Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков
Шыны керек, бұрын сырқаттанып келген науқасты қуықтай бөлмеде қабылдаған медицина қызметкерлері заманға сай жаңа ғимаратқа қоныстанғандарына қуанышты. Ем іздеген жаңға ерінбей көмек көрсетуге бар жағдай жасалған нысан дәрігер қауымы үшін де маңызды екені даусыз.
Көкөзек ауылындағы жаңа медициналық пунктте алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда ем-дом көрсететін кабинет, егу және басқа да қажетті кабинеттер бар, ыстық және суық су, электр жылуымен қамтылған. Мұнда 760-тан астам тұрғын сапалы медициналық қызмет ала алады.
Осы ретте айта кетейік, блок-модульді типтегі медициналық пункттер ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселесін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Осы әдіспен тұрғызылатын нысандар құрылыс жұмыстарының жылдамдығымен және сапасымен ерекшеленеді, сондай-ақ нысан құрылысының құны төмендеу болады. Осы типтегі нысандар жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді қажет етпейді.
Сағабүйен ауылының 2 мыңға жуық тұрғыны жаңа жыл қарсаңында жаңа медициналық амбулаторияға қол жеткізді. Оның құрылысы осы жылдың көктемінде басталған болатын. Амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған.
Аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылуының нәтижесінде, ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек ала алады. Одан бөлек, Қаракемер ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы бір жаңа медициналық мекеменің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Көп ұзамай ондағы тұрғындар да аудан орталығына сабылмайтын болады.
Жетісу облысы