Иә, Бразилияның бас қаласы Рио-де-Жанейро. Басты қаласы емес, ең үлкен қаласы да емес. Елдің басты қаласы, яғни астанасы – Бразилиа. Елдің ең үлкен қаласы – Сан-Паулу. Бразилия Федеративті Республикасының астанасы Бразилиа екені де, Федералды округ үкіметінің резиденциясы сонда орналасқаны да, ел өмірінің барша маңызды мәселелері бойынша шешімдер 1960 жылы президент Жуселину Кубичек ди Оливейраның (айтқандай, ұлттық тегі жағынан – чех) пәрменімен астана ретінде ұлы архитектор Оскар Нимейердің жобасымен атымен жаңадан салынған сол қалада қабылданатыны да, өзінде 11 миллионнан астам, маңайымен қосқанда 20 миллионнан астам халқы бар Сан-Паулудың Бразилияның ғана емес, бүкіл Батыс жарты шардың да ең үлкен қаласы, көкке бой тіреген ғимараттары негізінен шыны мен металдан өрілген шулы шаһар екендігі де рас. Сонымен бірге, Бразилияны ойға алған кезде Бразилиадан бұрын, Сан-Паулудан бұрын астана атағынан айырылғанына жарты ғасырдан асқан, тұрғындарының саны 6 миллионнан жаңа асқан Рио-де-Жанейроның аты ауызға алдымен оралатыны тағы рас. Тізгінді саясатта Бразилиаға, өнеркәсіпте Сан-Паулуға беріп қойғанымен, бұл қала туризм индустриясының туын ұстап қалды да, бара-бара бір Бразилиядағы ғана емес, бүкіл Америка құрлығындағы курорт орталығына айнала білді.
Мұның басты себебі – Рио-де-Жанейроның ғажайып көркемдігі. Рионың «Керемет қала» деген бейресми атауы да бар. «Құдай әлемді алты күнде жаратқан. Ал жетінші күні Рио-де-Жанейроны жасаған» – бразилиялықтар осылай деп әзілдегенде бәрінен бұрын қаланың көрген жанның бәрін таң-тамаша қалдырарлық табиғат аясында орналасқанын, соншалықты сұлу етіп салынғанын, шын мәнінде перзенттік сүйіспеншілікпен орнатылғанын айтады. Айтса айтқандай-ақ. Қаланың бір жақ бетін Атлант мұхитының алып шалқар айдыны алып жатыр, теңіз жақ беттен құмы майда жағажайлардың аппақ, пальмалардың көкпеңбек жолағы қоршаған, бір жақ бетінде көкшіл бұғаздың дәл түбінен тесіп шыққандай болып оқшырайған тау шыңдары самсап тұр, тау беткейінің бәрі сыңсыған тропикалық орман. Жағалауға жақын шыңдардың арасынан тұтастай граниттен тұратын екі шың ерекше көзге түседі. Биіктігімен де, әдемілігімен де. Осыдан енді өзіңіз көзге елестете беріңіз. «Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара» дегендей, көгілдір аспан, көкшіл теңіз, аппақ құмды жағалау, жасыл пальмалы жиек, қызғылт мәрмәр таулар, ақ шағаладай ақшаңқан ғимараттар, бәр-бәрі бір-бірімен астаса, жымдаса, жалғаса келіп алып ауқымды сұлу сурет салып шығады. Ну жынысты тоғайлармен қалың етіп қапталғандай, тұрқы таң-тамаша қалдыратын таулардың аясында небір көк тіреген үйлеріңіздің өзі әдемілік үшін әдейі орнатып қойған әншейін ойыншықтай болып көрінеді. Оған енді қаланың тропикалық орманға оранып тұрғанын, ауа райының субэкваторлық делінетін жанға жайлылығын, қыс айларының өзінде температурасы +18 градустан еш төмендемейтін жылылығын, жауын-шашынның жылдың өн бойында бірдей түсетінін қоссаңыз, Рио-де-Жанейроңыз кәдімгі жұмақтай жердің өзі болады да шығады.
Сондай болып шығатындықтан да еуропалықтар бұл жерге иелік ету үшін қырқысудай-ақ қырқысқан. 1502 жылдың 1 қаңтарында Гуанабара шығанағына алғаш рет португал теңізшілері кеме тұмсығын тіреген екен. Арада төрт жыл өткенде жаңағы жерге француздар келіп килігіп, қоныс-мекен салып тастайды. Оған көне қоятын португалдар ма, өздері ашқан жерді қорғауға ұрыс салып, бас-аяғы он екі жылдай соғысып жүріп, 1567 жылы француздарды ақыры ығыстырып шығарады. Кейіннен Рио-де-Жанейро бүкіл Бразилиядағы португал тәжіне қарасты жердің бәрінің астанасы болып жарияланады. Оны айтасыз, Наполеон әскерімен шайқаса жүріп, жеңілуге айналғанда 1808 жылы Португалияның король сарайы Бразилияға көшіріліп, бүкіл әлемдегі португал империясының біраз уақыт осы Рио-де-Жанейродан басқарылып тұрған кезі де бар тарихта.
Бұл жерге алғашқы португалдар қаңтар айында келгенін айттық қой. Қала аты сол айдың атауымен байланысты. Рио – испанша «өзен». Эквадордағы Риобамба, Парагвайдағы Рио-Бермехо, Мексикадағы Рио-Гранде, Аргентинадағы Рио-Дульсе секілді қалалардың бәрінің аты сол өзендердің бойына салынғандықтан қойылған. Рио-де-Жанейро – «қаңтардағы өзен» деген сөз. Қаңтар айында ашылғанына қарап айтылған. Күні кешеге дейін қаңтарды «январь», оған дейін ескішелеу әдебиетте «ғинуар» деп келгенімізді әзірше ұмытқан жоқпыз. Бір қызығы, «өзенді қала» аталғанымен бұл жерде ешқандай да өзен жоқ. Конкистадорлар алғаш көргенде тау шатқалына сұғына кіріп жатқан шығанақ суын өзен деп ойлап қалыпты. Қала атындағы айқын қателікті қойғанда бұл елдің өзінің атында да алып бара жатқан мағына шамалы. Елді жаулап алған португалдар сол жерден «бразил» деп аталатын құрылысқа таптырмайтын діңі қатты сандал ағашын Еуропаға таси-таси жүріп, кейіннен ол ағаштың шыққан жерін де әлгі ағаштың атымен атай салған. Былайша айтқанда, Бразилия – бразилді жер деген ғана сөз. Қысқасы, өкінішке орай, Бердібек романы кейіпкерінің долбары, яғни «Бразилия» сөзі сол жерді алғаш ашқан қазақтың елдің ұлан-ғайыр үлкендігіне аң-таң қалып, «Біраз ел, ә?» деп таңдануынан қойылған дегені дұрыстыққа жата қоймайтынын ашық айтуға тура келеді...
Рио-де-Жанейроның басты символы – Құтқарушы Христос ескерткіші. Бұл мүсіннің әуелгі кереметі – тұрған жері. Мүсін биіктігі 704 метрлік Корковаду төбесінің ұшар басына орнатылған. Статуяның өзінің биіктігі – 30 метр. 7 метрлік тұғыртасы тағы бар. Бүкіл Рио сол төбенің аясында жатыр. Аспанға шықсаңыз да, жерге түссеңіз де алдымен көретініңіз – Христос. Қаланың бірде-бір түкпірінен Христос көрінбей қалмайды. Күндіз де, түнде де Христос төбеден төнеді де тұрады. Түнде статуяға 1964 жылы америкалық «Дженерал электрик» фирмасы орнатқан аса қуатты 44 прожектор жарық түсіріп, оның әсері күндізгіден де күшейіп кетеді. Біз Президент ұшағымен Рио-де-Жанейроға жеткенде қала түн құшағына оранып үлгерген екен. Сонда әуежайға төмендеп келе жатып, иллюминатордан алғаш көргеніміз Құтқарушы Христос ескерткіші болған еді.
