12 Маусым, 2014

Шоғырландырылған бірлескен компанияға бірігеді

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қашаған» жобасының игеру операцияларынан өндіру кезеңіне ілгерілеуі консорциумның Солтүстік Каспий бойынша Өнімі бөлісу келісімі аясында ресурс­­тарды одан әрі игере беруге әзірлеу мақсатында оператор мен агенттердің бұдан былайғы интеграциясы мен қызметтерін бірлестіруге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалану үшін консорциум үлескерлері ағымдағы операциялық үлгіден бірте-бірте бірыңғай шоғырландырылған бірлескен компанияға өту жөнінде келісті. Осыған орай, НКОК компаниясы төмендегідей арнайы мәлімдеме таратып отыр. «Бірыңғай шоғырландырылған бірлескен компания НКОК және игеру, бұрғылау және пайдалану жұмыстарына бекітілген агенттер тарапынан қаланған берік негіздерге сүйене отырып құрылады. Жаңа компания консорциум мүшелері әзірлеген қолданыстағы құралдар мен процестерді қамтитын бірыңғай корпоративтік басқару жүйесі аясында жұмыс істейтін болады. Бірыңғай шоғырландырылған бірлескен компания «North Caspian Operating Company» (NCOC) деп аталады деп күтілуде». Оператор компанияның мәлім­демесінде айтылғандай, интеграция мен бірігуді үстіміздегі жылы бастау жоспарлануда. Бірыңғай операциялық компанияны құруға бағытталған жұмыстар құбырды жөндеуге қатысты жұмыстарға, не болмаса өндірісті жаңғыртуға әзірлік жұмыстарына, сонымен бірге, «Қашаған» кен орнын игерудің бірінші кезеңінде қалған жұмыстарды аяқтау бойынша жұмыстарына әсер етпейді. Орын алған өзгерістер туралы ресми мәлімдеме жасалғанға дейін ағымдағы басшылықпен қолданыстағы операциялық үлгі пайдаланылатын болады. Бірыңғай операциялық компанияға қарасты персоналдың басым бөлігі Атырау қаласында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтегі ресми тұлғалармен қарым-қатынас орнатуға жауапты қызметкерлер Астанада орналасады. Жаңа үлгіге жоспарлы түрде өткеннен кейін Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлісу жөніндегі келісімге сәйкес меншік құрылымында өзгерістер болады деп күтілмейді. Жақында, жоба операторы – НКОК-тың басқарушы директоры лауазымына «ЭксонМобил» компаниясында жұмыс жасаған Стефан де Майё тағайындалды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,  «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.