына қалам алуды өмірлік принципке айналдырды. Сондықтан да оның шығармалары санмен емес, сапамен өлшенеді, сондықтан да оның бір шығармасының салмағы өзгелердің қос қоржын кітаптарынан ауыр. Төленнің әр шығармасы баз біреулердің шығармалары секілді баспа жүзінде жарияланбайды, оның шығармасы дүниеге келеді. Ал дүниеге келетін шығармалар қашанда аз болатыны белгілі. Төлен көлем қуған жазушы емес. Оған барудан саналы түрде бас тартты. Бас тартқызған – оның өз ішінде туа бітті жайғасқан қатаң талап, өзін-өзі аямасқа бекінген ішкі «көркемдік» цензура, қалғаны әлемдік әдебиетті шарлап оқып, шаршамай ізденіп, бүгінгі прозаға қойылар талапты еркін игере білгендігінің нәтижесі». Тұтас бір монографияның жұлын өзегіндей көрінер осынау лебізде Әбдіков әлемі әдемі әспеттелген. Әсіре бояусыз кәнігі тамыршыдай дәл басып жеткізгені қуантады. Біз де тұңғыш туынды туралы әсерімізді ірке тұрып, ордалы ойға табан тіреп, уәлі сөзге жүгініп жатырмыз... Енді «Райханға» оралайық. Мөлдір лиризмге толы әңгіменің негізгі кейіпкері Ғазизге құлақ түрелік. Өйткені, оқиға бірінші жақпен баяндалады. Университетке қабылдау емтиханын тапсырып жүрген алау жүректі албырт жас КазПИ-дегі досы Мұратпен көрші бөлмеде тұратын Райханды көріп, қатты ұнатып қалады. Ғашықтық ұшқыны сезімін қарыған ол ең алғашқы сейілін Райханмен емес, оның құрбысы «бет-пішіні өткір, көздері тұнжыр, биік қабақты, сүйкімді» Дәмешпен өткізеді. Күтпеген, мүлдем ойға келмеген жәйт. Райханды іздеп келген оған Дәмеш «Ғазиз бүгін киноға барайықшы» деп ұсыныс жасайды тайсалмай. Өжет қыздың тілегінен бас тарта алмайды. Келіседі. Солқылдақтық жігітке жараспайтын мінез. Сөйтіп, Дәмешпен киноға барып, онан соң саябақта түн ортасы ауғанша серуендейді. Сырласады. Әдеттегі мұңды қабағы ашылған Дәмеш өзін бақыт құшағына бөленген жандай сезінеді. Жүрегі де бөлекше қуана лүпілдейтіндей. Бір көргеннен-ақ Ғазизді сүйіп қалғанын аңғарады. Алайда, қыз жолы жіңішке. Қанша қайсар болғанымен, бірдеңе деуге батылы бармайды. Жігіт мұны байқамайды. Жүрек тек Райханды іздейді. Түні бойы дөңбекшіп, ерекше елегізиді. Кірпіктері айқаспаған ол жанарының алдындағы Райханның бейнесімен іштей тілдеседі. «Менің сезімдерім өзімді көбіне алдап жүрсе де, мен оған қатты сенемін. Өйткені, адам өмір бойына алданып та, тілегі орындалып та бітпейді ғой...» 3909215402_cc4032f741_z - копия ...Жүрекке әмір жүрмейді. Ғазиз өзін құлай сүйген Дәмешке бұрылмайды. Райханға сүйіспеншілік сезімін білдіреді. Жиі кездесіп, ұзақ сырласып дегендей. Бақытты сәттер, қуанышты күндер біріне-бірі ұласады... Осындай мезеттерде Дәмеш пен Райханның жақын туыстар екенін де біледі. Райханның ағасы Дәмешті балалар үйінен тәрбиелеп алыпты. Екеуі қаршадайынан бір үйде өсіпті. Бірақ, бұған жете мән бермейді. Кішкентай кілтипанның тағдыр тегершігіне кедергі боп жабысарын да ұқпайды. Алғашқы махаббатымнан айырылып қаламын-ау деген ойдың ұшығы ойына кіріп-шықпаған жігіттің көңілі алаңсыз. Райхан да Ғазизге біртіндеп бауыр басып келе жатқандай еді. Жылға бергісіз, айға татырлық әр күннің қуанышы болашаққа қол