Ескерткішті орнату идеясы Бразилия тәуелсіздігінің жүз жылдығы аталған 1922 жылы туындаған екен. Ұлт символына айналуға тиісті мүсіннің жобасына жарияланған конкурста архитектор Эктор да Силва Костаның ұсынған нұсқасы жеңіп шығыпты. Тау басындағы ұшар биікке Христосты аспандатпақ болған ниетті жалғыз бұл қаланың емес, бүкіл елдің тұрғындары қостап, қолдап алып кетіпті. Шіркеу бүкіл ел бойынша қаржы жинап, мүсінді орнатушылар ешқандай қиындық көрмепті. Бұл идеяның жалпақ жұртты желпіндіріп жібергенінің жайы мынада. Соның алдында дәл сол жерге Христофор Колумбтың алып ескерткішін орнату ұсынылып, халық бір шешімге келе алмай әрі-сәрі болып жүр екен. Бір жағынан қарасаң, Американы ашқан адамға құрмет көрсеткен дұрыс та сияқты, бір жағынан қарасаң, қанша жерден жер-жаһанға аты жайылған жиһангез болғанымен, түптеп келгенде кәдімгі теңізші дегендей, тым артық құрмет те сияқты... Ал Христостың жөні басқа. Түу төбеден қарап тұрғаны, сенің әрбір қимылыңды көріп тұрғаны көңіліңді өсірмей, тәубеңе түсірмей қоймайды.
Ескерткіштің ерендігін, авторлар (мүсіншісі – Поль Ландовский) ойының тереңдігін Корковаду тауының төбесіне шыққанда ерекше сезінесіз.
Бұл бір ғажап көрініс. Христос қос қолын айқара жайған күйі қалаға қарап тұр. Қолды айқара жаю бір жағынан аяушылықтың, бір жағынан шапағаттың, бір жағынан қуаныштың, бір жағынан мерейленудің белгісі. Ғайса пайғамбар осы құшақ жаюы арқылы қалаға, қала арқылы бүкіл елге, ел арқылы бүкіл үмбеттеріне аяушылық танытып та тұр, шапағатын төгіп те тұр, қуанышын жеткізіп те тұр, мерейленетінін білдіріп те тұр.
Мүсіннің алыптығы қайран қалдырады. Интернет материалдарында сайттан сайтқа көшіп жүретін мына деректерді біз де келтірмей тұра алмаймыз. Мүсіндегі бастың салмағы 35,6 тонна. Әр саусақтың салмағы – 9,1 тонна. Христостың қос қолын жайғандағы құшағының арасы – 23 метр. Мүсіннің жалпы салмағы туралы деректі таба алмадық, бірақ оның биіктігі 30 метр екеніне қарап, сол санды шамалап шығара беруге де болатындай. Осындай ғаламатты темір-бетоннан құйып, сұр түсті таспен қаптап, жер түбіндегі Парижден мұхиттың арғы жағына жеткізген жанкештілікке қайран қалмасқа әддің жоқ.
Осынша биіктігіне қарамастан, Құтқарушы Христос мүсініне көтерілу оп-оңай. Сонау 1855 жылы тартылған трамвай желісі айналып-айналып жүріп, төбе басына жап-жақын жерге жеткізеді. Оның соңғы аялдамасы статуяға небәрі 40 метр жерде ғана. Содан баспалдақпен 220 саты басып, көру алаңына көтерілесіз. Оған қоса 1884 жылы орнатылған фуникулер тағы бар. Оның вагондары мүсіннің дәл түбіне 30 минутта жеткізеді. Көру алаңындағы шарбақтың асты – құлама жар. Содан да қалаға қарағаныңызда сіз де әуеде парлап бара жатқандай әсерде боласыз.
2013 жылдың 3 қыркүйегінде «Әлемге әйгілі храм» айдарымен жарияланған «Боробудур» деген мақаламызда: «Біраз жылдан бері ел-елдің ғалымдары, журналистері жаңа дәуірдің 7 кереметін анықтау үшін ауық-ауық интернет-сауалдама жүргізіп қояды. Египеттегі Хеопс пирамидасы бастаған баршаға белгілі 7 кереметтен кейін де адамзат небір ғажайыптарды жасаған жоқ па? Олар да лайықты ардақталуға тиісті емес пе? Жаңа дәуірдің 7 кереметі тізіміне үміткерлер болып Ұлы Қытай қорғаны, Колизей, Мачу-Пикчу, Петра қаласы, Тәж-Махал, Рио-де-Жанейродағы Христос статуясы, Мексикадағы Чичен-Ица пирамидасы сияқты атақты нысандар жазылып жатыр. Солардың арасында аты аталатындардың бірі – Боробудур. Яваға барып, оны бас-аяғы төрт сағат бойы емін-еркін аралап шыққаннан кейін біз өз басымыз Боробудур сол тізімге үміткерлер қатарына енуге шын лайықты екеніне көзімізді жеткізіп, көңілімізді сендіріп қайттық», деп жазғанбыз. Сол айтқандай, Рио-де-Жанейроға барсаңыз, сіз де сондағы Христос статуясы жаһан бойынша жасақталып жатқан жаңа тізімге енуге шын лайықты екеніне көз жеткізіп, көңіл сендіріп қайтасыз.
Осы мүсінге байланысты әңгімені түйіндерде мына бір жайды айтпай кете алмаймыз. Президенттің бейресми бағдарламасында сапардың соңғы күнінде Корковаду төбесіне көтеріліп, қаланы, ескерткішті тамашалау көзделгенінен хабардар болатынбыз. Рио-де-Жанейродан ұшып шығатын күнгі таңда қаланы қалың тұман басып тұрды. Христос ескерткіші де көріне қоймады. Тіпті мүсіннің түбіне барғанда да көрінбейтіндей болды. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы барғанда бәрі де өзгеріп сала берді. Аз ғана сәтке болса да. Ол оқиғаны бізбен сапарлас болған, бүгінде марқұм журналист Олег Квятковский «Казахстанская правда» газетінің 2007 жылғы 2 қазандағы нөмірінде шыққан «Көкжиектің бәрі де ашылғанда» атты мақаласында былай келтірген:
«... Иә, оған барлық көкжиектер ашылады. Дәл солай екеніне сұрғылт тұманды таңда Корковаду тауында бүкіл Риоға айқара құшақ ашып, жол болсын айтып тұрған Христостың жанына жиналған әртүрлі елдердің жүздеген азаматтары тағы да көз жеткізе алды.
Қас қылғанда Копакабана құмымен жылжып, «аңызға айналған жағажайдағы» футболшыларды да қуып шығарған тұман сейілмей тұрды да алды.
– Тағы сәл ғана күтейік, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол-ақ екен, дәл осы сөзден кейін Христос барлық туристердің көз алдында жарқырап ашыла қалды. Бозаң бұлттардың арасынан алып статуяның бүкіл ауқымы көрінді.
Ашылды да қайтадан жабыла қалды. Тұғыртас жанында тұрғандар дуылдата қол соқты. Қазақстан Республикасының Президентіне сан түрлі тілде «Рахмет!» деген алғысқа толы сөздер естілді!
Ол дәл сол сәтте адамдарға Рио символын көруге көмектесті ме?
Менің ойымша, тек сол символды ғана көруге көмектескен жоқ.
Халықтың, адам мен елдің жаны шынайы достыққа және әлемге айқара ашылған кезде біздің ортақ өміріміз алдымыздан кез келген көкжиекті ашады.
... Солай еткенде ғана. Солай еткенде ғана. Тек солай».
Біз жүйрік журналистің бұл сөздеріне түсініктеме жасап жатпай-ақ қояйық.
Президенттің әуежайға бара жатқан жолда «Маракана» стадионын көріп өтуі де олжа болды. 200 мың жанкүйер сиятын керемет көлемін айтпағанның өзінде, сонау 1950 жылы Бразилиядағы футболдан әлем чемпионатының финалы осында өткенін, жалпы футбол тарихындағы ең драматизмге толы матч осында ойналғанын (бұлай демей, қалай дейік енді, егер сол күні «Мараканаға» жиналған 200 мың жанкүйердің көз алдында Уругвай командасы Бразилия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, бүкіл ұлтты зар жылатып кетсе!) ескерсек, ал биыл сол «Маракана» Мексиканың «Ацтека» стадионынан кейін футболдан әлем чемпионатының финалдық матчы ойналған екінші стадион болғалы тұрғанын ескерсек, сол алаңда ұлы Пеле, Гарринча, Жаирзиньо, Тостао, Вава сияқты ғажайып ойыншылар өнер көрсеткенін ескерсек, «Маракананың» қадір-қасиеті арта түседі. Айтқандай, сол жолғы сапарда Нұрсұлтан Назарбаевқа Бразилия президенті Лула да Силва ұлы Пеленің өзі қол қойған 10-шы нөмірлі футболка мен футбол добын сыйлаған еді. Президентіміздің допты қолға ұстай салмай, кәдімгі футболшыдай жерге түсірмей, бірнеше рет қақпақылдатқанына жиналған жұртшылық дән риза болған. Газетте оны да жазғанбыз.
Елбасының ресми сапарын газет бетінде көрсетуге барғанда қаланы әбден аралай алмайтының түсінікті. Сонда да Рио-де-Жанейрода өткізген екі тәуліктің ішінде редакцияға материалымызды жібере салысымен қала көшелеріне шығуға асыққанымыз, біраз белгілі орындарды кейбірін іштей, көбін сырттай болса да көре алғанымыз, таң атпай әлемге әйгілі Копакабана жағажайына жетіп, Атлант мұхитының суына түскеніміз есте қалды. Бәрінен есте қалғаны – елшіліктен көлік сұратып, атышулы фавелдерге (қаланың ең шеткері, ең кедей, ең қылмысты аудандары) баруға тәуекел еткеніміз. Рио-де-Жанейрода жүздеген фавел бар. Википедия: «Бұлар шын мәнінде мемлекет ішіндегі шағын мемлекеттер. Федералдық билік іс жүзінде фавелдердің шаруасына араласпайды. Фавелдердің көбінде өмір сүру деңгейі өте төмен, мұнда көбіне ең қарапайым жағдайдың өзі жасалмайды, мектеп, аурухана деген болмайды, соның салдарынан қылмыстық жағдай сұмдық өршіп, санитарлық ахуал жантүршігерлік күйге жетеді», деп жазғанын ғана еске салайық.
Жалпы, оқимын деген адамға Рио туралы әдебиет жетіп жатыр. Рио-де-Жанейрода кім тұрмаған, бұл қала жайында кім жазбаған десеңізші. Анатоль Франс, Энрико Карузо, Альберт Эйнштейн, Мария Кюри, Томас Манн, Редьярд Киплинг, Стефан Цвейг, Орсон Уэллс, Альбер Камю, Грэм Грин, Жан Поль Сартр сияқты ұлы тұлғалардың қай-қайсысы да Риоға келген, Рионың кереметтерін көрген, таңдана, тамсана, тебірене сөз еткен. Олардың бәрі Интернетте сықасып тұр. Қала туралы толығырақ білгіңіз келсе, белгілі қаламгер Руй Кастроның «Карнавал в огне» деген тамаша кітабын оқып шығуға кеңес берер едік.
Әрине, Рио-де-Жанейро екі-үш күннің ішінде сырына қаныға қоятын қала емес. Әйтсе де, осыдан жеті жыл бұрынғы көргендерімізді еске түсіріп, одан бері оқығандарымызды ой елегінен өткізіп, осы мақаланы футболдан әлем біріншілігі басталар күні назарыңызға ұсынуға тәуекел еттік. Бұйыртса, нақты айтқанда, белгілі қайраткер азаматымыз Темірхан Досмұхамедов бізді 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы олимпиялық ойындарға алып бармақ болып жүрген уәдесін орындаса, әлемге әйгілі бұл қала жайында тағы да қалам тартып қалуымыз әбден мүмкін. Қазірше – барымен базар.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Енді мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады
Қоғам • Бүгін, 17:12
Алматыда даңқты киногерлерге арналған көрме ашылды
Қоғам • Бүгін, 17:08
Алматыда 13 жастағы қызды зорлады деген күдікті қамауға алынды
Қоғам • Бүгін, 16:53
Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ма?
Білім • Бүгін, 16:35
Қазақстанның Руанда Республикасындағы елшісі тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 16:17
Президент: Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады
Спорт • Бүгін, 16:04
Оқушыларды жалған тіркеу: 2 966 мектепте заңбұзушылық анықталды
Білім • Бүгін, 15:58
Вице-премьер Қарағанды облысындағы бөгеттер мен су қоймаларын тексерді
Үкімет • Бүгін, 15:42
Қызылордада қала маңына қатынайтын автобустар уақытша тоқтады
Аймақтар • Бүгін, 15:27
Президент Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
Президент • Бүгін, 15:23
Сауалнама: Респонденттердің 86,5%-ы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Қоғам • Бүгін, 15:07
Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
Оқиға • Бүгін, 14:28
Жамбылдық полицейлер құстарға ұя салып берді
Аймақтар • Бүгін, 14:13