Кеше Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” барысында еліміздегі суармалы егін шаруашылығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалануды жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараға Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев жетекшілік етті.
Шара барысында вице-спикер талқыланып отырған тақырып агроөнеркәсіп саласын дамытудың басым бағыттарын айқындаған Мемлекет басшысының Жолдауы тұрғысында өте маңызды болып отырғанын айтты. Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жолдарына тоқталып өткен М.Көпеев, саладағы қатынастарды реттеуші заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Оразаев талқылауға қатысушыларды суармалы егін шаруашылығындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар барысы туралы хабардар етті. М.Оразаев суармалы жерлер көлемінің азаюына себептердің қатарында суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламаларының жеткіліксіз қаржыландырылуын (соңғы 6 жылда осы мақсаттағы іс-шараларға қажет қаржы ресурстары тек 18 пайызға ғана қанағаттандырылып келді), тауар өндірушілер мен су пайдаланушылардың, шаруашылықтардың қаржылық және материалдық-техникалық мардымсыз қамтылуын атады.
“Дөңгелек үстел” барысында баяндама жасаған салалық комитет хатшысы Қуаныш Айтаханов қатысушылар назарын суармалы жерлерді тиімді пайдалану жолындағы шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аспектілеріне аударды. Комитет төрағасы, сондай-ақ кейбір проблемалы жәйттер туралы сыни көзқарастарын білдіріп, оларды шешу жолдары хақындағы ойларымен бөлісті.
Талқылаулардың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.