Күні кеше Астанада бауырлас үш мемлекеттің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан Президенті: «Ол қол қоюшы мемлекеттер халықтарының әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартуға бағытталған», деген сөздерімен маңызды құжаттың негізгі мақсатын да айқындап берді. Бұл орайда, алдымен болашақты жасайтын, өз қолымен орнықтыратын игіліктер ортасында өмір сүретін отандастарымыздың денсаулығына, мәнді демалысына деген қамқорлық көңіл өсіреді. Еңбектің адамы болсын, зейнеттің адамы болсын жылына бір келер демалысын тиімді өткізуге тырысады. Осындай жоспар құрған кісілердің көпшілігі Бурабайға бет бұрғысы келіп тұратыны да анық.
Уақыт тынығушылар талғамын өсіріп отыр. Әйгілі Бурабай бұған дайын ба? Көңілге өлең қондыратын табиғатымен қоса өңірдің ұсынымдары да көбейіп келе жатқанын айтуымыз керек. Бурабай арнайы экономикалық аймағында халықаралық талаптарға толық жауап беретін «Rixos Borovoe» бес жұлдызды отелі бой көтерді. Курорттық санаттағы отельдің бас менеджері Луи де Ионг мұнда 270 жұмыс орны құрылғанын тілге тиек ету арқылы қызмет көлемі мен сапасының деңгейін аңғартады. Әйткенмен, ол Қазақстан курорттарында қолданысқа енгізілмеген ресурстардың барлығын атап көрсетіп, бұл бағытта көп жұмыс істеу керектігін де айтады. Отбасылық демалыс, ауруханадан кейінгі оңалтуға қатысты ойланатын жайлар баршылық. Демалыстың мәні қолайлылықта, тартымдылықта. Айнакөлдің жағасындағы «Оқжетпес», Бурабай көлінің жағалауындағы «Айнакөл», орман қойнауындағы «Зеленый бор», «Щучинский», «Алмаз», «Ботакөз», «Жеке батыр» сияқты ондаған шипажайлар сервистік қызмет ауқымын кеңіткенін білеміз. Солай болуға да тиісті.
Әйткенмен, солай болмай тұрған жайлар да жоқ емес. Ресми деректер бойынша, Бурабайға жылына бір миллионға жетпейтін туристер келетін көрінеді. Нәпақасын осы саладан айырып, салтанат құрып жатқан елдер аз ба? Мүмкіндік бола тұра миллиондар тасқыны бізде неге аз? Мәселе қолжетімділікте. Шипажайлар мен қонақ үйлеріңіздің тәуліктік құны 10 мыңнан 30-35 мың теңгеге дейін шарықтайды. Тамақтану орындары мен сауда нүктелеріндегі бағаға тіс батпайды. Кәдімгі кәсіби бәсекелестік болмай тұр. Жұрт арасында шетелге ағылудың тоқтамай тұрғанын да осыдан көріңіз. «Аттың басы жағдайға қарай бұрылады» дегеніңіз осы болса керек.
Демалыс орындары, әсіресе, қыс айларында бос тұрады. Осы орайда, пікірімізді шашыратпай, барлық шипажайларға тән ортақ мәселеге назар аударғымыз келеді. Мәселен, аты жұртшылыққа мәлім, әлеуметтік сипаттағы «Зеленый бор» санаторийін алып қарайық. Мұнда заманалық жабдықтар жеткілікті, тынығушыларға ем-домның отыздан астам түрі ұсынылады. Соған қарамастан жаз айларында тапқан табыстары қысқы шығындарды өтеуге жетпей жататын көрінеді. Цифрмен айтсақ, 10 мың шаршы метр тұрғын аумағын жылытуға айына 6,3 миллион теңге, электр қуатына 2,5 миллион теңге жұмсалады. Бұған коммуналдық қызмет, адамдардың жалақысын қосыңыз. Мұның себебінің бір ұшын қысқы және медициналық туризмге көңіл бөлінбей тұрғанынан іздеген жөн сияқты.
– Біз игі бастамаларды қолдауға әрқашан әзірміз, – дейді «Зеленый бордың» директоры, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенбек Аманжолов. – Көптен бері әлеуметтік жобаларға үлесімізді қосып, денсаулығын түзеткісі келген кісілерге қол ұшын беруге, сол арқылы ауруханалар мен госпитальдардағы жетпей жатқан орындарды босатуға ықпалдассақ дейміз. Бірақ, іс барысында жүйке жұқартар кедергілерге аяғымыз шалынады. Әлеуметтік қолдау тұрғысындағы әдемі тендерлік саясаттың сарсаңы, бизнес құрылымы басшыларының мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытындағы белсенділігінің төмендігі, өзіміздің ілкім әрекеттеріміз ортақ істі іркіп тұратын жағдайларға кезігеміз.
Әлемнің бәрі коммерцияландырылып кеткен жоқ. Солай болғанның өзінде заң ортақ, ұстаным ортақ. Журналистік зерттеулеріміз Дүйсенбек МәшҺүрбекұлының сөздерінің жаны барлығын айқындайды. Мұның себебі, андыздап шыға бергенімен, адамдар, әдетте, қолда жоқты іздейтіні барын ескерсек, бұл талапқа құрметпен қарайтын уақыт жеткендей. Жұртшылық тарапынан радон суларына сұраныс көп. Ол Көкшетауда ағыл-тегіл. «Көкшетау минералды сулары» АҚ вице-президенті, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Евгений Пятовтің айтуынша, Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарының кез келген жерінен оны кәдеге жаратуға болады. Осы аймақта күнделікті пайдаланып жүрген суларымыз да сондай. Тек олар, химиялық ерекшеліктерге байланысты, қайнарлардан атқылап шығысымен кәдімгі ауызсуға айналып кететін көрінеді.
– Бүгінгі күні әлемнің 300-ден астам сауықтыру орталықтары радон қайнарларын емдік мақсатта пайдаланады және оның тиімділігі нақты дәлелденген, – дейді бізбен әңгімесінде Евгений Александрович. – Көршілес Ресейде осындай 20-ға жуық сауықтыру орталығы бар. Мен Алтай өлкесіндегі атақты «Белокуриха», «Липовка» және Уралдағы бірнеше санаторийлерде болдым. Онда кезекке жарты жыл бұрын жазылады екен. Өйткені, радон терапиясы жүрек-қан тамырлары, жүйке, ішкі ағза, гинекологиялық, тері және басқа кеселдерге дауа болып табылады. Өкінішке қарай, бізде қайнарлар қоры баяғыда зерттелгенімен, іс жүзінде әлі күнге пайдаланылмай келеді. Шипажайлардың жыл бойғы қызметін қамтамасыз ете алмаудың бір сыры осында.
«Зеленый бордың» әңгімесіне қайта оралайық. Мұнда өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін санаторийдің өзіне қарасты радон қайнарлары кеңінен пайдаланылған. Содан кейінгі тоқырау жылдарында жерасты байлықтарын пайдалану жөніндегі қолданыстағы келісімнің күші жойылды. Бірақ, былтырғы желтоқсан айындағы ҚР вице-премьері деңгейіндегі қаулы негізінде, олар «Есіл» ӘКК көмегімен радон суларын пайдалануға әрекет жасап көрген. Ол үшін шипажай бірлескен кәсіпорын құрып, түскен пайданың 20 пайызын «Есілге» беруге тиісті болған. Бұған мақұл сауықтыру орталығы одан кейінгі қиямет-қайымнан хабарсыз еді. Зертханалық химиялық зерттеу, кен қойнауын пайдаланудың жұмыс жоспары және келісімшарт жасауға қажетті толып жатқан құжаттар дайындау қажет болған. Мұның жалпы құны 14 миллион теңгеге бағаланған. «Зеленый бор» бұған да көнген. Осы жерде Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысын алу үшін тағы да қомақты қаржы қажеттігі анықталады. Мәселе мұнымен де шектелмейді екен. Әлгі қорытындыға қол қойылғанның өзінде, оның сәл-кем өзгерістерге түсуінің өзі қосымша шығындарға, бәрінен бұрын медициналық қызметкерлердің негізгі жұмысын тоқтата тұруына әкеліп соғатыны түсінікті. Сөйтіп, құнарлы құйқаны түртіп қалсаң атқылай жөнелетін радон сулары алтын суларға айналып шыға келген. Есесіне, «Зеленый бор» тапсырыс берушілердің 90 күндік келісімшартын біржақты бұзуына мәжбүр болған.
Әріптестік қатынастар ашық болуға тиісті. Ол, әрине, заңға сүйенеді. Дегенмен, «Кен пайдалану туралы» Заңды пайдаланудың ерекшеліктері де болуға тиісті деп ойлаймыз. Мәселен, мұнай, алтын, газ, металл, көмір өндірушілермен емдеу-сауықтыру мекемелерінің жағдайын бір безбенмен өлшеудің қисыны келмейтіні анық. Құрметті депутаттар мұны да ескергені жөн. Оның үстіне, республикамызда әлі күнге курорттар туралы заң қабылданбай келеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.