создырғандай. Иә, солай секілді болатын. Онан кейінгі оқиғаны автор төмендегіше өрбітеді. «Арада үш күн өтті. Небәрі үш-ақ күн. Түскі асты кездейсоқ КазПИ-дің асханасынан ішіп, қайтып келе жатқанымда, жолай Райхандармен бірге жататын Нина деген орыс қызы кездесіп: – Дәмешпен қоштастың ба? – деді. Мен таң қалдым. – Қоштасқаны несі, ол осында емес пе? – Кетіп қалды оқуды тастап. Аянышты-ақ... – Ол күрсініп ештеңе түсінбейсің ғой деген адамша қарады. Мен «неге» дегенше болған жоқ, «кейін білерсің» деді жүріп бара жатып». Ертеңінде Райханды жатақханасына іздеп барғанда, ол кездескісі келмейтінін ескертіп, қыдыруға шықпады. Райхан онан кейін де ұстатпай қойған. Әр нәрсені сылтауратып қашқақтай береді. «Бүгін де уақытым жоқ, ертең кездесейікші...». Бөлмесіндегі қыздар да күдік бұлтын қоюлатып, «шаруасы боп, әлгінде ғана шығып кеткен» дейді. Тұла бойын қорқынышты үрей билеген Ғазиз уәделі сәтті сабырмен күтуге тырысқан. Басқа амал жоқ. Күйіп-піскенмен шарасыздық отына жанып кетпесің және анық. Сүйіктісі белгіленген жерге тағатсыздана жеткен. Әдеттегідей емес, жүзі солғындау, бет-әлпеті жүдеулеу шалынған Райхан көңілсіз тіл қатқан: «– Ғазиз, – деді Райхан батылданып, өзі басқа жаққа қарап тұрды. – Біз тым ұзап кетіппіз. Кінәлі өзім болуым мүмкін, бірақ сен кешір. Бәрін де ұмыт... – Неге? – дедім бір кезде даусым қарлығып. – Өмірде қателеспейтін адамдар болмайды. Соның бәрі өкінішті секілді. Бірақ мен бұл қатеме өкінбес едім... Біздің бұл қатынасымыздан бәрі бір ештеңе шықпайды... Менің жігітім бар... – Ол соңғы сөзін әдейі басып айтты. – Неге? – дедім тағы да жынды адамдай. Ол жауап бермеді. Әлден соң: – Райхан, Райхан! – дедім жалынышты үнмен қайталап. Даусым дірілдеп, тұттыға белгісіз күшпен онымен танысқан кезден бастап, осы күнге дейінгі бірге жүрген күндерді ол білмейтін жаңалықтай айта бастадым. Кенет: – Мен сені сүйем, – дедім мелшиіп. Ол басын шайқады. Бұлттар аспан әлемін тегіс бүркепті. Қар басқан аппақ шыңдар көрінбей кетіпті. Тек батыс жақ көк жиектен жоғары жыртық саңылаудай қызғылт сәулемен жарқырап тұрды. Менің жылағым келді...» – Көп қайғырма, Ғазиз. Егер мен өзімнен басқаны ойламасам, сен менің дүниедегі ең жақын адамым болар едің. Бірақ сен мені жек көре көрме... – Райхан маған тура қарағанда оның көзінен аққан жасты көрдім. Көрдім де егіліп кеттім. Сең соққан балықтай есеңгіреткен Райханның «Қош бол, Ғазиз!» деген ең соңғы лепесі құлақ түбінен кетсейші жаңғырып. Ол өзіне таныс алып теректің саясында үн-түнсіз мелшиіп ұзақ отырды. Түн қараңғылығы лезде қоюланған, көзге ештеңе көрінбейді. Тек тау жақтан тұрған дауыл ағаш біткеннің басын шұлғытып, күрсіне ырғалады. Алғашқы махаббатының куәгері болған теректің дамылсыз сыбырлаған жапырақтары әлдене деп күбірлейтіндей. «Үйге қайт. Сен кінәлі емессің. Жалғыз ғана жазығың – сен оны сүйесің...» Жапырақтар тілін түсінбеген ол қалың нөсердің астында қалып, жатақханасына малмандай су боп оралады. Сол күнгі жаңбырлы ауыр түннің сызы жас жүрегін жаралап, тағдыр соқпағын басқа арнаға бұрып жібергенін де байқамайды. Аяқ астынан