«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлім еткендей, атыраулық жүргізушілер арасында VIP нөмірлерге сұраныс артқан. Мәселен, бұрнағы жылы атыраулық жүргізушілер 961 VIP нөмір сатып алу үшін 249 млн 335 мың 283 теңге төлеген. Ал былтыр мұнайлы өңірде тіркелген көліктерге 241 млн 307 мың 788 теңгенің VIP нөмірлері тағылған.
– Ең қымбат нөмірдің біреуі 983 мың 250 теңгеге бағаланды. Жүргізушілердің сұранысына байланысты әрқайсысы 786 мың 600, 472 мың 650 және 196 мың 650 теңгеге бағаланған VIP нөмірлер саудаға шығарылды. Өткен жылы саны мен әріптер тізілімі бірдей 856 мемлекеттік тіркеу белгісі бар нөмір рәсімделді, – деп хабарлады өңірлік филиалдың баспасөз қызметі.
Биыл айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жоғары сұранысқа ие VIP нөмірлер құны 196 мың 650-ден басталып, 983 мың 250 теңге аралығында құбылады. Мемлекеттік нөмірлер құны сандық және әріптер сәйкестігіне байланысты өзгереді. Ал қарапайым мемлекеттік нөмірлік тіркеу таңбалары 9 мың 660 теңгені құрайды.
– Көлікке тағылатын мемлекеттік нөмір иесі оны өзге адамға сыйлауына, сатылымға шығаруына болмайды. Бұрынғы көлігін сатқан болса, жаңа көлік алғанша – 6 айға дейін мемлекеттік нөмір белгісін халыққа қызмет көрсету орталығында сақтауына болады, – деп мәлім етті баспасөз қызметі.
Атырау облысы