Кино • 16 Қаңтар, 2023

Қалыңдығын іздеген грузин хикаясы немесе актер Фархад Әбдірайымовтың соңғы рөлі

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған індет кезінде Қазақстан мен Грузия кинематографистері бірігіп, «Махаббаттан да маңызды» («Больше чем любовь») атты романтикалық комедия түсіруді бастаған болатын. Амандық болса, алдағы наурыз айында аталған фильмнің тұсауы кесіліп, еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бас­тайды.

Қалыңдығын іздеген грузин хикаясы немесе актер Фархад Әбдірайымовтың соңғы рөлі

Қазақ жерінен болашақ қалыңдығын іздеген грузиннің естен кетпестей шым-­шытырық оқиғалары екі ұлттың мәде­ниеті мен тарихын тоғыстырып, рухани туыстықтың ортақ тұстарын кино тілімен безбендейді.

пра

Екі елдің кинематографтары біріге баяндаған телехикая Екінші дүние­жүзілік соғы­стың ұрыс даласынан бас­тау алады. Оқиға мазмұны мынадай. Екі барлаушы – Вано атты грузин мен қазақ Бақытжан әскери тапсырмадан қайтып келе жатып тұтқиылдан келген әуе шабуылына тап болады. Бақытжан өз өмірін құрбандыққа шалып, Вано досын құтқарып қалады. Вано жаны үзіліп бара жатқан досының басында тұрып, балаларымызды атастырып, қалайда туыс боламыз деп ант-су ішеді. Бірақ соғыстан кейінгі аласапыран өмір Ваноға уәдесін орындатпайды. Алайда «Айтылған сөз – атылған оқ», енді атасының анты немерелеріне аманат. Осы аманатты орындау үшін Ваноның немересі Буба Тбилисиден Алматыға жол тартады. Уәдеге берік әулеттің баласы Буба Бақытжанның қыз немересін тауып, оған үйленуге тиіс. Білмейтін қалыңдығын іздеп жүрген жігітпен бірге Қазақстанға оның әпкесі Нино ұшып келеді. Бірақ Бубаның алаңғасарлығынан жастар Бақытжанның үрім-бұтағы тұратын мекенжай жазылған қағазды жоғалтып алып, бар­лық шытырман осы жерден басталады.

«Грузиндер ештеңені жадынан шы­ғармайды. Біз қазақтармен бірге Екінші дүние­жүзілік соғыста шайқасқанымызды ға­на емес, Дәуіт патшаның кезінде Ар­тық хан бастаған қыпшақтармен бірге ежелгі Түркістанды селжүктерден қорға­ғанымызды да ұмытқан емеспіз», дейді режиссер Георгий Кикалеишвили.

Қазақстан тарапынан режиссер ретінде тартылған Жеңіс Тұматаев: «Мен үшін бұл фильм – тек екі жас­тың сезімдері туралы ғана емес, екі ел мәдениетінің түйісетін тұстары, айырмашылықтары, құндылықтары мен дәстүрі араласқан тамаша телехикая», дейді.

Пандемия да кедергі бола алмаған картинаның әскери көріністері мен грузиндік бөлігі Тбилиси маңында тү­сірілді. Осыдан кейін түсірілім тобы Ал­матыға аттанып, қала тарихындағы орны ерекше «Алматы» қонақүйі, «Ме­деу» мұз айдыны, цирк пен бас­қа да көрікті жерлерде жұмысын жалғас­тырды.

«Фильмді түсіру оңайға соқпады. Панде­мия кезінде Грузияда да комен­дант­тық сағат жарияланып, тікелей әуе рейстері болмады. 3 күн сайын түсірілім тобының әрбір мүшесі ПТР-тестін тапсырып отырды, түсірілімге рұқсат алуда да қиындық туындады. Қазақ­станда да сондай шектеулер бар еді. Бі­­рақ біз осы қиындықтардың бәрін ең­се­р­дік!», – дейді продюсер Қайрат Мақажанов,

Фильмге Фархат Әбдірайымов (Фа­ра), Шәріп Серік, Төлепберген Байсақалов, Азат Сейітметов, Данагүл Темір­сұлтанова, Қарлығаш Исабекова, Тәуекел Мүслім сынды қазақ актерларымен қатар, Натия Цицилашвили, Илья Чхаидзе, Зураб Кипшидзе секілді танымал грузин әртістері түскен. Картинада ке­шегі кеңес киносының тарланы Вах­танг Кикабидзенің де қолтаңбасы бар.

Комедия жанрының жампозы, актер Төлепберген Байсақаловқа сценарий бойынша тбилисилік және алматылық таксишінің рөлін қатар алып шығу бұйырған.

«Такси жүргізетін Толиктің рөліне ену оңай болды, себебі кейіпкерім екі ұлттың ұқсастығын дәл бейнелейді. Бір қарағанда, әртүрлі көрінсек те, бізге ортақ дүние көп», дейді Төлепберген Байсақалов.

Жаңа фильмде актер Шәріп Серік те өзін басқа қырынан танытты. Шаконы «аудандағы жігіт» ретінде көруге үйрен­ген қазақстандық көрермен енді оның романтикалық кейіпкер ретіндегі қырын көреді.

«Менің кейіпкерім Аза­мат – класси­калық бейнеге жататын «анам­ның құр­бысының ұлы» дейтіндей өте тәр­тіп­ті жігіт. Ол домбыра шертеді, же­тім­дер үйінде музыкалық оркестр же­тек­шісі. Тағдыр оған қандай сый тарту ете­тіндігінен бейхабар жігіт жақсы қыз­ды табуды армандайды. Сюжет желісі бір қадам да кейін шегінуге болмайтын ше­берлікпен өріледі», дейді Шәріп Серік.

Кинотуындының бас продюсері Гаджи Гаджиев жаңа картинаны былай сипаттайды: «Сценарийді оқып шыққаннан кейін жігіттерге осы жобаны іске асыруға көмектесу керек екенін түсіндім. Фильмді тамашалап шыққаннан кейін көрермен де осы сезімге бөленеді. Кейіпкерлердің хикая­сы ертегідей дерсіз, түрлі жағдай­дың тоқайласуы адам сенгісіз, бірақ шешімін табуға тиіс мәселелер әрбір адамның жанына жақын әрі түсінікті. Меніңше, адамдар жанына шуақ сыйлайтын осындай фильмдерді көруді қалайды».

Бірақ, біздің өкінішімізге қарай, «Махаббаттан да маңызды» картинасы танымал қазақстандық актер Фархат Әбдірайымовтың соңғы туындысы. Көрерменнің сүйікті актері Тбилисидегі түсірілім кезінде кенеттен көз жұмғаны көрермен есінде болар?!

 

АЛМАТЫ