Қоғам • 16 Қаңтар, 2023

Демографиялық саясат: Бағдар мен болжам

2784 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұтымды жасалған демографиялық саясат – мемлекет өркендеуінің кепілі. Алайда көптеген елде бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуі дамуға үлкен нұқсан келтіріп жатады. Қазақстанның демографиялық саясаты қандай? Көбейіп, көркеюге қажетті бағыт-бағдар мемлекеттік мүдде тұрғысынан көзделген бе?

Демографиялық саясат:  Бағдар мен болжам

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Нақтылайтын құжат қажет

Құжат жүзінде қарастыратын болсақ, осы күнге дейін Үкімет 2011 жылы қа­был­данған Демографиялық саясат тұ­жы­­рымдамасымен жұмыс істеп келді. Ал қазір бұл құжаттың мер­зі­мі аяқталып, заңды күшін жойған. Ға­лым­дар жаңа бағдарламалық құжат әлі жасалмағанын айтады.

– Қазақстанда демографиялық сая­сат­ты реттейтін нормативтік-құқық­тық акті жоқ. Соның салдарынан көп­теген әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле туын­дап отыр. Жалпы, бізде эконо­ми­калық даму векторы халықтың этно­де­мографиялық үрдісін, әлеуметтік-мәде­ни мұқтаждықтарын ескермейді. Осыдан туындаған сәйкессіздік денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-эконо­ми­­­калық, ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі ке­лең­сіздік тудырды. Елі­мізде демо­гра­фиялық саясатқа және да­му­ға баға беретін бірде-бір мемлекеттік орган да жоқ, – дейді «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірова.

Айта кетейік, «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығы әлеуметтік-демо­гра­фия­­лық және әлеуметтік-тарихи зерттеу­лер жүргізеді.

Ғалымның сөзіне сүйенсек, егер ел да­муының алғашқы жылдарында Қазақ­стан­ның демографиялық саясатының стратегиялық мақсаты қазақ ұлты үлесінің сандық басымдығына қол жеткізу болса, қазіргі уақытта бұдан өзге жаңа міндеттер бірінші орынға шығып отыр.

– Демографиялық саясатты сапалы мақ­саттарға – адами әлеуетті әлеуметтік капи­талға айналдыру үдерістеріне қайта бағдарлаудың уақыты келді. Осы кезде, яғни қазір халық санының қарқынды өсуінің «демографиялық дивидендтерін» ұтымды пайдалану қажет. Ұлттық және өңір­лік даму бағдарламаларын іске асыру «халықтан – экономикаға» қағида­ты­ның негізінде алынған жағдайда ғана тиімді болады. Бүгінгі және ертеңгі күн­нің демографиялық шынайылығына бе­рік сүйенбей, экономикалық даму мақсаттарын құру қиын. Соңғы он­жыл­­дықта қалыптасып келе жатқан Қазақ­стан­ның демографиялық жүйесі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Қазірдің өзінде елімізде қарама-қарсы бағытталған екі демографиялық сценарий іске асырылып жатыр – солтүс­тік-шығыс және оңтүстік-батыс, олардың әрқай­сысы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тәуекелдер мен қатер­лер кешенін айқындайды. Бұл сце­на­рийлер аймақтық сипатта болға­ны­­мен, белгілі бір дәрежеде бүкіл елге әсер етеді. Сондай-ақ осының барлы­ғы демографиялық қауіпсіздікті ғана емес, жалпы Қазақстанның ұлттық қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді Жанна Әубәкірова.

Ғалымның айтуынша, ел өңірле­рін­де­гі халықтың саны мен әл-ауқаты ел демографиясының дамуына әсер етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес қазір елдегі халық саны 19 741 283 адамға жеткен. Оның 12 188 601-і – қала, 7 552 682-сі ауыл халқы. Әйелдер саны – 10 106 665, ерлер саны – 9 634 618.

– Елдегі халықтың өсу қарқынын 1%-дан 16%-ға дейінгі көрсеткішпен есептеп айтатын болсақ, Павлодар (1,3%), Қарағанды (2,7%), Ақтөбе (16,5%), Жамбыл (10,7%), Түркістан (9,1%), Батыс Қазақстан (9,8%) және Алматы (14,1%) облыстарын салыстырмалы қауіпсіздік аймағына жатқызуға болады. Ал халық санының жыл сайын тө­мен­деуін ескерсек, Павлодар және Қа­ра­ғанды облыста­ры қызыл аймаққа кіруі мүмкін. Тәуекелдердің сары айма­ғы­на халықтың өсу қарқыны орташа республикалық деңгейден аспайтын Қызылорда және Атырау облыстарын жатқызуға болады. Сондай-ақ қызыл, яғни қауіп-қатер аймағында халықтың өсу қарқыны жоғары өңірлер мен қалалар бар: Астана (87,7%), Шымкент (68,8%) қалалары көш бастап тұр, одан кейін Маңғыстау облысы (44,8%) және Алматы қаласы (40,7%). Халықтың өте жоғары өсу қарқыны, әсіресе халық тығыз қоныстанған аумақтар мен мегаполистерде, қысқа мерзімде шешілуі қажет көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселе туындап отыр. Бұған қоса осы қызыл аймақта халықтың өсу қарқыны теріс көрсеткіштерді көр­се­те­тін аймақтарға солтүстік және шығыс аумақтар жатады. Ақмола облысында ха­лықтың кему қарқыны 0,30%-ды, Қостанай және Шығыс Қазақстан об­лыс­тарында 2,0%-ды құрайды. Халық саны қысқаруының неғұрлым жо­ға­ры қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында байқалады (-8,2%), – деген статистика келтірді демограф.

Тәуелсіздік алған жылы елде 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылы 10 миллион 979 мың 511 адамға жеткен. 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 миллион 107 мың этностық қазақ тарихи отанына оралды. Өткен жылы 19 178 адам қандас мәртебесін алды

Осы орайда Жанна Әубәкірова өңір­лік дамуды жоспарлау кезінде еске­рілуі қажет бірқатар ұсыныс айтты. Оның айтуынша, Өңірлік дамуды жос­парлау әдістемесінің «Ағымдағы ахуал­ды талдау» бөліміне аумақтық даму бағ­дар­ла­малары мен жоспарларына облыс халқының жалпы саны мен қалалық және ауылдық жерлерде орналастырылуы, сондай-ақ халық тығыздығынан басқа негізгі параметрлерін енгізу, жы­ныс­тық-жас құрылымының жай-күйі (қар­таю/жасару үрдісі), табиғи өсім, ішкі және сыртқы көші-қон сальдо­сы туралы ағымдағы деректерді қосу қа­жет. Сонымен қатар өңірді дамы­ту­дың бағыттарын, мақсаттары мен мін­деттерін өзекті демографиялық ахуал­­ды талдау үдерісінде анықталған әлеу­­меттік сұрау салулармен байланыс­тыру, іс-шараларды жоспарлау кезінде олардың іске асырылуы облыстың негізгі демографиялық параметрлеріне қандай әсер ететінін бағалау міндетті. Мәселен, пери­наталдық орталықтың құрылысы өңірге тән туу көрсеткіштерін негізге ала отырып, ерек­ше медициналық қыз­мет­терге қа­жет­тілікті қаншалықты қанағат­тан­ды­рады, балалар ауруханасын немесе мектебін пайдалануға беру қолда бар әлеуметтік тапшылықты қаншалықты жабады, нысандардың құрылысы және жұмыс орындарының белгілі бір санын құру еңбек нарығындағы тапшылықты қаншалықты жабады, т. б.

 

Халық санының өсуіне себеп

Негізі сарапшылар елдегі халық саны табиғи өсiм мен шетте жүрген қандас­та­рымызды елге қайтару арқылы артатынын айтады. Табиғи өсім болу үшін аналарға қажетті көмек, медициналық және әлеуметтік жәрдемақы көлемі артуы қажет. Жалпы, ғалым айтқандай Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық актінің жаңасы жасалмаса да, елдегі табиғи өсім соңғы 5-6 жылда артып келеді. Қазірде бір әйелге 3 баладан келіп отыр. Үкімет те осы жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлейтін болды. Ал осыған дейін жәрдемақы тек 1 жасқа дейін берілетін. Сондай-ақ бұл жәрдемақының мөлшері де артты: бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (30 705 теңге). 2023 жылдан бастап бала күтіміне бай­ланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды Үкіметке Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырған бола­тын. Президенттің айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз бала­ларының қасында ұзағырақ болуға мүм­кіндік береді.

Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көр­сет­кіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Осы қарқынмен жүрсек, 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады деген болжам бар.

Бала туу көрсеткіші артып отыр десек те, бүгінде ажырасу төмендемей тұр. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың айтуынша, қазір әрбір үшінші отбасы ажырасу дең­гейіне жақындап қалған.

– Бұған қоса некеге тұру саны аза­йып келеді. Негізі біз еңбексүйгіштік, үл­кенге құрмет секілді құндылықтары бар отбасында тәрбиеленіп келдік. Ал қазір бұл құндылықтар өкінішке қарай, соңғы кезде құнсызданып барады, – дейді Ә.Қайдарова.

Осы жерде «Отбасы институтын дамыту қажет», дейді ғалымдар. Мәселен, «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасының зерттеу нәтижесіне сүйен­сек, елімізде әкелер балаларына аз көңіл бөледі. Ер азаматтардың тек 17 пайызы ғана бос уақытын бала-шаға­сына арнайды. Бұл міндет көбіне әйелдердің мойнында. Отбасы туралы ұлттық баян­­­даманы Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігіне қарасты Қазақ­станның қоғамдық даму институты жариялаған еді.

– Баяндамада отбасы институтының негізгі проблемалары мен трендтері анық­талып, еліміздегі отбасы саясатын жетілдіруге арналған практикалық ұсы­ныстар әзірленді. Зерттеуге сүйен­сек, бүгінгі қоғамда әкелердің отбасын­дағы рөлі негізінен қаржылық және мате­риал­дық игіліктерге байланысты екен. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен пейілі одан да маңыздырақ. Ұлттық баяндамада осындай түрлі зерттеулер кеңінен қамтылған, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

 

Қандастарға көмек

Халық саны өсуінің екiншi көрсеткіші – шетте жүрген қандастарымызды ата жұртқа оралту. Мәселен, тәуелсіздік алған жылы елде 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылы 10 миллион 979 мың 511 адамға жеткен. 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 мил­­­­лион 107 мың этностық қазақ тарихи ота­нына оралды. Өткен жылы 19 178 адам қандас мәртебесін алды.

Үкімет қандастарды Отанға оралту бойынша бөлінетін квота мөлшерін де арттырып, келушілерге барынша жағдай жасап жатыр. Мәселен, Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің ақпараты бойынша биыл елге қоныс аударушылар мен қандастарға 8600-ден астам квота бө­лін­ген. Бұл квота саны өткен жылмен салыстырғанда 566-ға көп. Квота қан­дас­тар үшін Сол­түс­тік Қазақстан облысы бойынша – 138 адам, Қостанай облысы бойынша – 150, Абай облысы бойынша – 196, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 239, Ақмола облысы бойынша – 270, Павлодар облысы бо­йынша 932 адамға беріледі. Сондай-ақ қоныс аударушылар үшін: Қарағанды облысы бойынша – 33 адам, Ұлытау облысы бойынша – 120, Абай облысы бойынша – 238, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 305, Қостанай облысы бойынша – 530, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 2 660, Павлодар облысы бойынша 2 841 адам. Бұған қоса қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау үшін қосымша субсидия (көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем, бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы ретінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) бері­ле­ді.

P.S: Біз жоғарыда демографиялық сая­сатта қарастырылып, іс жүзінде кәдеге жараған бірқатар саланы саралап, Демографиялық саясат тұжырымдамасы қайта әзірленген жағдайда оның назар аударатын тұстарына тоқталдық. Осының барлығы жаңа құжатта көрініс тауып, бір-бірінен қалыс қалмай, біркелкі дамыса, демографиялық әлеуетіміздің айтарлықтай артары сөзсіз.