Білім • 16 Қаңтар, 2023

Тұралаған мектеп құрылысы

367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел бойынша сақалды құрылыстар арасында жарыс өткізілсе, облыс орталығындағы «Құлагер» шағын ауданындағы орта мектептің құрылысы бәйгесін шаппай алар еді. Алғашқы қазығы қағылғалы аттай желіп жеті жыл өтті. Бюджеттің миллиардтаған қаражатын жұтып жатса да, жұмысы бітетін емес.

Тұралаған мектеп құрылысы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Шағын аудан тұрғындарының дені – ауылдан көшіп келгендер. Осы ауданнан жер телімі бөлініп, қоныстанған. Жеті жыл бұрын орта мектеп салынады деген сүйінішті хабар тарағанда, тәмам жұрт жерден жеті қоян тауып алғандай  қуанған-тұғын. Оған себеп те бар. Шағын ауданның оқушыларының біразы Краснояр ауылындағы мектептерге, қалғаны облыс орталығындағы білім ошақтарына қатынап оқиды. Қатынау да оңай емес. Әсіресе, қыстың көзі қырауда. Айталық, Краснояр ауылынан шығатын автобустар таңертең лық толып келеді де, аялдамаға тоқтамай кетеді. Сақылдаған сары аязда жол тосу оңай ма?

Үшқабатты, 410 орындық білім ошағының құрылысын сонау 2016 жылдың күзінде «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» мердігер компаниясы бастап кетті.  Балаларының оқуына алаңдаған ата-аналар құрылыс жұмысы 2017 жылы бітіп, пайдалануға беріледі деген қала басшыларының сертке бергісіз сөзін естіп, бөріктерін аспанға атты. Алғашқы жоба бойынша бұл ғимаратта 234 орындық мектеп пен 86 орындық балабақша ашылуға тиіс болатын. Республикалық және облыстық бюджеттен аталған құрылысқа қарастырылған 975 млн теңге 2016 жылы бөлінген. Мердігер компанияның қолына осы қаржының 50 млн теңгесі ғана тиіпті. Конкурсты жеңіп алған компания өз қаражаты есебінен аумағы атшаптырым ғимараттың іргетасын қалай бастаған. Алайда асығыс, мүлде сапасыз қаланған іргетас сол жылдың өзінде-ақ опырыла құлап түсті. Сол сапасыз ғимараттың үстіне үшқабатты мектеп үйі салынғанда не болар еді деп жұрт әлі күнге дейін жағасын ұстайды. Кейін құрылыс жұмыстары мүлде тоқтады. Шағын аудан тұрғындарының ішінен белсеніп шыққан азаматтар қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырды.

– Бұл не қылған бітпейтін құрылыс екенін әлі күнге дейін түсіне алмай жүрміз, – дейді шағын аудан тұрғыны Есенбай Қонысбаев, – осы мектепке барады деген балаларымыз мектеп тұрмақ жоғары оқу орнын да аяқтады. Енді немерелерімізді апарамыз ба деген үміт бар.

Іргетасы қаланғалы мектеп құрылысына бірнеше мәрте түзету енгізілген. Әуел баста пысықталмағаннан кейін жол-жөнекей қосылған түзетулер де қол байлайды. Арада жылдар өткен соң құрылысқа қажетті заттардың бағасы да өзгеретіні заңды. Жобалық-сметалық құны да әлденеше есе өсіп шарықтап кеткен. 2018 жылдың қысында мердігер компания жобалаушының жол-жөнекей айтылған ұсыныстарына құлақ асып, опырыла құлаған іргетасты бұзып, астыңғы топырағын тығыздап, нығайтып, қайта салмақ болған. Өкінішке қарай, жығылған үстіне жұдырық дегендей, «Барыс Строй  проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған жоба тағы да дұрыс болмай шыққан. Екінші қайта салынған іргетас та шетінен ыдырай сөгіліп, қарадан қарап тұрып құлап қалған. Амал жоқ, қосымша мемлекеттік сараптама өткізу үшін 3,2 млн теңге қаражат бөлініп, іргетасты нығайту үшін жанына темір қада қағамыз деген шешім қабылданған. Бұл қаданың қаншалықты қауқарлы болары бір жаратқанға аян. Өзегі темір болғанымен, салмағы әлденеше тонна болатын үш қабатт­ы ғимаратты көтеріп тұру­ға қауметі жете ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал мектепте күні ертең мыңдаған бала оқитынын ескерсек, айтып келер қауіп-қатердің қабырғаның сыртынан сығалап тұрғандығын көруге болады. Темір қадаға да қыруар қаражат жұмсалған. Осылайша, мектеп құрылысы басталмай жатып бірнеше мәрте іркіліп, құрылыс жұмыстары сағыздай созылып, кешеуілдей берді.

Бюджеттің 1 млрд теңгеден астам қаражатын жұтқан мектеп 2020 жылдың 25 желтоқсандағы облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасымен Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің есебіне алынып, құрылыс басқармасына берілетін болған. Әйтсе де екі мекеме арасындағы қабылдау мен тапсыру жұмысы 2021 жылдың мамыр айына дейін жалғасты. Шағын аудан тұрғындарының арыз-шағымына орай келген жауапта ғимарат құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады деп айқын көрсетілген.

Облыстық құрылыс басқар­масы мердігер «Никс Инжи­ниринг Групп ИВ» компания­сына мемлекеттік сатып алу тура­лы №139 келісімшарт мін­дет­темелерін уақытында орындамауына байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріпті. Мердігер компания өз кезегінде қаржының уақытында бөлінбеуіне байланысты құры­лыс жұмыстары тоқырап, өздері­нің 84 млн теңгесін артық шығын­дағандарын айтып, алақандарын жайып отыр.

– Құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың қазан айында бастадық. Қаражат түспегендіктен жұмыс­ты өз есебімізден жүргіздік. Жобалаушы авторлық құқығынан бас тартып, 2017 жылы бұл жобаны тастап кетті. 2018 жылы тағы да өз қаражатымызбен жоба­лаушы таптық. Жаңадан іргета­сы көтеріле бастады. 2018 жылғы бағамен 84 млн теңгеге шығын­далдық. Алғашқы жоба 2014 жылы жасалған. 2020 жыл­дың күзінде жобалық-сметалық құжат қайта жасалды. Қыста жылу қазандығын іске қостық. Бір айда 20 тоннаға жуық жанармай жақтық. Екі ай от жағып шығындалдық. Сайып келгенде, қаражаттың уақтылы бөлінбеуі себепші болып отыр, – деді мердігер компания директоры Владимир Пинчук.

Білім ошағының құрылысына жеті жыл ішінде 1 млрд 600 млн теңге қаражат бөлінді. Әйтсе де, ішкі-сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілген жоқ. Бір түсініксізі, жобада көрсетілмеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ай­талық, сыртқы футбол ала­ңына арнайы жамылғы төсел­мек. Қазір көзі қарақты жергі­лікті жұрт осы ғимараттың мектеп болатындығына күмәндана­ды. Уақытында шатыры жабыл­ма­ған­дықтан, жаңбыр  суы кірпіштерге сіңіп кетті. Су сіңді кірпіш сақылдаған сары аязда жарылып кетеді. Су тарту жұмыстары да кезегін күтіп тұр.

Несін айтасыз, бақылаусыз, қараусыз бейберекет жұмсалған бюджеттің қаншама қаражаты құмға сіңген судай жоғалар түрі бар. Қазір шағын ауданнан өтіп бара жатқанда қарауытып көзге түсетін жартылай біткен жартыкеш білім ошағы біздің өңірдегі берекесіздікті көзге шұқып көрсететін ескерткіш іспетті.

 

КӨКШЕТАУ