Теннис • 13 Қаңтар, 2023

Жұрт назары – Мельбурнде

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

16-29 қаңтар аралығында жасыл құрлықтағы ең әсем қа­лалардың бірі – Мель­бурнде «Үлкен ду­лыға» са­натына енген аса ірі төрт турнирдің бірі – Аус­тра­лияның ашық бірін­шілігі өтеді. Жүлде қоры 51,5 миллион АҚШ дол­ларын құ­рап отырған дүбір­лі дода­ға әлемнің ең үздік теннис­шілерінің дені қа­тыса­ды. Бүгінгі мақала­мыз­да аталған жарыс­тың тари­хына қысқаша шолу жасау­ды жөн көріп отырмыз.

Жұрт назары – Мельбурнде

Аустралияның ашық біріншілігінің 117 жыл­­дық тарихы бар. Атал­ған жарыстың тұсауы сонау 1905 жылы ке­сілген. «Aus­tra­lasian Championships» деп атал­ған алғашқы турнир­де 17 теннисші бақ сы­нады. Родни Хит пен Ар­тур Кертис ара­сын­дағы фи­нал­дық сайысты 5 мың кө­рермен тамашалаған екен. 1927 жылы бұл жарыс өз атауын «Australian Championships» деп өзгертсе, 1969 жылдан бері ол Аустралияның ашық біріншілігі деп аталып келеді.

  • Бұл жарыс әр жылдары Аустралияның түрлі қалаларында өтті. Атап айтсақ, Мельбурнде – 54 рет, Сиднейде – 17 рет, Аде­лаидада – 14 рет, Брисбенде – 7 рет, Пертте – 3 рет. Сондай-ақ 1906 және 1912 жылдардағы бәсекелер Жаңа Зеландияның аума­ғында ұйымдастырылды.
  • Аустралияның ашық бірін­шілігінде ерлер арасында ең көп олжаға кенелген ойыншы – Новак Джокович. Сербияның саңлағы 2008, 2011-2013, 2015-2016, 2019-2021 жылдары өткен турнирлерде қарсылас шақ келтірмеді. Барлығы – 9 жеңіс. Рой Эмерсон (Аустралия) мен Роджер Федерер (Швейцария) 6 реттен топ жарды.
  • Әйелдер сайысында Мар­гарет Смит-Корттың алдына тү­сетін ешкім жоқ. Аустралия тен­нис­шісінің 1960 жылы бас­талған жеңісті жолы 1973 жылға дейін жалғасты. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына қарасты Олбери қаласының тумасы сол аралықта 11 рет бас жүлдені олжалады. Смит-Корттан бөлек, америкалық Серена Уильямс (7 рет) және қос аустралиялық Нэнси Уинн-Бол­тон (6 рет) мен Дафна Акхерст те (5 рет) мол олжаға кенелді.
  • Ал барлық сайыс түрле­рін қоса алғанда мына теннис­ші­лердің табысы зор: Ерлер – Адриан Квист (1936-1950 жылдары) – 13 жеңіс, Джек Кроуфорд (1929-1935) – 11 жеңіс, Джон Бромвич – (1938-1950) – 11 жеңіс. Әйелдер – Маргарет Смит-Корт (1960-1973) – 22 жеңіс, Нэнси Уинн-Болтон (1926-1951) – 20 жеңіс, Тельма Лонг (1936-1958) – 18 жеңіс.
  • Жекелеген, жұптық және аралас жұптар арасындағы жа­рыс­тардың барлығында жеңіске жет­кен санаулы ғана ойыншы бар. Олар – Дафна Акхерст (1925, 1928-1929), Джон Кокс (1926), Жан Боротра (1928), Джек Кроу­форд (1932), Нэнси Уинн-Болтон (1940, 1947-1948), Тельма Лонг (1952) және Маргарет Смит-Корт (1963).
  • ХХ ғасырдың екінші жар­тысында өнер көрсеткен Аус­тралияның мақтанышы Кен Розуоллдың толағай табысына тамсанбау мүмкін емес. Ол осы жарысты ұтқан ең жас және ең «қарт» ойыншылардың көшін бас­тап тұр. 1953 жылы Мель­бурн­де Розуолл дара шықты. Ол кез­де Кен небәрі 18 жаста еді. Дәл сол теннисші 1972 жылы, яғни араға 19 жыл салып, тағы да топ жарды. Ол кезде жасыл құр­лықтың өкілі 37 жастан асқан-тын.
  • Әйелдер арасындағы жа­рыстың ең жас жеңімпазы – Мар­­тина Хингис. 1997 жылы Мель­бурнде атой салғанда Швей­ца­рияның сұлуы небәрі 16 жаста еді. Ең «қарт» жеңімпаз – Тельма Лонг. Ол 1954 жылы бас жүлдені иеленді. Ол кезде Аустралияның теннисшісі 36 жасқа таяп қалған еді.
  • 2012 жылғы турнирдің фи­налдық матчында сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль 353 минут бойы айқасып, алғашқысы 5:7 6:4 6:2 6:7, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бұл – ең ұзаққа созылған бәсеке. Әйелдер жайында айтар болсақ, 2011 жылы италиялық Франческа Скьявоне мен ресейлік Светлана Кузнецова арасында өткен бәсеке 284 минутқа созылды. Бұл тартыс 6:4, 1:6, 16:14 есебімен Апеннин тү­бе­гінен келген арудың пайдасына шешілді.
  • Былтыр өткен турнирдің ерлер арасындағы бәсекесі Рафаэль Надальдің жеңісімен аяқталды. Испания теннисшісі ақтық сында Ресейдің мықтысы Даниил Медведевтен 2:6 6:7, 6:4 6:4 7:5 есебімен айласын асырды. Әйел­дер арасында Эшли Бартидің бағы жанды. Жергілікті теннисші финалда америкалық Даниэль Коллинзді қапы қалдырды. Есеп – 6:3, 7:6.
  • Биылғы жарыстың жекелеген сайысында Қазақстан атынан Елена Рыбакинаның, Александр Бублик пен Юлия Путинцеваның бақ сынайтындары белгілі. Сондай-ақ Андрей Голубев, Александр Недовесов және Анна Данилинаның жұптық сайыстағы өнерін тамашалаймыз.
  • Ерлер арасында жеңімпаз атанған теннисшіге Норман Брукс кубогі табыс етіледі. 90 жыл ғұмыр кешкен Мельбурннің ту­масы өз отанында осы спорт түрінің кеңінен құлаш жаюына сүбелі үлес қосты. Ол 1911 жылы дәл осы турнирде қарсылас шақ келтірмеген еді. Сонымен қатар Брукс 1924 жылы жұптық сайыста алдына жан салмады. Әйелдер арасында шашасына шаң жұқтырмаған ойыншыға Дафна Акхерсттің кубогі табыс­талады. Оны да өз отандастары ерекше құрметтейді. Аталған жа­рыста Акхерст бес рет (1925-1926, 1928-1930) бас жүлдені ол­жалады.