12 Маусым, 2014

Жаһандық жарыстағы – Ельцин, Буш, Обама...

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мамандар бүгін сөреден шығатын әлем чемпионатына қатысатын Коста-Рика құрамасының 22 жасар осы жартылай қорғаушысын турнирде ашылатын жаңалықтардың бірі болады деп күтіп отыр. Команданың орталық қорғау шебінде тұратын оның толық аты-жөні Ельцин Ан­тонио Техеда Вальверде көрінеді. Футболшы өз есімін Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің құрметіне алған екен. 1992 жылы 17 наурызда туған балақайға анасы бұл атты Ресей басшысына разы болғандықтан беріпті. Ал фут­болға деген құмарлық оған әкесі Йоси­мар Техеда арқылы дарыған. Жасы 14-ке келгенде, Ельцин өздері тұратын Лимон деген қалашықтан Коста-Рика астанасындағы университетке оқуға түсуге аттаныпты. Сонда барғасын, футболшы ретінде жаттығуын да күшейте түскен. Кейін кәсіпқой футболға бір­жола бет бұрған Ельцин Коста-Рика­дағы ең мықты командалардың бірі – «Депортиво Саприссаға» қабыл­данады. Содан бері осы ұжымның сапында ойнайды. Ал елдің бас ко­ман­дасының жаттықтырушылары оған 2009 жылы Нигерияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында өз елінің құрамасы құрамында ойнап жүрген кезінде назар аударады. Арада екі жыл өткеннен кейін Ельцин елдің ересектер арасындағы құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізді. Осыдан бастап ол шеберлігін ұдайы өсірумен келеді. 2014 жылы Ельцин Техеда өз елі құрамасының әлем чемпионатының финалдық тур­ниріне жолдама алуын қам­та­масыз ете білді. Ол Коста-Рика­ның Мексикамен өткен шешуші матчында жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты. Бір қызығы, бұл чемпионатқа қатысушы командалар қата­рында мұндай «саяси» есімді футболшылар жеткілікті көрінеді. Айталық, Колумбия жасағы сапында да бір Ельцин жүр. Оның аты-жөні – Ельцин Каро. Осы елде тегі «Сталин» аталатын футболшы да бар. Ол Мотта Сталин болып табылады. Бұдан әрі Эквадорда екі бірдей Ленин – Пороша және де Хесус тіркелген. Сол сияқты екі құраманы АҚШ-тың соңғы екі президентімен фамилиялас ойыншылар толықтырған.  Олардың бірі – колумбиялық Флоран Обама болса, екіншісі АҚШ командасы құрамындағы Эван Буш екен. Жаһандық жарыста өз елдері құрамалары сапынан орын табылма­ғасын, өзге мемлекеттердің намыс­тарын қорғауға бекем бел байлап келген футболшылар да біраз болып шықты. Олардың саны артық-кемі жоқ 10 спортшы болып отыр. Мәселен, Рио-де-Жанейроның тумасы, 16 жасынан Бразилия футбол клубтарында ойнай бастаған, Дуду атты лақап есімі бар Эдуардо да Силва қазір Хорватия құрамасының белді мүшесі болып отыр. Бұл елдің тағы бір тумасы – Жорже Саммир де бүгінде осы шаршы таңбалы жейдесі бар елдің құрамасы сапында ойнайды. Мұның есесіне, хорват жерінің Дарио Видошич есімді тумасы алыстағы Австралия үшін жан берісетін шайқастарға қатысады. Бразилияның тағы бір өрені – Диего Коста осы жолы Испания командасы сапында алаңға шықса, оның келесі отандасы Тьяго Мотта Италияның жалауын желбіретеді. Сол сияқты канадалық Джонатан де Гузман Голландияның барабанын қақса, түрік жерінің төл перзенті Аднан Янузай Бельгияның құрамында жүр. Бұдан қалды, Гана жерінде кіндік қаны тамған Марио Балотелли біраздан бері Италияның белді ойыншысы атанып келеді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.