ауылдағы әкесі қайтыс болып, сырттай оқуға ауысқан Ғазиз туған еліне келіп мұғалімдік жұмысқа орналасады. Шалғайдағы жұпыны кішкентай ауылда үлкен өмірдің жаңа бір үзігін бастайды. Уақыт – керуен. Алға жылжыған сайын өткеннің ізі де көмескі тарта бас­тайды. Алабұртқан сезім селінің де бәсең тартары, тіпті ұмыт болуы да кәдік емес. Өткелекті өмірдің қызығы мен шыжығын қатар кешкен ол сегіз жыл өткеннен кейін ескі махаббатымен ойда жоқ жерде ұшырасып қалады... ...Бір кездегі досы Мұрат үйленіп, тойына шақырған. Жеделхат қолына тиген Ғазиз Алматыға құстай ұшып жетеді. Мәре-сәре... Бірақ, үш ұйықтаса түсіне кірмес көрініс. Той үстінде шақырылған қонақтардың арасынан қасында күйеуі бар Райханды көріп қалады. Алғашында елең қылмай, жүздескісі келмейді. «Жоқ! Несіне қысыламын. Өткен-кеткенді еске түсіріп, сөйлесіп қалғаным жөн шығар. Бұдан кейін кездеспеспіз...» Батыл ойға бекінген Ғазиз оны екі-үш рет биге шақырып, біраз жайдан хабардар болады. Өзінің осы уақытқа дейін үйленбегенін естігенде Райхан қатты таңырқайды. Оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келген Ғазиз: «Жүрегіңнің түбінде маған деген бір жылылық болып па еді?» деп сұрайды. Сағынышты жылдар сазын еске түсірген Райхан әсем би әуенімен елти тұңғиық ойға шомған. Көңіл толқыны да астаң-кестең. Шаршаңқы жүзі де мың-сан құбылып, көмейін бүлкілдеткен жан сырын, кезінде іште бүгіп қалған өзіндік көзқарасын ашық айтуға бел буған-ды: «– Адамның аузы өтірік айтса да, көз жасы өтірік айтпайды. Ал менің жүрегімде сізге деген махаббат болды ма, болмады ма, ол жайын дәлелдеп жатудың қазір қажеті шамалы. Тірліктегі іс-әрекет қызық пен қайғының өлшемі тәрізді. Кей адам көңіл азабына шыдамайды. Тіпті сол жолда қандай іске болса да бара алады. Енді біреулер іштегі құпиясын сыртқа шығармай, бөтен бір қайратпен мәңгілікке бүркеп қалады. Сонда осы екеуінің өмірге қайсысы қадірлі деген сұраққа жауап таба алмаушы едім... Сіз маған ренжіген де боларсыз. Оның да орны бар. Өйткені мен ол кезде шындықты ашпай кеттім ғой... Есіңізде ме, Дәмеш – менің ең жақын досым... Оның менімен бір үйде тәрбиеленгендігін де айтып едім ғой. Ол сіз жайлы көп ойлайтын. Иә, Дәмеш нағыз адам еді ғой. Оның жанында біздер кімбіз?! Айтпақшы, сіз ол жайлы естімеген шығарсыз. Қайтыс болған. – Қашан? – Төрт жылдай болып қалды, рактан қайтты, біздер институтты бітірер жылы. Біз болсақ әлі жүрміз әр жерде. Бірақ... Оның алдында енді кінәлі емес шығармын. Мен әлдеқашан көңіл түбінде тапталып қалған Дәмештің бейнесін, онымен қыдырған түнді, одан әрі оның оқуды тастап, әлдеқайда Райханға ренжіп елге кетіп қалғанын, кешкі көлеңкедей көмескі бұлдыраған күйінде есіме алдым. – Айтыңызшы, – деді ол, – достық пен махаббат таразыға қатар түссе қайтер едіңіз?». Әңгіменің финалдық түйіні тебіреністі де мұңды. Жазушы Төлен Әбдіков оны тарқатып шешуді оқырманның өзіне қалдырады. Шығарма жазылған тұстағы үрдіспен қарағанда, балауса қаламның ізденісі назар аударарлық. Бас қаһарманның толғақты сауалына әркім әрқалай жауап берері де сөзсіз. Себебі де түсінікті. Пенде