Аймақтар • 16 Қаңтар, 2023

Алға ұмтылғанның астығы бітік

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр ақмолалық диқандар 5 млн тоннадан астам тәп-тәуір өнім жинады. Көктен иіп, жерден берді. Өз адал еңбектері себеп. Даланың дәні диқанның маңдай терімен өседі. Олар биыл да көктемгі егіс науқанына ертерек қамданды. Қазір қар тоқтатылып, қолда бар техника жөндеуден өткізіліп жатыр.

Алға ұмтылғанның астығы бітік

Бір айта кетерлігі, биыл егістік танап­тардың ауқымы бұрынғыдан бірша­ма кеңей­­тілмек. Ауыл шаруашылығы құры­лым­­­дарының басшылары аудан әкімдік­тері­мен бірлесе отырып, болжамды жоба жасауда. Бұл жайға соңғы уақытта бұрынғы кәдеге аспай жатқан жерлерді қайтарып алып, ел игілігіне жарату себепші болып отыр.

Егін орағы сәтті аяқталған соң диқан қа­уым к­е­лер жылдың қамын ойлап, қажетті тұ­қ­ым­­ды қам­б­аларына құйып алған. Қазір 532 мың тон­на тұқым қоры бар. Сапасы да жақсы.

– Ауыл шаруашылығы құрылымдары техника жөндеу үстінде. Егіс жұмыстарына қатысатын 14 мың трактор, күзгі ораққа қажетті 8,5 мың комбайн дайындалуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – Жыл өткен сайын материалдық-техникалық база да нығайып келеді. Өткен жылы ғана 1 900 бірлік техника жаңартылды. Бұл арада мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айта кету керек. Техника сатып алуға 69 млрд теңге қаражат бөлінді. Диқандар мемлекеттік бағдарламалардың және субсидиялардың игілігін көріп отыр. Былтырғы көктемде облыс диқандарына 72 мың тонна, ал күзде 83 мың тонна жанар-жағар май арзандатылған бағамен бөлінді. 

Қазір өңірдің диқандары мол егіннің кепілі санатындағы қар тоқтату жұмысына кіріскен. 734 мың гектар алқапты игеру көзделсе, әзірге бір ізбен 120 мың гектарға жуық алқаптың қары тоқтатылыпты. Бұл жұмысқа 155 қуатты техника қатысты­рылды. Қазір парға қалдырылған алқап­тардағы қардың қалыңдығы 10 сантиметр­ден асады. Ал егістік егілген алқаптардың қары қалыңдау, 15-16 сантиметр шамасында.  Дала еңбеккерлері үшін жауапкершілігі мол шаруада Зеренді, Ақкөл, Шортанды аудандарының жұмысы өнімді.

Көкше даласындағы диқандардың қызу еңбегі қыста да бір толастайтын емес. Соның барлығы ел игілігіне бағытталған екпінді шаруа.

 

Ақмола облысы