Мемлекеттік архив қорына қатысты құжаттар бүкіл халықтың ортақ дəулеті. Оның мұқият сұрыпталып, екшеліп, ақау көрмей сақталуына жағдай туғызу – əрбір мекеме мен ұйымның міндеті. Сол міндетті көтеріп жүрген Астана қаласының мемлекеттік архиві бүгінде оқушылармен тығыз жұмыс істеп жатыр. Жақында олар «Қадыр Мырза Әлі» атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің оқушыларын қонаққа шақырып, тарихи деректермен таныстырды.
Алдымен мекеме қызметкерлері оқушыларға архив қоймасын аралатып, «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбы бойынша құнды құжаттарды көрсетті. Мұнда кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауы, Алаш партиясының қызметі, 1930-1940 жж. қуғын-сүргін, Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылуы, Қазақ КСР-нің құрылуы туралы маңызды мағлұматтар ұсынылды.
Архив қоймасының қыр-сырларымен танысу барысында жас оқырмандарға көне қолжазбалардың қалай сақталғаны жайында ақпараттар берілді. Сондай-ақ елорданың ежелгі тарихы баяндалды.
Кездесу соңында қалалық архив ұжымы жас қонақтарға жаңадан жарық көрген «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері жинағы» кітабын сыйға тартты.