Теннис • 13 Қаңтар, 2023

Үшінші кезеңге өтті

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның танымал теннисшісі Юлия Путинцева Аустра­лияда өтіп жатқан WTA 250 Hobart International турнирінің үшінші кезеңіне шықты.

Үшінші кезеңге өтті

Алғашқы айналымда америкалық Клэр Люді ұтқан отандасымыз екінші кезеңде испаниялық Нурия Парризас-Диаспен кездесті. Бұл бәсекеде Путинцеваның басымдығы еш күмән туғызған жоқ. 1 сағат 20 минутқа созылған тартыс 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. Енді ол Анна Блинковамен шеберлік байқасады. Әлемдік рейтингте 72-орында тұрған 24 жастағы ресейлік теннисшінің ең жақсы көрсеткіші – 2019 жылы Ролан Гарростың үшінші кезеңіне дейін жетуі. Оның басқа бағындырған пәлендей белесі жоқ. Сол себепті де Юлияның ширек финалға шығуына еш кедергі болмауға тиіс. Сол секілді Аделаидадағы турнирде Елена Рыбакина мен ресейлік Анастасия Павлюченкова да сәтті өнер көрсетуде. Жартылай финалда Людмила Киченок (Украина) пен Елена Остапенконы (Латвии) 6:4, 7:5 есебімен ұтқан бұл жұп ақтық сынға жолдама алды.

Ал Аустралияның ашық біріншілігінің іріктеу турниріне қатысқан Қазақстанның қос теннисшісі де сәтсіздікке ұшырады. Михаил Кукуш­кин жапониялық Йосуке Ватанукиге есе жіберсе, Тимофей Скатов чилилік Николас Харриге жол берді.