шіркіннің өмірге деген көзқарасы да қилы-қилы. Ал әңгіме өзегі махаббат, сүйіспеншілік төңірегінде өрбігенде адамгершілік киелі қасиеттерді биік мұрат тұту – қай кезде де, қай уақытта да қастерлі парыз саналған. Мұндай мезетте эгоистік мүдде мен жекебастық пасық пиғылға жол берілмесе керек. Мінеки, қаламгердің ұстанған кредосы да, көздеген идеясы да осы. Алғашқы махаббат жайындағы осынау лирикалық баянның түпқазығы – ең алдымен, сезім тазалығы мен ар алдындағы адалдық. «Бала көңілдің ақ парақтай ноқатсыз бетінде ұзақ уақыт ұмытылмастай естелік қалдырып кеткен жалғыз жанды қазір ғана түсініп, өзімді де, оны да өзге көңілмен аяп тұрдым» дейтін, тұңғыш махаббатына қол жеткізе алмаған Ғазиздің күйінішке толы өкінішті сөздері тіл ұшына орала береді-ай. «Сонда ол осының бәрін Дәмеш үшін істеген бе?». Шұқшия үңілген сайын әңгіменің тәрбиелік тағылымын тереңірек зерделей ұғарың анық. Басты идеяны жеткізудегі философиялық ой иірімі, образдарды даралап, ішкі жан арпалысын жан-жақты ашып көрсетудегі монологтар шынайы әрі әсерлі. Сюжетті оқиғаны автор табиғат құбылыстарымен шебер үйлестіре суреттейді. Пейзаждық көріністер кейіпкер басындағы ахуалмен астасып, адамның көңіл-күй табиғатымен сәтті шендесіп жатады. Төлен табиғаттың бояу-реңкін характерді мүсіндеуде аса дәл, ұтқыр пайдаланады. Шырайлы шығарманың көркі – құнарлы тіл. Бұл жөнінен келгенде «Райханның» бәсі жоғары. Ғұлама бабамыз Махмуд Қашқари «Тілмен түйгенді тіспен шешпейді» дегендей, талантты қаламгердің тырнақалды туындысында ойлы тіркестер, кестелі сөздер мен сәулелі сөйлемдер көп-ақ. Мұндай жәдігерлердің талғамы жоғары оқырмандар ойынан табылып, қазақтың мәйекті сөзін дәріптеген әдебиетшілер назарын айрықша аударып жататыны мәлім. Кезінде «Таңғы шық» жинағына енген жас талапкерлер жайында әңгіме қозғала қалса, Төлен Әбдіковтің қолынан шыққан тұңғышы ерекше ілтипатпен аталатыны да бекер емес-ау... *             *              * «Райхан» қалай жазылды? Көкейімізде көптен жүрген жалғыз сауалдың мән-жайын білмек үшін жазушының өзіне хабарласқан едік. – Сәлеметсіз бе, Төлен аға? Соңғы күндердегі поштаны оқып жатырмыз. «Егемен», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» жаңа спектакліңіз туралы жарысып жазса, мұсылмандардың төл басылымы «Ислам және өркениет» Сіздің «Біздің ұлттық идеямыз – Алаштың идеясы болуы тиіс» атты көлемді сұхбатыңызды айқармаға жариялады. Ал «Халық сөзін» көрген шығарсыз. Өзіңізге бір бет емес-ау, тура үш бетін арнапты. – Иә-иә, Жанатжан. Өзім біртүрлі ыңғайсызданып отырмын, – деді сөзімді бөлген ол. Қаламгердің әдеттегі тарғылдау биязы қоңыр үні жарқын-жарқын естілген. – Халдерің қалай? Юбилейім өтіп кеткен, өзің білесің. Газеттердің өстіп түйдек-түйдек беріп жатқаны бір жағынан жақсы. Шабытыңды жанитын сияқты. Сенесің бе, қанаттанып жүрмін қазір. – Әрине, творчество қуанышына не жетсін?.. – Солай. Өзің жиі хабарласпаушы ең. Кәне, айта бер, бұйымтайыңды. Текке звондамаған боларсың... – Төке, «Таңғы шықтың» жарық көргеніне елу жыл боп қапты. Соған орай хабарласып жатқаным да. – Рас-и, уақыт қалай зырылдайды. Алпыс төртінші жылы шыққан. Жүрегіме жақын жинақ. Онда менің «Райхан» дейтін тұңғыш әңгімем бар. – Осы әңгіменің жазылу тарихын білмек едім. – Айтайын, – деді жазушы сәл кідіріп. – Менің бұл «шимайым» үшінші курста жүргенде жазылған еді. Керемет демей-ақ қояйын. Сөйтсе де ең әуелгі талпыныстың жемісі. Өзіме ұнайды, несіне жасырам. «Іштен шыққан шұбар жылан» емес пе?! Әуелде «Лениншіл жас» газетіне апарып бергем. О кезде әдебиет бөлімін Әбіш Кекілбаев басқаратын. «Әңгімең тәуір. Алғашқы махаббат туралы жыр ғой. Тура біздің тақырып. Көлемдірек екен. Ретіне қарай бастықтарға ұсынам. Жарық көріп қалар таяуда...» Екі көзім төрт боп күтіп жүргенімде, бірге оқитын курстасым Қажығали Мұқамбетқалиев күтпеген жаңалық жеткізген: «Тездет, Төлен. Сені «Жұлдыз» журналынан Зейнолла Серікқалиев шарқ ұрып іздеп жатыр. Жолығып кетсін дейді. Жаңа Жазушылар одағына барып едім, маған да әдейі ескертті. Не үшін екенін білмеймін. Сабаққа қатыспай-ақ барып келсеңші...». Қанша жөпелдетіп, тақымдаса да досымның сөзіне елп еткем жоқ. Өз жайым өзіме мәлім. «Жұлдызға» ештеңе бермегенім де аян. Журналдың жауапты хатшысы, әйгілі сыншы Зекеңнің аты-жөні дүрілдеп тұрған кезі. Алдына баруға жүрексінгем. «Мені неге іздеді екен, ә?..». Шыдамадым. Соңғы сабаққа қарамай, университет іргесіндегі журналға тарттым. Қос өкпемді қолыма ұстап жеткен мені Серікқалиевтің өзі жымиып, жылы қарсы алды. «Келгенің жақсы болды. Өзіңді іздеп отыр едім. Жас жазушылардың әңгімелерінен «Таңғы шық» аталатын жинақ құрастырып жатырмыз. Сол кітапқа сенің «Райханың» енді. «Лениншіл жастан» алдық. Өзім оқып шықтым. Лирикалық фондағы әдемі әңгіме. Аяқ алысың сәтті. Жастардың көбі бірінші махаббат хикаясын жазуға құштар. Олармен салыстырғанда, сенің «Райханың» маған даралау көрінді. Соны стилің қуантты. Ойың да, тілің де бар. Өзіңді құттықтайын деп шақырғам, айналайын. Әдебиетте жолың болғай!..». Қалайша марқаймайсың. Үлкен сын­шы­ның өзі шақырып ап, қолымды қысып мақтаса. Көп ұзамай кітап та шықты. Бүкіл жатақхана, бүкіл университет, керек десеңіз бүкіл Алматы сүйінші сұрағандай. Бір күнде жазушы боп шыға келдік. Шынын айту керек, ол замандағы тамаша дәстүр бойынша біреудің әңгіме-повесі жарияланса, иә болмаса кітабы баспадан шықса – үлкен оқиға саналатын. Әлде бүгінгі адамдардың пиғылы тарылды ма? Қуанбаймыз. Елең етпейміз, маса шаққан ғұрлы көрмейміз. Мені қорқытатын да осы іштарлық. Сенсең сол уақытта бізді ҚазМУ-дің оқытушы-профессорлары студенттігімізге қара­май, қатты құрметтейтін... Университет бітірмей жатып талантты үркердей шоғырдың санатына қосылған Төлен Әбдіков есімі әдеби жиындар мен алқалы басқосуларда үкілеп айтылатын болды. «Райханнан» кейін іле-шала таралымы ең көп басылым «Лениншіл жас» оның «Қонақтар», «Бас сүйек» әңгімелерін жариялады. Қалың оқырманның жүрегіне ұялаған бұл шығармалар көтерген, қозғаған мәселелердің сонылғымен ерекшеленгені айдай анық. «Бас сүйек» әңгімесі газетте шығысымен 7-сыныптың Қазақ әдебиеті хрестоматиясына кірді. Бұл о кезде жас қаламгер үшін үлкен оқиға, үлкен мерей. Шығармашылық шабытына жаңа өріс ашты. Қаламгердің төлбасы кітабы «Көкжиек» – 1969 жылы «Жазушы» бас­пасынан жарық көрді. Қазақ прозасына олжа салуды ойлаған ол өзіндік соны сүрлеуін іздеуден танбады. Жанкешті жазушы тыңнан түрен тартқандай құлшына еңбек етті. Моншақтата төгілген маңдай тер текке кетпегенін бүгінгі оқырман көріп отыр. Бұдан отыз жыл бұрын дүниеге келген «Оң қол» әңгімесі мен суреткер даңқын әйгілеген «Парасат майданы» романы арасында қазақ әдебиетінің қазынасын толтырған талай-талай асылдарды көреміз. Кәне, еске түсірейікші. «Күзгі жапырақ», «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Әке», «Өліара», «Ақшоқыда қыс қатты», «Парасат майданы», «Тұғыр мен ғұмыр» т.б. әңгімелер, повестер, романдар кітаптары халқымыздың көзайымына айналған жауһар туындылар. Сонымен қатар ол грек аңыздары – «Эллада ерлерін» қазақ тілінде сөйлеткен. Акутагава, Кобэ Абе шығармаларын аударған. Әбдіковтің көркемдік әлеміне зерделей үңілген жан талай жұмбақтың сырына қанығары шүбәсіз. Өйткені, Төлен өте дегдар, әрі кірпияз жазушы. Көлем қумайды, санның соңынан жүгірмейді. Шалажансар, күлдібадам, асығыс-үсігіс жазылған еңбегін оқырманға ешқашан ұсынбайды. Жауапкершілік құдіретінен қатты қорқады. Сондықтан да әр туындысын жүрек домнасында әбден иін қандыра балқытып, ой сүзгісінен өткізеді. Мұндай саф алтынның толғағы қашан да ұзақ. Мәселен, бекзат қаламгер «Парасат майданын» сегіз жылдай мида қайнатып-пісіріп, небәрі үш айда қағазға түсірсе, «Тозақ оты жымыңдайдысын» үш жылдай толғатып, дәйек дәнін түртінектеп іздеп тапқаннан соң, бірер аптада қағып тастаған көрінеді. Төзім мен шыдам, міне осындай-ақ болар. Әрине, мұндай ғажайып қасиеттерді Жаратушы сиректердің сирегіне ғана берсе керек... Ол драматургия жанрында да жемісті еңбек етіп жүр. «Біз үшеу едік» драмасын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, облыстық біраз театр ұжымдары қойды. «Ардагер» пьесасы республикалық конкурста бас жүлдені жеңіп алған. Осы шығарманың негізінде М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Ұлы мен ұры» спектаклін сахналады. Орыс тілінде «Истина» кітабы, түрік тілінде «Парасат майданы» романы шыққан. Жекелеген шығармалары ағылшын, орыс, неміс, түрік, өзбек тілдеріне аударылған. Сарабдал суреткердің шығармалары хақында әр жылдары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Рәзия Рүстембекова, Сафуан Шаймерденов, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жомарт Әбдіхалықов, Бақыт Сарбалаұлы, Қуанышбай Құрманғалиев, Есенғали Раушанов, Серік Тұрғынбекұлы, Аманкелді Кеңшілікұлы, Әмірхан Меңдеке, Құлбек Ергөбек т.б. сөздің киесі мен қасиетін танитын көркем ой өкілдері өз пікірлерін білдірген-ді. Оның қаламгерлік еңбегі жоғары бағаланып, халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарын иеленді. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. Түркі әлемі әдебиетінің Жыл адамы құрметті атағы беріліп, Ыстамбұлда жазушы өнернамасына арналып ғылыми конференциялар өткізілді. Иә, суреткердің тұғыр туындысынан басталған биік парасаты осылайша асқақтауда...