Президент • 12 Қаңтар, 2023

Қаржы министрі Мемлекет басшысына баяндама жасады

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қаржы министрі Мемлекет басшысына баяндама жасады

«Ішкі өнімнің өсімі 3,1 пайызға жетіп, инвестиция көлемі 7,8 пайызға артқан. Экономиканың барлық саласы дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс деңгейі 3,4 пайызға, құрылыс көлемі 9,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіші 9,1 пайызға өсті. Сыртқы сауда айналымы 33,4 пайызға өсті. Сауда балансы айтарлықтай нығайып келеді. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8 пайызға өсіп, 24,1 миллиард долларға жетті», деп баяндады Е.Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, Республикалық бюджеттің кірісі жөніндегі жоспар 309 миллиард теңгеге асыра орындалған.

Сондай-ақ Президентке Бюджет және Салық жаңа кодекстерінің әзірлену барысы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жұмыс механизмдері, заңсыз иеленген және елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заңның жүзеге асырылуы туралы айтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта жиналған 120 миллиард теңгеге жуық қаражат мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.