Оқиға • 13 Қаңтар, 2023

Ауылдағы жастар орталығы

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Бастау ауылында жастарға арналған мәдени ойын-сауық орталығы ашылды. Бұл бос уақыттарын қалай өткізерін білмей жүрген ауылдықтар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай зор қуаныш болды.

Ауылдағы жастар орталығы

Алыстан көз тартатын сәулетті орталық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталған болатын. Игілікті іске республикалық және жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қаражат бөлінді. Бір айта кетерлігі, етек-жеңі кең пішілген осынау елді мекенде жастарға қызмет ететін мұндай орталық бұрын-соңды болмаған. Қазір мұнда бір мезгілде 200-ден астам адам спорттық-гимнастикалық, музыкалық үйірмелерге қатыса алады. Қатысуға ауыл  тұрғындары да ынталы. 125 адамға лайықталған көрермен залы бар.

– Ауыл жастарының қуанышында шек жоқ, – дейді жастар орталығының мәдени жұмыстарды ұйымдастырушысы Шәния Құлжабай. Алдағы уақытта жас толқынның көкірегін сәулелендіріп, рухани нәр беріп, игілікті істерге жұмылдыратын боламыз.

Бір жақсысы, ауылдың 12 адамы жұмыспен қамтылып отыр. Әрі осы жерде сервистік әкімшілік те ашылған. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру деп білген жөн. Бұрын мұндай жобалар облыс орталығы мен ірі қалаларда ғана кездесетін болса, енді шалғайдағы шағын ауылдарда да ашылып жатыр. Жағымды жаңалықтың нәтижесінде ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген әрқилы сауалдар орайында жылдам әрі сапалы кеңес ала алады. Айналып келгенде бар шаруа оңынан оңғарылып, ел ішіндегі ынтымақ сүттей ұйып тұрмай ма?!

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы