12 Маусым, 2014

Мұнай-газ саласын дамыту жайы қаралды

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
11-06-03 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі аясында «Эни» ком­паниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесуде компанияның Қа­ра­­шығанақ және Солтүстік Кас­пий жобаларын жүзеге асыруға қатысуы жөніндегі негізгі жайттар, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-пен өзара іс-қимылы туралы әңгіме қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаев К.Дес­каль­циді жаңа лауазымға тағайын­далуымен құттықтады және қыз­метіне табыс тіледі. – Біздің кездесуіміз Италия Пре­мьер-министрі Маттео Ренцидің жұмыс сапары қарсаңында өтіп отыр. Біздің елдеріміздің ара­­сындағы қарым-қатынас ылғи да жоғары деңгейде болды. «Эни» ком­­паниясы Қазақстанда 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді, біздің ын­тымақтастығымыздың ең басты тармағы Солтүстік Каспий жобасы болып саналады. Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті әрі қарай шеше алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жобаны жүзеге асыру барысына қа­тысты алаңдаушылығын біл­дірді. Сонымен қатар, елдегі мұнай-газ саласын одан әрі дамыту және энергия ресурстарын тасымалдау желісін кеңейтуге жағдай жасау мәселелері талқыланды. «Эни» – мұнай мен газды барлау, өндіру, тасымалдау, өң­деу және жеткізу бағыттары бой­ынша жұмыс істейтін интегра­ция­ланған энергетикалық компания. Өз жұмысын компания 79 елде жүргізеді, оған жалпы са­ны 80 мыңға жуық қызметкер жұ­мылдырылып отыр. Қазақстанда «Эни» компаниясы 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді.