Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қатенің өзі де түрліше. Бірі – жауапсыздықтан, екіншісі сауатсыздықтан бола ма деймін. Оқулықтарда соның екеуі де бар. Қай пәннің оқулығындағы қатеге де жеңіл қарауға болмайды. Әсіресе, тарих пәнінен кеткен қатенің салдары жеңіл емес.
Енді нақты дәлелмен сөйлейік. Міне, 8(9) сыныптың 2019 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан дүние жүзі тарихы оқулығының 51-бетінде: «Уақытша үкіметтің шешімімен О.Бөкейханов Торғай облысына, Ж.Досмұхамедов – Орал, М.Шоқай – Түркістан облыстарының комиссары ретінде тағайындалды. Ұлттық қазақ облыстары мен уездік комитеттер құрылды», деп жазылыпты.
Бірінші қате: Ә.Бөкейхановтың атын дұрыс жазбаған. Екінші, М.Шоқай Уақытша үкіметтің комиссары болған емес. Үшінші, Ж.Досмұхамедов те комиссар болмады. Төртінші, Түркістан облысы деген де жоқ еді. «Ұлттық қазақ облыстары» дегені тағы түсініксіз. Контекске қарағанда, облыстық қазақ комитеттерін айтып тұрғаны байқалады. Бірақ қатені жазбау үшін де оқулық авторлары білімді болуы керек қой. Кітап жазушылар сол жағынан ақсап, Жетісу облысында Уақытша үкіметтің комиссары болған М.Тынышпаевты айтпай, керісінше болмағанды болдырып, ғылыми фактіні бұрмалапты.
8 (9) сыныптың Қазақстан тарихында («Атамұра», 2019) М.Шоқайдың Түркістан өлкесіндегі комиссары болып тағайындалғаны тағы жаңсақ жазылған (28-бет). Бұдан басқа Мұстафа Шоқайдың ІІІ, ІV Мемлекеттік Думалардағы мұсылман фракциясының құрамына кіргені айтылған (14-бет). Мұстафа атамыз Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясына 1914 жылдан бастап хатшы болған. Думаның үшінші шақырылымының жұмысы болса, 1912 жылы аяқталған еді.
Талданып отырған 8(9) сыныптың кітабының 123-бетінде 1920 жылы құрылған Қазақстанды зерттеу қоғамы мүшелерінің ішінде В.Радловтың аты жүр. Ал 132-бетінен: «Мәселен, темір дәуірінің жазуы сақталған тас тақтайшаны Қ.Сәтбаев Алтыншоқы жотасынан 1935 жылы тапқан еді», дегенді оқимыз. Шындығына келсек, В.Радлов Қазақстанды зерттеу қоғамы құрылмастан 2 жыл бұрын, 1918 жылы өмірден өткен болатын. Ал Әмір Темірдің 1391 жылы Тоқтамысқа жорыққа аттанып бара жатып жаздырған тасын Қаныш атамыздың Ұлытау бойындағы Қарсақбай кені маңынан тапқаны рас. Бұл жазу ғылымда Алтыншоқы жазуы немесе Темір жазуы деп те айтылады. Әйтеуір, бір анығы, темір дәуірінің жазуы емес.
Радлов демекші, 1862 жылы Берел қорғанына алғаш археологиялық зерттеу жүргізген Радлов екенін бірде теледидардан естіп, санама түйіп алған едім. Енді 10-сыныптың Қазақстан тарихының 13-бетінде Радловтың 1826 жылы зерттеу жүргізгені айтылыпты. Біз жоғарыда қателіктің бірі жауапсыздықтан болады деп едік. Бұл да сондай жауапсыздықтан кеткен қате болса керек. Бірақ тарихта бір санның өзі жаңсақ жазылса, дерек өзгеріп сала береді емес пе...
Радловпен байланысты тағы бір қатені 2019 жылы «Мектеп» баспасынан Р.Қайырбекова, С.Тимченко, З.Джандосованың авторлық бірлігімен жарық көрген 10-сыныптың дүние жүзі тарихының оқулығынан кездестірдік. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқулықтың 13-бетінде: «Көшпелілердің ерекшеліктері мен өзіндік өмір салты туралы кезінде КСРО ғалымдары В.Радлов, Л.Гумилев, Б.Владимирцов, Ә.Марғұлан негізді пікір айтып кеткен», деп жазылыпты. 1918 жылы бақилық болған В.Радловтың 1922 жылдың 30 желтоқсанында құрылған КСРО ғалымы бола алмайтыны белгілі ғой.
«Атамұра» баспасынан 2008 жылы А.Қайыпбаева мен З.Қабылдиновтың авторлығымен шыққан 8-сыныптың Қазақстан тарихында Ж.Досмұхамедов Тарту университетін бітіргені жаңсақ жазылған болатын. Сол қате кітаптан кітапқа көшті. Сөз басында айтылған мақаламызда соны мысалға келтірген едік. Бірақ елдің бас газетінде жазылған сыннан қорытынды шықпапты. 2020 жылы З.Қабылдинов пен А.Сандыбаеваның авторлық бірлігімен «Атамұрадан» шыққан 11-сыныптың Қазақстан тарихында аталған қате төртінші мәрте (!) қайталаныпты. Дәл осы оқулықтың 2-бөлімінде Дінмұхамед Сұлтанғазинның Томск университетінің медицина факультетін, Санкт-Петербург университетінің шығыстану және заң факультетін бітіргені жазылыпты. Бұл да жартылай жаңсақ дерек. Өйткені Д.Сұлтанғазин бірінші жоғары оқу орнында бір жыл ғана оқып, аяқтамаған.
Абайдың шығармалар жинағы алғаш С.Петербургтегі И.Бораганский баспасынан шыққаны белгілі. 2008 жылдан бері үшінші рет басылған 8 (7) сыныптың Қазақстан тарихында соны Қазанда басылды деп берген. Осы оқулықтың мазмұны он жылда кішкене өзгергенімен, ішіндегі қате өзгермеді. Бұл оқулықтың 197-бетінде М.Көпейұлының 1880 жылдан «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» газеттері мен «Айқын» журналында мақалалар жариялай бастағаны айтылған. «Түркістан уалаятында» Мәшһүр атамыздың мақалалары басылмағаны анық. «Дала уалаяты» газеті Омбыда 1888-1902 жылдары жарық көрді. Сол жылдары «Айқын» деген журнал да атымен болған жоқ. Ал журналдың атынан жаңылысты дегеннің өзінде, «Айқап» 1911-1915 жылдары жарық көрмеп пе еді...
Бір қынжылтатыны, мұндай бұрмаланған деректер ҰБТ-ның өзіне де еніп кеткенін байқадық. Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының Қазанда басылғаны, Алпысбай Қалменовтің Бөкей Ордасынан Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаны туралы жаңсақтықтар қазіргі ҰБТ сұрақтарының ішінде жүр. 8-сыныпқа дүние жүзі тарихынан өткізген ашық сабағында Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан облысындағы комиссары болды деп айтқан мұғалімді де ютубтан көрдік. Оқулықтағы қателер қалыптасқан мұғалімдердің өзін осылай жаңылыстырып жатқанда, тәжірибесіз жас мамандарға тіптен теріс бағдар бермей ме?!
Мына бір мысал 2017 жылы «Атамұра» баспасынан Б.Көмеков, Т.Жұмағанбетов, К.Игіліковалардың авторлығымен жарық көрген 5-сыныптың Қазақстан тарихынан алынып отыр. Кітаптың кіріспесінде: «Авторлар материалды логикалық және хронологиялық тәртіпті сақтай отырып, тарихи бірізділікпен беруге тырысты», деп жазылған. 117-беттегі: «Б.з.б. 202 жылы Мөде шаньюй өз жерінде қытай әскерін жеңген соң алғаш рет бейбіт келісім жасалды. Император У-Ди мен Мөде шаньюй бұл құжатты «тыныштық пен туыстық туралы шарт» деп атады», деген жолдарды оқығанда, хронологиялық бірізділікті емес, анахронизмнің көкесін көреміз. 174 жылы Мөде өлгенде,
У Ди әлі дүниеге келмеген де еді ғой. 118-беттегі ерекшеленіп берілген жоларалық анықтамалықта б.з.б. 90-жылы болған Яньжан шайқасы туралы айтады. Яньжандағы ауыр жеңілістен кейін қытайлардың ХVІІІ ғасырға дейін біздің жерімізге қайта басып кірмегенін шегелеп жазады. Ендеше 751 жылғы әйгілі Атлах шайқасы қайда қалады? Жоларалық анықтамалық дегеннен гөрі мұндайды «жоларалық жаңылтпаш» деген дұрыс болады. Абзалы, жаңылтпаш жазатын авторларды оқулықтың маңына жақындатпаған дұрыс қой.
Соңғы шыққан 11-сыныптың дүние жүзі тарихы қатесіз сияқты көрініп еді. 127-бетте БҰҰ-ның қамқорлығымен Үндістан мен Португалия арасындағы келіссөздер нәтижесінде референдумнан кейін Тимор-Лешти тәуелсіз мемлекеті құрылғаны жазылыпты. Дұрысы: Үндістан емес, Индонезия ғой.
Айта берсек, тарих оқулықтарындағы қателер жоғарыдағы мысалдармен бітпейді. «Атамұрадан» шыққан 9-сыныптың Қазақстан тарихында суретші Сахи Романовтың аты-жөнін бұрмалап, Р.Сахи деп жазған. Дулат Бабатайұлы мен Шортанбай Қанайұлының аты мен тегін біріктіріп, Дулат Шортанбайұлы деп бір ақын жасаған. Сол баспада жарық көрген 8-сыныптың оқулығында РК(б)П деп қазақша емес, РКП(б) деп орысша жазған.
Алдағы уақытта мұндай қателер қайталанбауы үшін белгілі тұлғалардың аты мен тегін «түзетуден», статистика мен хронологияны «ревизиялаудан», қиыспайтын деректі қиыстырып, анахронизм мен контаминация жасаудан, сөйлемдегі сөздерді орынсыз инверсиялап, жаңылыс түсінік туғызу сияқты профанациядан арылуымыз керек. Егер Оқу-ағарту министрлігі тарапынан шындап көңіл бөлінсе, мұны шешуге толық мүмкіндік бар. Себебі бес жыл сайын жаңарып тұратын мектеп оқулықтары баспадан шықпастан бұрын сандаған сарапшының алдынан өтеді. Енді тек бұрынғыдай жеңіл қарамай, сол сарапшылардың құзыреті мен жауапкершілігіне баса көңіл бөлу керек.
Сонымен, сапалы оқулық жазу үшін не істеуіміз керек? Бұл үшін ең бірінші, авторларға қойылатын талап пен жауапкершілікті күшейту қажет. Екіншіден, оқулық жазуға тапсырыс беруші тарап авторларды асықтырмауы қажет. Үшіншіден, мектеп оқулығы мен академиялық басылымдардың арасында сәйкестік сақталуы керек. Төртіншіден, «оқулық-ресурс» деген түсініктен мүлдем арылуымыз керек. Бесіншіден, баламалы оқулықтар шығару тоқтатылып, бірегей оқулықтар дайындалуға тиіс. Міне, біз сонда ғана жақсы оқулыққа қол жеткізе аламыз.
Серік ЗИЯТОВ,
Бұлан білім кешенінің
тарих пәні мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы