Аймақтар • 15 Қаңтар, 2023

Мұз жол – қатер

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күршім бағытындағы Бұқ­тырма су қоймасынан көлік­тер жаздыгүні пароммен қатынаса, қыста көк мұздың үстімен зулайды. Мұз­дың аты – мұз. Айтты, айт­пады, кейбір күндері шы­тынап тұрады. Күні кеше мұз үстінде тағы бір оқыс оқиға орын алды.

Мұз жол – қатер

Тағы бір деп отырғанымыз, осыдан бір ай бұрын мұз ойылып кетіп, автокөлік су астына кеткен. Ондағы оқиғада әйел адам көз жұмып, туған-туыстарының қабырғасы қайысқан. Бұл жолы мұз үстін күреп бара жатқан трактор бар-жоғы бес-алты секунд ішінде көзден ғайып болды. Мұз опырылып, су астына кетті. Құдай сақтады. Жүргізушісі ширақ екен. Шығып үлгерді. Оның бәрін әлеуметтік желіде тараған бейнетаспадан көріп, таң болдық. Бұған дейін де қаншама көлік, қаншама адам мұз астына кетті?! Көпір құрылысы аяқталмайынша, бұл оқиғаның қайталана бермесіне тағы кепілдік жоқ.

Әйтеуір, бұл жолы оқыс оқи­ға­дан соң мұз үстімен жүруге уа­қытша тыйым салынып, тәртіп сақшылары күзетке тұрған. Олар да қашанғы күзетеді?! Түйсігі бар жүр­гізуші тыйым салынса, мұз үс­тіне өздігінен де шықпауы ке­рек.

Шығыста қалың қар түсті. Артынша жаңбыр себеледі. Ауа температурасы +1 градусқа дейін жылыды. Мұндай айнымалы күн райында физика заңдылығы бо­йын­ша, мұздың да тығыздығы өзгермей ме?! Сөйтіп, шытынап тұрған мұз үстіне трактор дөң­­­гелегі түскенде, жарылды да кетті. Бұл – жолаушылардың па­йы­мы. Шынтуайтына келгенде, 1,5 тоннаға ғана рұқсат етіл­ген мұз үстінен 9-10 тонналық «КамАЗ» жүк көлігі өтіп, жүргі­зуші өзінің ғана емес, басқа да жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп кеткен екен.

– Мұз – су бетіне жайылған қағаз сияқты. Салмақ түссе, қозға­лыста болады. Ауыр жүк көлігі өтіп кеткен соң қалыңдығы 30-35 см мұзды бүлдірген. Әдетте, техника мұзға бірден батып кетпейді. Бірінші дөңгелегі түседі. Салмақ түскен соң ғана біртіндеп батады. Ал бейнежазбада көргеніміздей, трактор 4-5 секунд ішінде батып кетті. Енді мұз қатқан соң ал­тыбақан құрып, техниканы шығарып аламыз, – деді «ОблШығысЖол» ЖШС басшысы Нұржан Жұмаділов.

Облыстық Полиция департа­ментінің баспасөз қызметі атал­ған оқиға туралы ешкім хабар­ласпағанын айтты. Десе де тексеру жұмыстарын бастаған. Ал облыс тұрғындары «Қызыл ту» өткеліндегі көпір құрылысын тездетпесе, мұндай оқыс жағдайлар азаймайтындығын айтып жүр.

Айта кетейік, «ОблШығыс­Жол» ЖШС-ның бас маманы Л.Нұқыбаеваның хабарлауын­ша, «Қызыл ту» өткеліндегі мұз жо­лымен жүруге тыйым са­­­лын­­ды. Ауа райы күрт жылып, мұз бетінде жарықтар пайда болған. Оның үстіне, өткел бе­­тіне еріген қар суы жайылған. Жо­лау­шылар қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында «Қызыл ту» өтке­ліндегі мұз арқылы жол бар­лық көлік түрлері үшін жабылды. Жолаушылар енді Үлкен Нарын, Алтай арқылы ғана Күршім, Мар­қакөлге қатынай алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы