Кеше Парсы шығанағынан тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Еліміздің ең үздік үстел теннисшісі Кирилл Герасименко шешуші тұста сингапурлық Кларенс Чжэ Юды 4:1 есебімен ұтып, әлем чемпионатының жолдамасын еншіледі. Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Өйткені 26 жастағы Кирилл осыған дейін де көптеген халықаралық жарыста табысты өнер көрсетіп, сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро және 2021 жылы Токио Олимпиадаларына қатысты. Бірер жыл Германияның бундеслигасында бақ сынады. Бүгінде Герасименко әлемдік рейтингте 30-орынды иеленіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін жұптық бәсекеде Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев және аралас жұптар сайысында Айдос Кенжеғұлов пен Зәуреш Ақашева жолдаманы қалталарына басқан еді.