Мектеп бітіруші түлектердің де, ата-аналары мен ұстаздарының да тынышын алған ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны аяқталды. Биыл ҰБТ-дан Оңтүстіктің мерейі жоғары болды. Себебі, 6 маусымда осы өңірдің екі бірдей білімді жасы 125 балл жинап, Алматымен иық қағыстырып, республика бойынша көш басынан көрінді.
Ең жоғары көрсеткішке ие болған Ұлпан Ержанова Ордабасы ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің, ал Шахзода Ахметжанова Шымкенттегі З.Космодемьянская атындағы жалпы орта мектептің түлегі. Ал, 8 маусымда Мақтаарал ауданының Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының үш бірдей оқушысы 123 балл жинады. Олар – Әсия Айкенже, Нұрлан Ертаев және Нұрлан Нөкербек. Осы білім ұясынан 27 «Алтын белгі» иегерінің шығуын да мақтанышпен айтуға болады.
Өткен жылы облыстағы мектеп бітірушілердің орта балы 72,5-ті құраса, биыл 74,5-ке жетіп отыр. Былтыр өңіріміз бойынша 337 түлек «Алтын белгіні» иеленсе, биыл бұл көрсеткіш 430-ға жетіп, 93-ке артты. Жалпы, үстіміздегі оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер 1131 оқушының 38 пайызы ғана сенімді ақтады. 102 «Алтын белгі» облыстағы «Дарын» мектептерінің бітірушілеріне бұйырды.
Мектеп бітіруші түлектердің биылғы көрсеткіші көңіл көншітеді. Мәселен, биыл 2370 оқушы 100 балдан жоғары жинап, өткен жылмен салыстырғанда 119-ға артқан. Былтыр жалғыз оқушы 125 балл жинаса, биыл ол 2-ге жетті. Сондай-ақ, 11 түлек 123 балдан иемденді. Оның 6-уы Шымкенттен, 3-уі Мақтааралдан, қалған 2-уі Арыс қаласы мен Ордабасыдан. Облыс бойынша орта балы 88,6-ға жеткен Кентау қаласының түлектері көш бастаса, Түркістан 81,6 және Шымкент 80,1 балмен білім деңгейінің қандай екенін көрсетті.
Үмітхан АЛТАЕВА.
Оңтүстік Қазақстан облысы.