Кино • 13 Қаңтар, 2023

Ұлт санасын оятқан

442 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ тарихы әлі күнге ақтаңдақтарға толы. Ұлт-азаттық қозға­лысының ғасырларға созылған жолында тарам-тарам тылсым сырлар әлі де тасада қалып тұр. «Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысымен режиссер Мұрат Есжан түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы сол ұлылық пен ұлағатқа, зорлық пен зұлматқа толы замандардан сыр шертеді. Фильмде басын бәйгеге тігіп, азаттықтың асқарына өршелене ұмтылған ұлт қайраткерлерінің қилы тағдырын бейнелеген тереңдігіне бойлата түседі.

Ұлт санасын оятқан

Ұлтымызды алға сүйреген азаматтар қазақтың елдік мүддесі, құқығы мен еркіндігі, аңсарлы азаттық мұраттары бодандықтағы молшылықтан да, тоқшылықтан да, тұрақтылықтан да қымбат деп білді.

Міржақып Дулатұлы жарқын өкілде­рінің бірі саналатын Алаш арыстарының артына қалдырған асыл мұрасы, танымы мен тағылымы – таусылмас кен-қазына, сансыз туындыға алтын арқау. Ол – қазақ ұлты үшін қай заманда да өзекті, құнды, көкейкесті мирас. Ұлы Әуезовтің «Еңлік-­Кебегінде» абыз: «Көкейкесті... Көкейкесті күй... Не дейсің? Уа, не қыл дейсің?! Тынбаған көңіл, талмаған көкей...», – деп шамырқанбаушы ма еді. Ұлы Тәттімбеттің шыңыраудан шымырлап шыққандай терең толғау күйі де «Көкейкесті» аталмаушы ма еді?! Сондықтан да «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысы ұлтына жанашыр қазақтың көңілін толқытып, көзіне жас үйіретін, ұрпағына ұласып, ұлттық танымымен тығыз үйлесетін көкейкесті туындылардың бірі десем, асылық болмас.

Әрине, сериалдың мықты жақтары­мен бірге «әттеген-ай» дегізетін тұстары да байқалады. Кейбір жерінде сюжеттік желі негізсіз созылып кеткендей көрінді. Уақыт оқтай сығымдалып, тоқтаусыз алға зымыраған мына заманда көрермен қалғып кетпеуі үшін қарқындылық, үдемелілік, динамизм, көбірек экспрессияның болуы аса маңызды. Туындының әр тұсында тосыннан пайда болатын бос кеңістіктер де басы артық дүние. Тағы бір атап өтер жайт, Алаш арыстары шетінен келбетті, келісті болған. Өйткені халықтың көзайымы болғандықтан, әрі патшалық империяда қазақ халқын танытатындарын білгендіктен олар сыртқы келбет, сымбат пен сұлулыққа да баса мән берген. Ал Міржақыптың фильмде, тіпті бостандықта да сұрықсыздау, кір киім киіп жүруі, шашы өсіп, бұйраланып кеткен күйде бейнеленгені орынсыздау болды ма дейміз. Бас кейіпкерге қарағанда, оның атын жамылып, халықты қанаған алаяқтың өзі жинақы көрінеді.

Сюжеттің қоюлығы, кинотуындының көркемдігі, көрнектілігі, көрілімділігі үшін арагідік нөпір халық жетіспейді. Бос жатқан дала, он шақты тұрғыны бар ауыл, қаңыраған қала көшелері... Бәлкім, кейіпкерлердің бәрі жапанда жалғыз қалғандай әсер беру үшін солай жасалған шығар. Бірақ бас бұққан мыңның ортасында жалғыз қалған, «кер заманға тап келіп, ұлы дүбір бәйге көрмей, бауыры бір жазылмай қор болған» зиялылардың ішкі драмасын басқаша ашуға болса керек.

Арыстарымыздың асыл тұлғала­рына сезім селін солғындатып алмас­тан, бір деммен, іркіліс-бөгеліссіз дауыл­­датып, көрермен көңіліндегі шер-шемен, бөгет-бөгесіндерді бұзып, жалын-жігерді тасқындататын, рухты бебеулететін тұп-тұтас, ғаламат дүниелер лайық. Бұл үшін мемлекет қажетті қаражатпен қамтығаны абзал. Кинематографист Айсәуле Әбілда «Айқын» газетіне берген сұхбатында Абай, Ахмет, Мұхтар, Ғазымбек, Қайым және басқа да тұлғалар туралы фильм түсіруге дайын екенін жеткізіпті.

Фильмді түсіруге атсалысқан белгілі міржақыптанушы Марат Әбсемет растағандай, фильмде ойдан ештеңе құрастырылмаған. Бәрі шынайы.

Телехикаяда өткен мен бүгіннің ұштастырылуы, сюжеттік желіде қа­тар өрілуі ұрпақтар арасындағы сабақ­тастықтың алтын тіні үзілмегенін әдемі көрсетеді. Мұны сценаристер мен режиссердің тапқырлығы деп мойындауға тиіспіз. Мысалы, Міржа­қыптың ізіне шам алып түскен НКВД жендеттері оның шығармашылығын жіті зерттеп, асылын тануға емес, айыпқа айғақ болар мінді табуға тыры­сып жатқанда, бергі заманда Ж­а­қаңның жалғыз ұрпағы – Гүлнәр апайдың әкесінің асқар таудай бейнесін жалған да жалалы тұман, түнектен арылтып, асқақтата түсу үшін оны ақтауға жан салуы, оған жәрдемдескен Ізбасардың жанұшыра қимылдауы сюжетті ширықтыра түседі. Шынында, Гүлнәр Міржақыпқызы, Шолпан Ахметқызы және басқа Алаш зиялылары ұрпақтарының оларды ақтауға қосқан зор үлесінің жұртқа жария болуы, насихатталуы аса мәнді, маңызды міндет.

Осыған орай туындының сценарийін жазған Ұларбек Нұрғалымұлы, Мұрат Есжан, Ұшқын Сәйдірахманның ең­бектерін атап өткен жөн.

Міржақып Дулатұлы кім? Фильмде осы сауалға жан-жақты жауап беруге талап жасалған. «Өйткені бұл – Дулатұлы! Ол бүкіл қазақты оятқан Дулатұлы! Қазақтың тұңғыш романын жазған, елдің есінде түгіл, түсінде жоқ заманда «Есеп» кітабын жазған да – Дулатұлы! Сіздің анау қосуыңыз бен алуыңызды, көбейтуіңіз бен бөлуіңізді қазақшалап шығарып берген де дәл сол Дулатұлы. Оның публицистикасы әрбір қалам ұстадым дегендерге сабақ. Қазақстан тарихын 300 беттік кітап етіп шығарған да ең бірінші сол Дулатұлы емес пе?! Тағы несін айтайын? Жоқ, әлде түрмеде жатып, күллі түркі баласына арнап, сөздік жасағанын айтайын ба?! Ондай қуат, ондай жалын, ондай алапат өртті ешқандай су сөндіре алмайды. Қазаққа қылған қызметін ешқашан ешкім де ұмытпайды». Ұмытуға хақымыз жоқ.

Алаш арыстарының болашақтағы азат Қазақ мемлекетінің шекарасын талқылайтын тұсы жақсы келтірілген, фильмге әр берген. 

«Мынау «Қазақ елінің Уставы» деген құжат! Барлыбек жазып шығыпты. Жеке шығудың орайы туа қалса, мемлекет құрылысы осылай болады деген тиянақ үшін жазылған дүние! Сонан кейін мына мен былтырғы очеркімде жазған 9 облыс, 1 губерния біздің аумақтық талабымыз болады дегенді тілеулес бауырлардың арасында насихат қыла жүру керек», деді Әлихан Бөкейхан қазақ зиялыларының басқосуында.

Сол кезде де «қазақ халқы дербес, дара мемлекет бола ала ма?» деген күдік болған. Бұған жауап ретінде Әлихан Бөкейхан: «Қазақ өз алдына ел болып қана қоймай, қандай ел болудың тамаша үлгісін тарихта әлденеше көрсеткен жұрт!» деп жауап қатқан.

Бодан күйден құтылып, бостан заманға жетуді армандаған Алаш арыстары XIX–XX ғасырларда соны қамдай бастады. 1910 жылы Петерборда Әлихан Бөкейхан «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жария­лап, онда 9 облыс, тұтас Астрахань (Аш­тархан) губерниясы мен Алтай өңірі кіретін болашақ мемлекеттің аума­ғын белгілеген. Онда осы территория­ларда қазақтар басым тұратынын, олар елдігін рәсімдеуге құқылы екенін меңзеген. Ал 1911 жылы Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлы болашақ Қазақ Республикасы Уставының (Жарғысының), қазіргі саясат тілімен айтқанда Конституциясының жобасын жасап шықты.

Фильмнің тағы бір ерекшелігі – бас­ты  кейіпкер Міржақып Дулатұлының өмірі мен еңбек жолын, ауыр тағдырын сипаттай отырып, сол арқылы озбыр империяның бүкіл Қазақ даласына келтірген кесір-кесапатын көрсетеді. Сондай-ақ өкініші көп зар замандағы тар жол, тайғақ кешуді көрерменге таныстырады. Қазаққа қазақты айтақтаған, қазақты қазақ ғайбаттаған заманды еске түсіріп, сананы солқылдатады, қабырғаны қайыстырады. Туынды тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін, азаттық жолында қазақтың қандай азап пен тозақтан өткенін қаперге салады, ойға оралтады.

Ұлы далада Ресей патшасы, кейін кеңестер билік құрған кездің қазақ тарихында қалдырған қанжоса іздері әлі сезіліп-ақ тұр. Ақ патша, одан кейінгі қызыл көсем мен әкімшілік-әміршіл жүйе әуел бастан жат империяның мақсат-мүддесін ғана ілгерілетті, соны басты орынға қойды. Оны жүзеге асыру жолында ұсақ халықтарды қырғынға салды, еш құрбандықтан тайынбады. Ұлтты беткеұстар азаматтарынан айырып, қаймана халықты ұлттық мүддеден алыстатып тастады. Соның ызғары әлі күнге білініп тұр. 

Дегенмен, Алашымның өлмес, өшпес өр рухы ұрдажық режімнің уысында уатылмады, уытын дарытпады. Тумысынан діні берік, тегеуріні мықты Алаш арыстары қалпымен қудалауда жүрсе де, әр әрпінің астарында әр, әр сөзінің астында нәр, әр жолында жауһар тұнып, әр шумағынан шұғыла шашырап тұрған, ылғи ақыл мен парасатқа астасқан асыл қазына қалды.

Патшалық империяның Қазақ хандығын жаулап алуы, оған қарсы ұлт азаттық көтерілістер, Ресейдегі қазан революциясынан кейінгі аласапыран, азаматтық соғыс, ұжымдастыру науқаны, екі дүркін аштық, шетсіз-шексіз қуғын-сүргін Екінші дүниежүзілік соғыс және басқасы халқымызға көп қайғы-қасірет, азап, тауқымет әкелді. Қазақ атажұртта азшылыққа айналып, рухани күйзеліске ұшырады. Тек ХХ ғасыр соңында ғана халқымыздың бағы жанды. Ата-баба талай ғасыр аңсаған азаттыққа қолымыз жетті.

«Бірлігі жоқ елден береке кетеді» деген өсиет Құран сөзіндей жадымызда жатталған. Қазақ халқының бақыты ел бірлігі нығайған кезде басына қонды, ал алауыздыққа беріліп, ыдырағанда соры қайнады. Мысалы, фильмде Алаш зиялыларының арасында жүріп, кейін олардың айыпталуына себепші болған сатқынның бейнесі – ұрпаққа сабақ. Тауқымет, мехнат, нәу­бет күндер қайталанбасын. Ол үшін «Қа­зақ­тың жауы – қазақ» деген кесірлі қағидасымақ келер ұрпаққа таралмасын.

Ұлы бабаларымыз «Жорықта алдыңа, жолда артыңа қарайла» деген нақыл қалдырыпты. Яғни өткенімізді ойға алмасақ, азаттық үшін жанын қиған арыс­тарымызды бағаламасақ, ұлықтамасақ, жаңамыз жарылқай қоймауы мүмкін. Елдіктің белгісі бірлікте екенін ұмытпасақ, арыстарымызды ардақтасақ, тәуелсіздігімізді кие тұтсақ, мемлекеттілігімізді аялап сақтасақ, әр салада ұлттық мүддемізді қорғасақ, еңселі ел, қаймағы бұзылмаған халық боларымыз сөзсіз.

 

Бақытбек Смағұл,

Мәжіліс депутаты,

Qazaqstan ardagerleri қауымдастығының төрағасы