Саясат • 13 Қаңтар, 2023

«Құқықтық көмек» іске қосылды

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Атырау облысының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында партия басшысы өңірлік филиал жанындағы кеңес беру орталығының қызметімен танысып, «Құқықтық көмек» партиялық жобасының іске қосылғанын жеткізді.

«Құқықтық көмек» іске қосылды

Партия төрағасы Исатай ауда­нында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанмен бірге жергілікті тұрғын­дармен кездесіп, азаматтарды қабыл­дады.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақ­станды құру жолында адам құқық­тары мәселесіне баса мән беріп отыр­ғанын атап өткен Ерлан Қошанов Конституциялық сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болғанын да алға тартты. Халық арасында құқықтық мәселелер өте өзекті. Соған байланысты, өңірде тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» партиялық жобасы пилоттық режімде іске қосылды.

«Жасыратыны жоқ, қоғамда азамат­­тардың құқықтық, қаржылық сауат­тылығы әлі де төмен. Соның салдарынан, олар сотта немесе басқа да мем­­лекеттік органдарда мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұр­­ғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отыр­­ғандықтан, жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады», деді партия төрағасы.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орта­лық­тарына барады. Яғни сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов партияның Атырау облыстық филиалы жанынан ашылған «Amanat Service» кеңес беру орталығының қызметімен танысты. Мұнда бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік органдар, «Отбасы банкі», «E-gov»-тың өкілдері азаматтардың өтініштерін қабылдайды. Сондай-ақ сәулет, еңбек, тұрғын үй қатынастары саласы және халықты толғандыратын өзге де мәселелер бо­йынша заңнаманы түсіндіреді.

Осы күні Ерлан Қошанов «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» бағытында салынып жатқан республикалық маңызы бар жол учаскесіне барды. Мердігер ұйымның өкілдері оған құрылыс жұмысының барысы туралы баяндады. Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Amanat»-тың облыстық активімен кездесіп, партиялық жобалардың іске асырылу барысын және алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауына дайындық мәселесін талқылады. Бүгінде облыста 106 бастауыш партия ұйымы біріктіріп отырған 23 мыңнан астам аманаттық бар.