12 Маусым, 2014

Жүгенсіз жанкүйерлерге жол жоқ

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қандай да бір ірі жарыс басталар қарсаңда тәртіпсіздігімен көзге түскен жанкүйерлердің төл­құжаттарын жинап алуға Ұлы­бри­тания құқық қорғау орын­дарын­да заңға негізделген мүм­кін­дік бар. Яғни, футбол ойын­дары кезінде бұзақылық әре­кет­тер жасап, соның салдарынан істі болғандар өз еріктерімен поли­цияға төлқұжаттарын тапсыруы тиіс. Заң талабы солай. Олар бұл шешімді 2000 жылы қабылдаған. Енді осы заң бойынша арнайы есепте тұрған 1452 «бұзық» Бра­зилияға бара алмайды. Бұл шара әлем чемпионатын көруге баратын британиялықтардың шырқын бұзбау үшін қажет. Футболдан Бразилияда өтетін әлем чемпионатында қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін 1,9 млрд.  реал (857,5 млн. АҚШ доллары) бөлініп отыр. Сондай-ақ, күштік құрылымдардың 157 мың сарбазы доп додасының тыныштығын күзетеді. Бразилиядағы әлем чем­пионатының қауіп-қатерсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында аталған елде құқық қорғау құрылымдарының қатысуымен мамыр айының ортасынан бері дайындық жүргізілді. Солардың бірі ретінде Бразилия үкіметінің ұзындығы 16-19 мың километр­ге жететін ел шекарасын түгел қамтыған ірі операция өткізгенін айтуға болады. Бразилия президенті Дилма Руссефф әлем чемпионаты кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынына кепілдік беріп отыр. Күштік құрылымдардың сарбаздары чемпионат толық аяқталғанша ешқайда кетпейді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».